Сәуле ЖАНПЕЙІСОВА: ӘН-БАЗАРЛЫҚ ӘКЕЛДІМ АСТАНАҒА

0 195

DSC_4600

Өткен сенбіде Ұлттық академиялық кітапханада Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының кандидаты, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Сәуле Жанпейісованың төрт үнтаспадан тұратын антологиялық жинағының тұсаукесері өтті. Ал, кеше дәстүрлі әнші Астана қаласының «Қазақстан» орталық концерт залында «Мен қашанғы жүйрігің…» атты жеке шығармашылық ән кешін өткізді. Концерттен кейін әннен алған әсеріміз өнер иесінің өнегелі әңгімесімен өрілді.

– Сәуле апай, санаулы-ақ күн бұрын жаңа үнтаспаңыздың тұсаукесерінде болдық. Музы­калық мұрамызға олжа салған жинақтағы әндермен бүгін сусаған көңілді тағы қандырдыңыз. Қашаннан бергі ойға алған ісіңіз орындалып бір жеңілдеп отырған шығарсыз?

– Елордаға келе жатқан соң жаңалығың, елге арнайтын тың дүниең болу керек. Сондай себеппен кешіммен бірге төрт үнтаспадан құралған антологиялық жинағымды ала келдім. Көптен бері толғандырып жүрген жоспарымның бірі еді. Ең алғашқы ән жинағым, яғни, дискім 2008 жылы шыққан. Сол жылы абайсызда қолымды күйдіріп алып, домбырамды қолыма алу мүмкін болмай, екі жыл қатарынан біраз шаруадан шеттеп қалдым. 2011 жылы сахнаға оралып, халыққа концертімді бердім. Әншінің қолғанаты домбырасы ғой, қолым перне басуға жараған соң репертуарымды реттеп, толықтырып, осы ән жинағымды шығаруға ден қоя кірістім.

Көп әндеріміз кештерде айтылып жүргенімен таспаға түспей қалып қояды. Кезінде Ғарифолла, Жүсіпбек аталарымыздың жазылмай қалған әндері қаншама!.. Сөйтіп, біраз әндерімді түгелдеп, осы күйтабаққа топтастырып, Астанаға ән-базарлық етіп алып келдім. Жалпы, жинақ 76 әннен құралды. Төрт үнтаспаның біріншісіне Мұхит әндері, екіншісіне Илья Жақановтың әндері, үшін­шісіне фольклорлық ансамбльдің сүйемелдеуімен эстрадалық бағытта өңделген әндер және төртіншісіне өзімнің авторлық әндерім енді.

– Ән кешіңіздің атауына тоқтал­сақ. «Мен қашанғы жүйрігің…» деп қоюыңыздың мәні қандай?

– Концертті ұйымдастырып жүріп оған ат қоюды ұмытып кетіппін (күлді). Афишасын жасар кезде ойымызға келді, табан астында осы атау аузыма түсіп, өз репертуарымдағы Нұрым жыраудың термесінен алып, «Мен қашанғы жүйрігің…» деп қойдым. Негізі, бұл атауды алғаш Атыраудағы 2001 жылғы концертімде Қойшығұл Жылқышиев ұсынған. Сонда қарсы болып едім «Қойыңызшы, аға, «Мен қашанғы жүйрігің» деп қартайып отырған жоқпын ғой» деп.

Бұл – қарт жыраудың сөзі. Жы­раулық өнер де, ән де халықта қа­шаннан бері келе жатқан өнер болған соң, өзім де сахнада жүргеніме 30 жылдай болды, содан осы атауды қойғанды жөн санадым. Кейбір жанашыр тыңдармандарым хабарласып, пікірлерін білдіріп жатты. «Сахнадан кеткелі жатсыз ба, «мен қашанғы жүрер дейсің» деген сияқты екен» деп алаңдаушылық танытты. Бұл атаумен өзімнің «Мен»-імді көрсеткім келді. Жыраулар болсын, ақындар болсын, сал-серілер – бәрі-бәрінің өзіндік «мені» бар. Бір жағынан, мен де сол бабалар секілді көненің мұрасын арқалап жүрмін.

– Сізді халық дәстүрлі әнші ретінде таныды. Кейін келе жаңа қырыңыздан көріндіңіз. Ол, әрине, сазгерлігіңіз. Бұған қай кезден бастап бет бұрдыңыз?

– Сазгерлік қырым өзіме аса үлкен жаңалық болған жоқ. Бала кезімнен ыңылдап ән шығаратынмен. Ақын-жыраулардың сөзін домбыраға салып, әндетіп жүретін едім. Атырауда жүргенімде Маралтайдың «Жас ғасыр, жаңа замана» деген өлеңіне ән жаздым. Қазір бұл әнді шәкіртім Өмірқұл Айниязов орындап жүр. Кейін Алматыға келген соң Маралтайдың тағы бір сөзіне ән жаздым. Үйімнің терезесінен Алатау көзге асқақтап көрініп тұратын. Бірде Маралтайдың Алатау жайлы өлеңі қолыма түсіп, осы тауға қарап отырып ақынның сөзімен әндеттім.

