Саябақтарда кино көрсетіледі

0 84

Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет саласын дамыту стратегиясы әзірленді. Аталмыш құжатты елорда мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов таныстырды. Жиында жалпы елордада халықтың бос уақытын ұйымдастырудың болашағы талқыланды.Стратегия бойынша басқарудың корпоративтік әдістерін, театрлармен жұмыстың жаңа жүйесін енгізу, көрермендерді, кітапханалар оқырмандарын көбейту мақсатында қала тұрғындарымен кері байланысты күшейту, мәдени нысандардың инфрақұрылымын дамыту, тарихи және рухани мұраны насихаттау жоспарланып отыр.
– Бір жарым айдан кейін жаңа қазақ театрының ашылуы жоспарланып жатыр. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай театрдың тұсаукесер қойылымы ұлы тұлға туралы болады. Бұл – мүлде жаңа спектакль. Сондай-ақ қазір балалар-жасөспірімдер театрын ашу жұмысымен айналысып жатырмыз. Бөгенбай батыр даңғылы бойындағы кітапхананы жаңғыр­туды бастамақпыз. Мәслихаттың алдағы сессиясында бюджет нақтыланғанда осы мәселемен қосымша қаржы сұрайтын боламыз. Саябақтарда ашық аспан астында кино көрсетуді көздеп отырмыз. Кинокөрсетілімдерді кешкі сағат 8-ден 10-ға дейін өткізбекпіз, – дейді Н.Сыдықов.
Оның айтуынша, шаһарда «Бозоқ» тарихи-мәдени қорық-музейі салынбақ. Алдағы уақытта дәстүрлі өнерге көңіл бөлініп, айтыс, күй, жыр-терме, дәстүрлі ән және қолданбалы өнер мектептері ашылмақ.
– Мәдениет саласын дамыту стратегиясы көп жылға арналады. Өмір бір орында тұрмағандықтан, әлемде өзгерістер орын алып жатқандықтан, қажеттілік туындаған жағдайда құжатқа өзгертулер енгізілетін болады. Яғни онда қатып қалған ештеңе жоқ, – дейді Мәдениет басқармасының басшысы.
Одан кейін сөз алған қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самат Ерғалиев бұқаралық спортты дамыту бағыттарына тоқталды. Соның ішінде балалар және жасөспірімдермен жұмыс жоспары туралы айтып өтті.
Шілде айында елу жастан асқан азаматтарға арналған «Жаңа күш-жігер» жобасы басталмақ. Ол жыл аяғына дейін жүргізіледі. Онда 40 мыңға тарта адамды қамту жоспарланып отыр. Соның ішінде скандинавиялық жүру, йога, сауықтыру жаттығулары, аквааэробика қамтылмақ. Тиісті жаттығулар жаз мезгілінде елорданың бес саябағында, атап айтқанда, «Астаналық», «Студенттік», Триатлон, «Жерұйық» саябақтары мен Ботаникалық бақта өткізіледі.
– Бұл жаттығулар тегін өтеді. Күннің суытуына байланысты қыркүйек айынан бастап төрт аудандағы жабық ғимараттарда жалғасады. Қыста аквааэробика бассейндерде ұйымдастырылады, – деді С.Ерғалиев.
Ұлттық спорт түрлерін дамытуға тоқталған баяндамашы биылғы 4-6 шілде күндері «Қазанат» атшабарында бәйге түрлерінен (аламан, топ, құнан, жорға жарыс) Елбасы кубогын өткізу жоспарланып отырғанын айтып өтті. Жарыстың жалпы жүлде қоры 20 200 000 теңгені құрайды.
Сондай-ақ иппотерапия әдісімен мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту үшін ат спорты кешенін салу жоспарлануда. Нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы арқылы бой көтереді. Өткізу қабілеті 250 адам болмақ. Трибунасы 600 адамға арналады.
Мәслихат депутаттары балалардың театрларға, циркке, спорт секцияларына тегін баруларына қатысты мәселелерді көтерді. Сондай-ақ қала шетінде тұратын адамдардың демалысын, сондай-ақ қарт адамдардың бос уақытын ұйым­дастыру бойынша ұсыныс­тар айтты. Соның бірі ашық аспан астында шахмат ойындарын ұйым­дастыру туралы болды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × five =