Саябақты араласаң, сергисің…

0 27

Қаламыздағы ертеден келе жатқан орталық саябақты серуендеп жүріп, ішімнен Үкімет пен әкімдікке ризашылығымды білдіремін. Олай дейтінім, мұнда демалушыларға жақсы жағдай жасалған.

Табиғатты тамашалағың келе ме, тамашала. Өсіп тұрған әртүрлі ағаштар мен гүлдер. Ортасынан су ағып жатыр. Онда аққу бастаған бірнеше құстар жүзіп жүр. Орындықтарға отырып, таза ауамен дем алуға болады. Серуен көпірі, онымен қоса атыраулықтар сыйға тартқан балыққа ұқсас әдемі безендірілген көпір. Бұл көпірлердің ортасына қарай барып, ағып жатқан Есіл өзенінің көркіне онымен жүзіп бара жатқан кемелер мен қайықтарды көріп тамашалауға болады.
Мәдени шараларға қатысқың келе ме, қатыс. Аспан астындағы ашық театр мен әртүрлі сахналар бар.
Жай демалғың келе ме, демал. Әртүрлі аттракциондар. Оның ішінде балалар мен жастарға арналғандары қаншама? Отбасыңмен келіп, мейрамханалар мен әртүрлі кафелерде тамақтануға болады.
Спортпен айналысқың келе ме, айналыс. Жазда – велосипедке арналған жолдар, қыста шаңғы жолдары алдыңда. Жеңіл атлетика мен скандинавиялық таяқпен жүруге өте қолайлы. Саябақтың шетінде спорт алаңы бар. Онда әртүрлі тренажёрлер. Президент Қ.Тоқаев соңғы Жолдауында табиғат аясындағы бұқаралық спортқа басымдылық беру керек екендігін баса айтты. Теннис немесе спорттың басқа түрлерімен айналысуға барлық мүмкіншілік бар. Осылай тізе берсе, халықтың демалуына барлық мүмкіншіліктер жасалған.
Осы мүмкіншілікті тұрғындар, қонақтар, жергілікті билік қалай пайдаланып жатыр деген сұрақ туады. Менің байқауымша, толыққанды пайдаланып жатқан жоқ сияқты. Ортасынан ағып жатқан су тазалығы жағынан көңіл көншітпейді. Суда жүзетін құстардың әр түрінің санын көбейтуге болатын сияқты. Жер шарының әр түкпірінде неше түрлі суда өмір сүретін құстар бар ғой. Думандағы балықтар сияқты.
Бізде жаз қысқа, соны ұтымды пайдаланып, мәдени шараларды жиі әрі сапалы, қызықты өткізіп жатса, көрермендер көп жиналар еді деп ойлаймын. Өткізілмейді деп айта алмаймын. Пандемия кезінде тойхана иелері рұқсат беріңдер деп шулады, оған әншілер де үн қосты. Әншілерге жеңіл жолмен қомақты табыс табу қажет болған сияқты.
Саябақтың шетінде бірнеше спорттық тренажерлар бар. Көп болмаса да біраз адамдар келіп, дене шынықтырумен айналысып жатады. Сол спорт алаңының иесі жоқ сияқты. Олай дейтінім, кейбір спорттық тренажерлер қирап жатқанына бірнеше айдың жүзі болды, соны жөндейік деген ниетті байқамадым. Сол спорт алаңның жанында жаңа типте салған дәретхана бар, соның ашық тұрғанын бірде-бір рет көргенім жоқ. Ол не үшін салынды?
Әрбір ауданда, қалада мәдениет пен спорт басқармалары бар. Сонда істейтін мырзалардың ең кіші қыз­меткерлерінің бірі аралап көруге уақыт таппайды-ау деймін. Әрине, олар қарап отырған жоқ, қағаздармен бәрін бітіріп жатыр, ал іс жүзінде жағдай басқаша.
Тағы бір келеңсіз жағдай: белсенді жұмыс істейтін уақытта кәмелетке толған жігіттер мен қыздар иттерін қыдыртып немесе телефонды әурелеп серуендеп жүреді. Ит демекші, сол иттер мұрындықсыз жүреді, біз көреміз, ал полиция қызметкерлері көрмейді. Неше жерден үйреншікті десек те, иттің аты ит, қауып алуға бейім тұрады. Осыны ескеру керек.
Таяуда Өзбекстаннан қоныс аударған қандасымыз ғалым- экономистпен әңгімелестім. Сол кісінің айтуы бойынша өзбек халқы еңбексүйгіш, қарттарынан бастап, жастарына дейін, тіпті балалары да мектептен тыс уақытта еңбектеніп жататын көрінеді. Жалақылары бізден әлдеқайда төмен болса да, еңбектен қол үзбейтін көрінеді. Ал біздің жастар жеңіл жұмыс істеп, жандарын қинамай мол қаржы тапқылары келеді. Меніңше, бізде жастар арасында еңбекке тәрбиелеу жұмысының төмендігі байқалады. Сөзімді түйіндей келе, Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асырып, халқымыз бай-қуатты болу үшін Қазақстанның әрбір азаматы қажымай-талмай еңбек етіп, Үкімет жасап берген құндылықтарды тиімді пайдаланып, сақтауға тырысуымыз қажет. Саябақты күнде аралап жүріп, көргенімді жазу парызым деп есептедім.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
зейнеткер

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × three =