Саяси реформатор. Дағдарыс менеджері

0 33

Алдағы маусым айында тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы екінші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билік тізгінін ресми түрде ұстағанына екі жыл толады. Осы кезеңде тәуелсіз Қазақстан әртүрлі сынақтар мен қауіп-қатерлерден сүрінбей өтіп, өркениеттің көшіне ілесті. «Astana aqshamy» газеті Мемлекет басшысының екі жыл ішінде әртүрлі салаларда жүргізген реформаларына, қоғамда жасаған өзгерістеріне шолу жасады.Дағдарыс менеджері

Президент екі жылдың ішінде еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік өміріне қатысты көптеген оң шешімдер қабылдады. Мәселен, шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерін үш жылға дейін табыс салығын төлеуден босатты. Қазақстандағы 1,2 млн ШОБ субъектілері 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін салық төлемейді. Алдын ала жасалған есеп бойынша үш жылда кәсіпкерлер 380 млрд теңгеден аса қаражатты үнемдейді екен. Сондай-ақ ШОБ субъектілерін тексеруге мораторий жарияланды. Үкімет 700 мыңнан аса бизнес субъектілеріне салық ауыртпалығын азайтып, нәтижесінде дағдарыста 1 трлн теңге үнемделді.
Қ.Тоқаевтың іскерлігі мен мемлекетшілдігі сынға түскен жылдары індетпен күрес арқылы есте қалды. Президенттің пәрменімен құрылған Төтенше жағдай жөніндегі комиссия 500-ге жуық мемлекеттік маңызы бар шешім қабылдады. Жалпы алғанда, Қазақстан індетпен күресуге және дағдарысқа қарсы іс-шараларға шамамен 6 трлн теңге (13 млрд АҚШ долларын) жұмсады. Бұл еліміздің ЖІӨ-нің 8 пайызына тең.

Әлеуметті әлеуетті қолдау

Билік тізгінін қолына ұстаған күннен бастап Президент әлеуметтік саясатқа ерекше назар аударды. 2020 жылы 1 қаңтардан бастап 400 мыңнан аса отбасы табысына қарамастан әлеуметтік жәрдемақы ала бастады. Мемлекет әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларға толық көмек көрсететін әлеуметтік топтаманы жүзеге асырды. Індет кезінде жұмысынан айырылған, ахуалы төмендеген 4,5 млн-нан астам қазақстандықтарға 42500 теңге жәрдемақша төленді. Президенттің тапсырмасымен жалпы берешегі 3 миллион теңгеден аспайтын 1,2 млн адамның (көпбалалы, асыраушысынан айырылған және мүгедек бала асырайтын отбасылар, жетім балалар және т.б.) несиесі кешірілді.
Колледждер мен жоғары оқу орындарындағы 230 мың студенттің шәкіртақысы 25 пайызға өсті. Мұғалімдер мен дәрігерлердің, мәдениет және әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы 25-30 пайызға өсті. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) 1,3 трлн теңгені халықтың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделуге жұмсайтын шешім шығарды. Президент тапсырмасы орындалды: 761 мыңнан астам салымшы өз жинақтарының жеткіліктілік шегінен асатын бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік алды. БЖЗҚ салымшыларының арнайы шоттарына 1,2 трлн теңгеден аса қаражат аударды. Соның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсартуға шамамен 1,187 трлн теңге, емделуге 4,6 млрд теңге жұмсалған.

Дипломат әрі дәнекер

Қызметіне кіріскен күннен бастап ­Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі саяси жүйені либералдандыру бағытын жариялады. Билік пен бұқараның диалогын орнату үшін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынып, сәтімен іске асырды. Оның айқын мысалы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрып, өзі басшылық етті. Ұлттық диалогтың жаңа моделі өміршеңдігін дәлелдеді. Парламентке партияларды тіркеу шегі 5 пайызға төмендетілді. Сайлау бюллетенінде «бәріне қарсымын» деген бөлім жазылды. Парламенттік оппозиция пайда болып, саяси плюрализм салтанат құрды. Сайлауда партиялық тізімде 30 пайыздық квота жүзеге асырылды. Бұдан бөлек, қылмыстық заңнамаға көптеген өзгерістер енгізілді. Қасым-Жомарт ­Тоқаев соңғы жылдары халықты алаңдатқан жерді шетелдіктерге сату, жалға беру деген мәселеге нүкте қойды. Жер сату мен жалға беру мәселесі біздің қоғамда соңғы кездері қызу талқыланды. Президент «Жер шетелдіктерге сатылмайды» деп мәлімдеп қана қойған жоқ, «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Заң бойынша ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға жекеменшікке және жалға беруге тыйым салынады. Мемлекет басшысы 2020 жылдың қыркүйегінде саяси реформалардың екінші топтамасын жария етті. Бұл топтамада ауыл әкімдерін сайлау, адам құқықтарын қорғауға қатысты бірнеше баптар бар. Биыл елімізде ауыл әкімдерінің сайлауы өтеді. Жуырда Мәжілісте «ҚР-дағы сайлау туралы» жаңа заң жобасы таныстырылды. Осы заң қабылданған соң, еліміздегі 836 әкім тікелей дауыс беру тәсілімен сайланады. 2024 жылы аудан әкімдерінің сайлауы өтеді.

Халықшыл басшы

Әлеуметтік саясатты әділ жүргізген Президент өзінің халықшылдығымен, ашықтығымен ерекшеленеді. Бұл сөзімізге Қ.Тоқаевтың лауазымды тұлғаларды қызметінен босатуы, еліміздегі әртүрлі оқиғаларға дер кезінде әлеуметтік желі (мысалы, twitter-дегі парақшасына 161 мың адам жазылған) арқылы үн қосып отыруы дәлел. Індет берекемізді кетірген соңғы екі жылда Қазақстан өзінің жаһандық саяси алаңдардағы ұлттық мүддесін табандылықпен қорғауда. Мәселен, Еуразиялық экономикалық одақ, ШЫҰ және т.б. халықаралық ұйымдардағы нық ұстанымымыз осыған дәлел. Президент экология мәселелеріне де ерекше назар аударып отыр. Экологиялық кодекс қабылданып, Қызыл кітапқа кірген ағаштарды кескендерге жаза қатайтылды. Ал өнеркәсіп алыптары ауаны ластағаны үшін көп мөлшерде айыппұл төлейді.
Президенттің бастамасымен тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылғаны мәлім.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × two =