Саясат НҰРБЕК, «Нұр Отан» партиясы Қоғамдық саясат институтының директоры:САРАПШЫ ТУАСЫ БӨЛЕК ТУРА БИ СЫНДЫ БОЛУЫ КЕРЕК

0 274

Сарапшының сөзі – халықтың үні

– «Нұр Отан» партиясының жанынан қайта құрылған Қоғамдық саясат институтына Халықаралық бағдарламалар орталығының басшылығынан директор болып келдіңіз. Білім саласынан сарапшылық бағытты мекемеге қандай өзгеріс, нендей жаңалық қоспақсыз?

– … Мен магистр дәрежесін Италияның Рим қаласындағы  La Sapienza университетінде қорғадым. Сол елдің саяси өміріне бірталай араласқан соң, олардың тұрмысындағы мақал-мәтел, нақылдарды біраз үйренген жайым бар. Италия тілінде «La ultima pietra» деген мәтел бар. Қазақша «соңғы тас» дейді. Яғни барлық тасты тасып-тасып келіп, ең соңында қалған жалғыз тасты қолға алуға шаршап, беттей алмай қаласың. Біздегі «соңғы түйенің жүгі ауыр» деген мәтелмен мағыналас.

Мен Қоғамдық саясат институтына басшылыққа тағайындалғанға дейін бірнеше жыл мемлекеттік қызметте, мемлекеттік қызмет жанындағы лауазымдарда жүрдім. Әсіресе, соңғы 5-6 жылда жаңа құрылған немесе жаңғыртуға тиісті орындарға жібереді. Істі реттеп, түзетіп, жөндеп, бір жүйеге келтіріп, енді нақты жобаларды қолға ала бастағанда сені жұлып алып, тағы бір орынға жібереді. Не керек, бастаған ісіңнің нәтижесін өз көзіңмен көріп, қолмен ұстап, қуану ол да жақсы екен.

Дегенмен, талап пен міндет қатар келсе, бас тартуға болмайды. Азамат болған соң, маман болған соң, қажетіміз бар шығар деп ойлап, тағы бір жаңа жұмысты қолға аласың. «Нартәуекел – ер ісі», «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық саясат инстиутына басшылыққа келуім кездейсоқ деп санамаймын. Себебі, саясат маған жат емес. Америкада, Италияда оқып жүріп, сол елдердің ішкі саяси өміріне араластым. Солайша, осы институтқа келуім Америкада Саясаттану колледжінде оқып, АҚШ-тың жоғары саяси өміріне, Еуропарламенттің саяси тірлігіне араласқан кезімде басталған екен…

Бұл мекеме 2007 жылы Парламентаризм институты болып құрылған. Содан бергі аралықта біраз жұмыс атқарылды. Мемлекеттің дамуы мен қоғамдағы өзгеріске орай,  әсіресе, соңғы кезеңде партияның ішкі құрылымы өзгеріп, елдің саяси-әлеуметтік дамуында орны нығайды.

Соған орай, біз де жұмыс бағытымызды басқа арнаға бұрдық. Демек, институт монография жазатын академиялық орталық емес, нақты қоғамдық-саяси мәселелермен айналысатын, қолданбалы талдау-сараптамалық іс-шаралар жүргізетін мекеме болуы тиіс.

Яғни, бүгінгі таңда халықтың көкейінде тұнған, қоғамның алдында тұрған өзекті проблемалар қандай? Ауыл-елде қордаланып қалған нендей мәселелер бар? Жоғары және жергілікті билік пен партия басшылығы нендей мәселелерге жете көңіл бөлмей отыр, олардың назарын қандай мәселелерге аударған дұрыс? Міне, біз осы мәселелерді талдап-түзу үшін сарапшылардың, әртүрлі саланың білікті мамандарының сараптамаларына көңіл бөлеміз. Қоғамдық саясат институтының өз сарапшылары мен қоғамдық сарапшыларға халықтың әлеуметтік жағдайы туралы, қалың бұқараның мұқтажы мен басты-басты қоғамдық саяси мәселелер талданған сараптамаларды қорыттырып, партия басшылығының назарына ұсынамыз. Сонымен қатар, «Нұр Отанның» Парламентте бір қауым ел, яғни партияның атынан сайланған 83 депутатымыз, депутаттық фракциямыз бар. Солар арқылы мемлекеттік органдар мен билік органдарына халықтың үнін жеткізетін болады. Демек, біз Қоғамдық саясат институтын қоғам мен билікті ұштастыратын арқауға айналдыруымыз қажет.