Алатау, сен де ғаріп, мен де ғаріп,
Келеміз жүрекке мұң теңдеп алып.
Мен саған жыр оқиын, қасыма кел,
Қайтеміз түсінбейтін елге налып»

– деп басталатын сөзі әуен болып ме­нің ішімдегі шерді шығарғандай болды. Яғни, бұл әннің шығуы сол кездегі қиын жағдайыма тап келді. Ақынның басындағы қалге байланысты толғаныстан туған дүние. Сөзі мен әуені үндесе кетті, білгенімдей, шығу тарихы да ұқсас болды. Маралтай мұң шаққан Алатауға мен де маңдайымды сүйеппін.

– Сіздің репер­туа­рыңызда тәжік­тің белгілі «Сарбон» әні бар. Бі­луімше, осы әнді біздің елге алғаш алып келген, танытқан өзіңіз.

«Сарбон» Талғат Теменовтің «Менің күнәлі періштем» фильміне саундтрек ре­тінде қолда­ны­лып, ел ішіне кеңінен тарады. Осы ән жөнінде айтып өтсеңіз…

– Бұл әнді Қырғызстанға барған сапарымда Тәжік­станнан келген мәдениет­танушы Азим Аминов деген кісіден жазып, алған едім. Тәжік тілінде орындап, өз репертуарыма қостым. Ал, әннің «Менің күнәлі періштем» фильміне саундтрек ретінде қол­данылуы біраз дау тудырды.

– Күйтабақтарыңыздың тұсау­кесерінде Илья ағайдың үйіндегі Тиыш апамыз Елбасы сізге жүзік сыйла­ғанын айтты...

– Иә, мен сол уақытта Атырауда қызметте едім. Атырауға Елбасы іссапармен келген кезі болатын. Мені шақырып алып, біраз әңгі­мелестік. Сонда Нұрағамыз: «Ел­дің бәрі Астанаға көшіп жат­қанда сенің Атырауға кеткенің қалай, алып кетейін, барасың ба?» деді. Бірақ мен мұнда келгендегі біршама шаруам­ды аяқтауым керектігін айттым. Ондағы үлкен іс – облыс әкімінің бастамасымен батыс өлкесіне Халық музыкалық академиясын ашу еді. Бұл ісімізді Елбасы мақұлдады. Сол отырыста он сегіз ән орындадым. Елбасы «ана әнді айт, мына әнді айт» деп қолқалап отырды. Артынан ризашылығын білдіріп, қолындағы жүзігін сыйға тартты. Сол сәтте төбем көкке бір елі жетпей қалған шығар. Қуанышым қойныма сыймай Илья ағайдың үйіне барып, жүзікті көрсетіп мақтанып, марқайып қалдым. Ағай мен апай көп жерде соны айтып жүреді.

– Мына кештің бұрынғы кон­церт­­теріңізден ерекшелігі қандай?

– Бұл ән кешімнің өзгешелегі – өз әндерімді орындадым. Бұған дейін халық мені Ғарифолланың, Мұхиттың әндерінің орындаушысы ретінде біліп келді. 1991 жылы ең алғаш «Айнамкөз» атты концертіме келгенде Әбіш Кекілбаев пен Хамит Ерғалиев бата берген еді. Содан бері неше жыл өтті. Ел тілегі тірек болып, ән­шіліктің шыңына шықтық. Енді өз әндерімді де айтып жүрмін және шә­кірттерім мен басқа әншілердің де орындауында халыққа таралуда.

Концертімде өзіммен бірге біраз шәкірттерім де өнер көрсетті: Эльмира Жаңабергенова, Қарақат Әбіл­дина, Гүлмира Сарина, Өмірқұл Ай­ниязов, Ғалымжан Жолдасбай, т.б. Осы өнер жолымда әншілікпен қатар біраз шәкірт тәрбиеледім. «Өнер деген – үлкен бір айдын. Айдынға шыққанда алдыңнан жел де тұрады, толқын да ұрады. Соның бәріне төтеп берген адам ғана діттеген жеріне жетеді. Ал мен сендерді жетектеп келе жатырмын. Суда біреуді қолынан ұстап жүзгенде ол ешқашан малтуды үйрене алмайды» деп шәкірттеріме жиі айтушы едім. Ұстаздық еңбегімнің де жемісін көр­дім. Шәкірттерімнің алды өзіммен тең атақты алып үлгерді.

– Әңгімеңізге рахмет! Әндеріңіз халық жүрегіне жол тапсын!

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + two =