СӘУЛЕТІ ЖАРАСҚАН МЕШІТ БАР ШЫҒЫСТА

0 87

Шығыс жұрты көптен асыға күткен Ертістің сол жағалауында салынған жаңа мешіт ел игілігіне берілді. Көлемі жөнінен Астанадағы «Нұр Астана» мен Әзірет Сұлтан мешіттерінен кейінгі орынды иеленетін имандылық үйі өскемендік мұсылмандардың көз қуанышына айналды.

«Біздің өлке үшін бұл тарихи күн. Дінімізді, дәстүрімізді сақтау үшін осындай зәулім, салтанатты мешіт бұрыннан қажет еді. «Ештен кеш жақсы», осындай қуанышты күнге жетіп отырмыз» деді мешіттің ашылу салтана­тында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев. Ғимарат құрылысы 2009 жылы басталған-ды. Қаржы жетіспеушілігіне байланысты құрылысы үш жылға созылған имандылық үйінің еңсе тіктеуіне шығыс жұрты жұдырықтай жұмылды. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың арқасында соңғы үш айда ғимарат құрылысы қарқын алып, 20 мыңға жуық адам сауапты іске өз үлестерін қосты.

Жаңа мешітте бір мезетте үш мың адам құлшылық жасай алады. Әйелдер құлшылық ететін жеке бөлме де қарастырылған. Сонымен қатар қатымхана, кітапхана, неке залы мен сүндеттеу бөлмесі бар. Мешітке келушілердің көліктерін қоятын автотұрақ та жоспардан тыс қалмаған. Мешіт құрылысына 1,5 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсалды.

«Бұл имандылық үйін еліміздегі ең үлкен мешіттердің бірі дегеніміз дұрыс. Ғимараттың жалпы биіктігі – 20 метр, мұнараларының биіктігі – 63 метр. 63 – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың өмірден озған жасын көрсетсе, мұнараның жанындағы бес күмбез мұсылманның бес парызын әйгілейді. Жалпы ауданы 800 гектарды құрайды. Ғимараттың бірінші қабатында үш қатымхана орналасқан. Ал екінші қабатта Құран-кәрімді үйренетін және оқитын екі сынып бөлмесімен қатар, дәрет алу орны қарастырылған. Сондай-ақ, мың жарым адамға арналған зал жұмыс істейді. Ғимараттың үшінші қабатында, балконымен қосқанда сыйымдылығы 2500 орынды құрайтын намазхана орын тепкен. Ер-азаматтар негізгі залда намаз оқыса, әйел адамдар балконда ғибадаттарын жасайды» дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен аймақтық өкіл имамы Нұрлан Асанов.

 

 CҮБЕЛІ СӨЗ*

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАМЕД, Мемлекеттік хатшы: «Құтхана құтты болсын»

Тек қазаққа ғана емес, бүкіл түркі халықтарына алтын бесік болған қасиетті мекен – Алтайда еліміздегі ең үлкен мешіттердің бірі ашылып отыр. Осы құтханаларыңыз құтты, қайырлы болсын. Біз Тәуелсіздік алғанға дейін бүкіл елімізде алпысқа жуық қана мешіт болатын. Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасымыз әрбір азаматқа өзінің ғазиз дінін, мүбәрәк дінін ұстануына жағдай жасады. Соның арқасында, елімізде бүгінге дейін 2500-ге жуық мешіт ашылды. Осының барлығы еліміздің береке-бірлігін арттыратын жағдай. Сондықтан барлығыңызды бүгінгі болып жатқан қасиетті шарамен шын жүректен құттықтаймын.

 

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: «Мешіт көбейсе, бесік те көбейеді»

Шығыста Иерусалимдегі «Аль-Ақсаға» ұқсайтын, Астанамыздағы Әзірет Сұлтан мешітіне ұқсайтын сәулетті де көрікті мешіт бой көтеріп отыр. Әрине, елімізде басқа мешіттер де салынып жатыр, алайда бұл ғимараттың орны бөлек. Мұның бәрі тәуелсіздігіміздің арқасы, әйтпесе, баяғы заман болса, мұндай құрылысты саламыз деген ой үш ұйықтасақ түсімізге де кірмес еді ғой. Бұл күн мемлекетіміздің тарихында қалатын маңызды күн болмақ. Елімізде мешіт көбейе берсін, мешіт көбейсе, бесік те көбеймек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 2 =