– Институтта осы шараларды ойдағыдай іске асыра алатын, биліктің назарын жұртшылыққа шынайы аударатындай, пікірімен санасатындай, көпшілікті бұлтартпас уәжімен баурайтындай сарапшылардың әлеуеті кемел ме?

– Шүкір, оған жететін шамамыз бар. Бүгінде қоғамдық құбылысқа өз деңгейінде баға бере алатын, көпке танымал болып қалған сарапшылар қалыптасты. Және өз саласының білікті, кәсіби мамандары баршылық.

Бірақ, сарапшының да сарапшысы бар. Бізге әлеуметтік саланы жете тани білетін, қоғамдық ахуалды егжей-тегжейлі екшеп, жіліктеп, өзі зерттеп отырған мәселенің оң-солы мен теріс-бұрысын ажырата алатын, мық шегедей қадап сөз айта алатын сарапшы қажет. Яғни, бүгінгінің сарапшысы қоғамның ағын – ақ, қарасын қара деп айтып, түйінін шешіп бере білетін, аузы дуалы, сонымен қатар, өзгенің сөзінің қадіріне жете алатын ТУАСЫ БӨЛЕК тура би болғаны абзал. Себебі, хас сарапшының сөзі – халықтың үні. Сарапшының міндеті зерттеу, талдау болғандықтан, олар ақиқат ақпар айтуға ықыласты.

Сарапшы қоғамдық жауапкершілікті сезіну тиіс

– Халықты да, билікті де сөзіне тоқтату үшін сарапшылардың бәрі бірдей ақпарат пен ақиқаттың ара-жігін ажыратып береріне толық сене аламыз ба?..

– Партияның үлкен мақсатының бірі – жалпы ұлттық идеология. Яғни, халықтың қоғамдық сана-сезіміне ықпал ете алатындай, саяси сауаттылықты нығайту. Бұл, әсіресе, жастарға қатысты.

Дегенмен, көптің аты – көп, адамдар әртүрлі. Өресі жоғарысы да, өресі төмені де кездеседі. Өренің шыңы – сана. Сондықтан, санамен жұмыс істеу керек. Себебі, көптің арасында белгілі бір мәселе турасында дербес пікірі, ұстанымы жоқ. Кез келген қоғамдық құбылыс болсын, кез келген оқиға болсын, байыбына бармай, бәріне бірдей қонымды-қонымсыз сөз айта салуға дайынбыз. Астарына үңіліп, ақылмен ой жіберуге олақтаумыз. Көп жазықтының ішінде бір азамат жазатайым жаза басса, «ой, олардың бәрі сол, дені сау ешбірін көрмедім» деп жап-жалпақ қара күйе жаға салады. Жазды күні Америкада тайып кеткен екі жігіттің кесірінен «Болашақ» бағдарламасының бүкіл балаларының басы аманы қалмады…

Оның себебі неден? Себебі, бүгінде ақпарат көп, ақпараттың артында дақпырт көп. Ғаламтор – сан-сапалақ ақпарлардың шырмауығы. Бір мәселе туралы бірнеше ақпар өріп жүр. Соның бәрін бірдей оқып тауысу мүмкін емес. Көзге бірінші түскен ақпаратты оқып, сол бойынша ой қорытады. Немесе қай сарапшының жазғаны өткірлеу болса, соныкі өтімді секілді көрінеді. Абай айтқандай, «анау айтса, анау – сақ, мынау айтса, мынау – сақ».  Көзқарасым қалыптасты деген кісінің өзі шаршайды. Саясаттан алыс, нешеме құйтырқы ақпарлар шатастырған қарапайым жанға кінә қайсы?.. Азаматтық қағидасы орнықпаған жастың қоғамдық санасы бір рет теріске түсті ме, оны қайтару қиын.

Сарапшының қызметі осындайда керек. Ал, егер сарапшыларымыз «ой, анау айтты ма, мен тұрғанда оған неге сенесің? Оның білгені менің жанымда қайда!» деп күпсінетін болса, онда, ол қанша жерден білікті, білгір болса да, сөзінің нарқы, пікірінің парқы жоқ. Ең жаманы көптің ойын шатастырады. Сонымен, адамдар ақпараттан – бір, сарапшының уәжінен екі адасты. Бұл – сарапшылардың жауапкершілігінің аздығынан. Азаматтық қасиеттің кемдігі. Одан кейін көпшілік «сарапшылардың өздері не болса, соны айтады. Жөн-жобасын өздері де айыра алмайды» демей, не десін! Бұдан кейін қоғамдық сана туралы, қоғамдық сананы қалыптастыру туралы айтудың өзі – артық. Бұқараның бір тоқтамға келе алмай, «жалпақ» пікірге бой алдыратыны осындайдан.

– Сонымен, институтқа қандай сарапшы керек?

– «Шындық – көп, ақиқат – біреу» деген бар. Яғни, қанша айтқанымен, сол сарапшылардың айтқанында әйтеуір бір шындықтың ұштығы жатады. Бірақ, ол ақиқатты жазып отыр ма? Және сол ақпаратты кім қандай ниетпен жариялады немесе қандай пиғылмен таратып отыр, міне, соның ара жігін ашып, талдап беретін, ақпараттың төркіні қайдан, неден туындап жатқанын жіліктеп түсіндіріп беретін бұқаралық орталықтың орны бөлек. «Айтқан сөзі бұлтармас, сол айтты ма, онда оған сенуге болады» дейтін сарапшылар қажет. Ол әрі қоғамда пісіп келе жатқан кез келген мәселені тамыр соғысынан тани білетін сезімтал, көкірегі сара жан болса, қанекей! Сонымен қатар, мүмкіндігінше халықаралық тәжірибесі болғаны жөн деп санаймын. Себебі, шет елде, тіпті өз еліміздегі орын алған мәселелердің ар жақ-бер жағын қамдап, бұлжымайтын пікір айту үшін әлемдегі осы мәселеге қатысты деректерге сүйеніп, нақты дәлелдер келтіре алатын, құзырлы органдарды сол іске жұмылдыра алатындай ықпалды сарапшы керек.

Елдің сыртқы саясатына үлес қоссақ деген үмітіміз бар

– Ақпараттар тасқыны, оның жүйелі-жүйесіздігі тек біздің елде ғана емес, өзге мемлекеттердің ақпарат нарығында да Қазақстан туралы негізді-негізсіз, дәйекті-дәйексіз деректер ұшырасады. Осы турасында өз сарапшыларымызды толымды, нанымды төтеп бере аларлық қауқары бар ма? Қоғамдық саясат институты нендей қызмет жасап, үлес қоса алады?

– Біздің институттың алдына қойып отырған тағы да бір үлкен мақсаты – халықарлық сараптама-талдау орталықтарымен ынтымақтастық орнату. Әлемде, іргелі мемлекеттерде әбден нығайған сараптама-талдау орталықтары жұмыс істейді. Ол жерде кез келген мәселе туралы көп жылдық сараптамалық шежіре берік нығайған. Осы орталықтың ысылған, төселген мамандары өз еліндегі болсын, басқа мемлекеттердегі болсын, қоғамдық құбылыстар туралы мәліметтерді қаттап ұстайды. Қажет кезінде алақандағыдай,  алдыңа жайып салады.

Мәселен, біз сараптама-талдау үлгісін АҚШ-тың саяси аренасында аса беделді де ықпалды «Policy Think Tank» деген талдау-сараптама орталықтарының қызмет жүйесіне орайластырып атқаруды көздеп отырмыз.

Ондағы мақсатымыз – мынадай. Институт құрылғанда істі неден бастады, алты жылдың ішінде не атқарылды, қоғамның саяси-әлеуметтік құбылысы мен дамуына қарай жұмыс бағытын қалай өзгертті, мемлекеттілікті нығайтып, елдің саяси-әлеуметтік өрлеуіне қандай деңгейде үлес қосты, осы уақыт аралығында сарапшылар мен қызметкерлердің біліктілік деңгейі және институттың өзінің даму сапасы қалай, партияның ілгерілеуіндегі институттың орны қандай? Міне, осылардың қай-қайсысы да ізсіз кетпеуі керек. Ол, біріншіден, тарих үшін қажет болса, екіншіден, заман озып, қоғам құбылған сайын кешегі ақпараттың құны арта түсетін болады. Оны мен өз басым Америкада саяси іс-шараларға, депутат сайлауы мен АҚШ Президентік сайлауы науқанына атсалысып жүргенде және күнделікті жұмыс барысында аңдадым.

Міне, осындай мәселелерді екшей келе, келешекте іргелі халықаралық сараптама-талдау орталықтарымен қарым-қатынас орнатудың қажеттілігін таныдық. Бүкіл дүние жүзіне танымал «Policy Think Tank» деген талдау-сараптама орталығының мәліметтер базасында Қазақстан туралы шынайы ақпараттардың орын алуын, түзілуін қамтамасыз ететін боламыз. Сондай-ақ, Америкада «Brooking institution» деп аталатын іргелі де ықпалды сараптама-талдау институты бар. Ол – АҚШ үкіметі санасатын, оның саясатына тікелей ықпал ете алатын жоғары-төмен деңгейлі атқару орындарының жұмыс бағытын орнықтыруға септігі бар орталық.

Сонымен қатар, біздің институт Оңтүстік-шығыс Азия елдерімен де байланысты жолға қоймақпыз.

–  Оған институттың төл сарапшыларының күшімен қол жеткізіле ме, әлде қоғамдық сарапшылардың көмегі қажет бола ма?

– Осы айда «Болашақ» бағдарламасының қызметіне 20 жыл толды. «Болашақ» түлектерінің алды әлдеқашан ел ісіне араласып кетті. Кейінгілер де қаулап өсіп келеді. Қоғамдық саясат институтының кәнігі сарапшыларының қатарын «Болашақ» түлектері толтырып жатыр. Жапония, Америка, Ұлыбритания, Қытай мемлекеттерінде білім алған өз түлектеріміз кез келген халықаралық сараптама орталықтарымен жұмыс жүргізуге сақадай сай.

Бұлар – шетте оқығанымен, шектен шықпаған, ана тілін қадірлей білетін, ілкімді қыз-жігіттер. «Болашақ ел тірегі қайсы десе?» ұялмай көрсететін жастар. Өз саласына қатысты мәселелерді талдау-сараптау, зерделеуге келгенде олардың қай-қайсысын қаймықпай салуға  болады. Терезесін тең ұстап, қазақ сарапшысы деген атты жоғары алып шығатыны сөзсіз. Мәселен, жас сарапшылардың қатарындағы Әйгерім Қоржынбаева Стэнфорд университетінде бакаларвлық білім алып, Гарвард университетінде магистратура тәмамдады. Ерлан Мәдиев әуелі Алматыда жоғары білім алып, кейін Қытайдың Шанхайдағы Фудань университетінде магистр дәрежесін қорғап шықты. Шыңғыс Нұрланов Вашингтон университетін тәмамдаған. Ал, Айдар Абраев деген жас жігіт Қазақ заң-гуманитария университетінен кейін Ұлыбританияның Ноттингем университеті мен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Ол өзі Ресейдің Новосібір облысында туып, мектепті өзі туған Красноозерск селосында, жоғары сыныпты Омбыда бітірген. Кейін Қазақстанға қоныс тепті. Орыс және ағылшын тілдеріндегі беделді ғылыми журналдарда мақала жариялап жүрген бұл жігіттің ана тіліне деген ықыласы зор.

Мызғымас мәдени құндылықтар қажет

– Шет елде білім ала жүріп, мүмкіндікті де, уақытты да тиімді пайдаланған студенттердің бірі болдыңыз. Сіз үшін сол елдің өзіңіз ішінен араласқан саясаты қымбат па әлде мәдениеті мен әдебін артық көрдіңіз бе?

– Мен – жолым болған студентпін. Шетелдің, оның ішінде бірнеше мемлекеттің әртүрлі білім жүйесін, саяси жүйесін, қоғамдық жүйесін көрдім. Оны осы салаларға іштей араласып, қызмет еті жүріп көрдім, білдім, қажетімді түйдім. 1990 жылдары Америкада студент бола жүріп, маған АҚШ-тың жоғары деңгейлі саяси ісіне тікелей араласуға мүмкіндік туды.

АҚШ-та Саясаттану колледжінде оқып жүргенде америкалық отбасында тұрдым. Ерлі-зайыпты екеуі де мәдениетті, өз елінің патриоттары. Сол үйде тұрған соң олардың жақын-жуықтары мен дос-жарандарымен де таныс-біліс бола бастадым. Демократиялық партияның атынан Конгресс сайлауына үміткер Марк деген азамат өзіне көмекші іздеп жүр екен, үйдегілер «Саясатты ал, сені ұятқа қалдырмайды» деді. «Жақсы, болсын» деді. Сонымен, оның кандидатурасы өтіп, Маркпен бірге Конгреске барып, көмекшілік атқардым.

Ал 2000 жылы Альберт Гор мен Джордж Буштың арасындағы президенттік бәйге басталды. Сол сайлау науқанына Демократиялық партияның атынан Марк Смитпен бірге Альберт Гордың сайлау кампаниясының ұйымдастыру, ішкі және идеологиялық жұмыстарына тікелей қатыстық. Сонда 18-19 жасар бозбаламын.

Италияда, Сингапурда, Голландияда, Бельгияда білім алудың сәті түсті. Италияда Еуропарламенте жұмыс істегенім бар.

Италияның Брюж қаласында Еуропа колледжінде «Жалпы Еуропалық құндылықтар» туралы магистрлік жұмыс қорғадым. Еуропа қауымдастығының өзара қалай жұмыс істейтіні көрдік.

…«Сырт көз – сыншы», саяси-әлеуметтік жүйесі қалыптасқан елдің ұлттық құндылықтары да сайма-сай. Мен енді Италияның мысалын көбірек келтіремін. Өйткені, олардың өз елін, өз тілін, өз дінін, өз ділін, өз елінің дәмін қалай құрметтейтінін көріп, жас баладай қызығасың. Италияда әлемге әйгілі «Макдональдс» тағам саудасы желісі өріс ала алмай-ақ қойды. Небір жарқ-жұрқ жарнамаға қарамастан, дәл жанындағы шағын ғана пиццерия қадірлі. Өйткені, кез келген италиялықтың бойында ұлттық құндылықтарды Макдональдс та мызғыта алмайды. Жыл сайынғы Сена қаласында өтетін ұлттық ат ойынына жас жігіттер жалындап жүріп қатысады. Басын тәуекелге тігіп ойнайтын сол ойында жеңген құрметті, жазатайым өлгені де қастерлі… Демек, италиялықтардың мәдени матрицасы – біртұтас, шайқалмайтын, мызғымас құндылық. Яғни олардың бойындағы италиялық қасиет бөлінбек түгілі бөлшектенбеген…

– Өз құрдастарыңызға қатысты нендей пікір айтасыз?

– Мен осындай мүмкіндіктерге еліміздің егемендігі арқасында қол жеткіздім. Барлық игілік – тәуелсіздіктің арқасы. Біз тәуелсіздікті сақтап, нығайтуға барымызды салуымыз керек. Бұл орайда әр буынның өзіндік үлесі мен рөлі бар. Меніңше, кей замандастарым тәуелсіздіктің мәнін әлі толық түсінбегендей көрінеді. Тәуелсіздік әркімнің жеке бақыты да, жеке бағыты да емес, тәуелсіздік – Қазақстанды ел ретінде, ұлт ретінде, мемлекет ретінде бағалау! Тәуелсіздіктің ең үлкен кепілі – бірлік. Ал, бірлікті қалыптастырып отырған, бірлікті негізінде жатқан нәрсе – ол ұлттық құндылықтар жүйесі. Біз бүгінде осы құндылықтарды дамытуға ықыластымыз. Ол ненің арқасы? Ол – тәуелсіздіктің арқасы. Бірақ, осы жерде шешуге, түсінісуге тиісті бірқатар мәселелер бар.

Соның бірі – бүгінгі таңдағы қазақтілді және орыстілді қазақ жастарының арасы. Сол екі топтың арасын жақындату, оларды өзара түсіністікке келтіру керек. Ол – біздің, орта топтың иесі болып саналатын біздің міндетіміз. Бұл қылдан жіңішке, жібектен нәзік мәселе, абайламасаң, жүрекке біз сұғып аласың. Әркім өзінікін дұрыс санайды. Сондай арағайын қажет болса, араша болуға тура келеді. Біріне «Ей, жігіттер, сендер мені мәңгүрт деп айта алмайсыңдар. Менің ана тілім – сенікіндей қазақ тілі. Менің ата салтым – сенікіндей қазақ дәстүрі. Мен айтысқа да барамын, термені де тыңдаймын. Ән салып, күйді ұнатамын. Керек десең, өзіме лайық ақындығым да бар. Мен де сен сияқты қарасирақ бала күнімде әженің бауырында өсіп, азамат болып жетілдім. Сенен аз-кем артықшылығым болса, алыс шет елде білім алғаным шығар. Бірақ, мен одан жатбауыр болып кеткен жоқпын. Есесіне, мен көріп келгенімнің жақсысын сендерге білдірсем, үйретсем деп жүрмін» деп сөзге жыға аламын. Ал мына жақтағыларға «Эй, извини, дорогой! Мы тоже Пушкина читали, Чехова проходили, Толстого любили. Английский знаем, Гете, Байрона, Джером Дэвид Сэлинджера, Стендаля тоже читали. Ты не можешь меня обзывать колхозником, мамбетом. Потому, что я могу с тобой разговаривать, беседу провести, обсуждать  о чем нибудь по-турецки, по италиянски, по-французски, по-японски, может быть ты даже не знаешь, что я знаю, что я освоил?» деп, олардың кеудесін басуға шамамыз келеді. Бұл да бүгінгі қоғамның шындығы. Біз жас емеспіз, отыздан астық, ел бірлігін қамтамасыз етуді біз де ойлаймыз. Тұтас елдің бірлігі үшін ең алдымен, өз арамыздағы бірлік, тұтастық керек. Бірлік болмаса, шытыныған шыныдай түртіп қалып, шаға салу оп-оңай…

– Қоғамдағы бірлікті сақтаудың ең үлкен үлгісі ретінде «Нұр Отан» партиясы жаңа саяси Доктрина қабылдады. Осы тақырып туралы не айтасыз?

– «Нұр Отанның» жаңа саяси Доктринасы Мемлекет басшысының Стратегиясын идеялық және саяси тұрғыдан қолдауға арналған құжат деуге болады. Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға бағытталып отыр. Доктринада мемлекеттілікті нығайтып, тәуелсіздікті баянды ету жолында бірлік пен ынтымақтың бағдарлары атап көрсетілді. Қоғамды жүйелі түрде, жан-жақты әрі нақты жоспарлар негізінде дамытуға бағытталған. Ал ең бастысы – «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру мақсат етілген.

Мында партияның ролі айқындалған. Сонымен қатар, мұнда демократиялық мемлекетке тән бостандық, бірлік, заңның үстемдігі, әділеттілік пен отбасы құндылығы және болашаққа ұмтылыс секілді жалпыға ортақ құндылықтар жазылған.

Кез келген мемлекет азаматтардың мүддесі үшін қызмет етеді. Сонымен қатар, мемлекетті қуатты ететін – азаматтық қоғамның жауапкерлішігі де айқын көрсетілген.

Доктринада ұлттық дамудың негізгі бағыттары болып табылатын руханият мәселесіне айрықша көңіл аударылды.

Бұл құжат үлкен сараптаудан өтті. Облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалардағы өңірлік конференцияларда талқыланды. Қоғамдық ұйымдар мен жекелеген азаматтардан ұсыныстар мен ескертулер түсті. Бір мысал айтайын, елордалық партия мүшелері еңбек адамының рөлін күшейтіп, осы құжатта жастарға мән берілгені жөн деген пікір айтты. Батыс Қазақстан облысындағы партия мүшелері аймақтарды дамытуға және шағын қалалар мен ауылдарды көркейтуге күш салу қажеттігін еске салды.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» – меніңше, Доктрина партияның табыстарының факторы мен  қағидаттары және құндылықтары, жетістіктері мен мұраттары таразыға салғандай теңестірілген, жүйелі құжат болып шықты.

Әңгімелескен Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − five =