Сәуле АТЫҒАЕВА: МЕНИНГИТ – ЭНТЕРОВИРУСТЫҢ ЖИІ КЕЗДЕСЕТІН АУЫР ТҮРІ

1 298

Сәуле АТЫҒАЕВА

Сәуле АТЫҒАЕВА, Астана қаласы жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы

Мереке:
– Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында қазіргі таңда атқарылып жат­қан жұмыстармен та­ныстырсаңыз. Мекемеңізде қандай жаңалықтар бар?

– Біздің қалалық жұқпалы ау­рулар ауруханасы маман­дан­дырылған медициналық көмек көрсететін мекемелердің бірі болып табылады. Ауруханамыз 160 орынға шақталған, мекемеде бактериологиялық, жалпы клиникалық, имунологиялық, серологиялық зерттеулер, рентгенологиялық және функ­цио­налдық тексеріс, клиникалық трансфузиология, тұрғындарды гигиеналық тазалыққа үйрету және т.б. қызметтерді көрсете алады. Екі жүз елуге жуық қыз­меткеріміздің арасында үш медицина ғылымының кандидаты бар, бас дәрігеріміз – медицина ғылымының докторы, профессор. Мекемеде 5 клиникалық бөлім, зертхана және көмекші бөлімдер қызмет етеді. Астана қаласының Медицина университетінің «Жұқ­палы аурулар және эпиде­миология» кафедрасының ұжы­мымен де тығыз байланыста жұмыс істейміз.

Рыскелді:
– Қазір қалада менингит ауруы бас көтеруде. Оның себебі неде?

– Жіті энтеровирус жұқпасы – көп­теген клиникалық белгілермен, яғни же­ңіл дене қызуының көтерілуінен ме­нин­гиттің ауыр түріне дейін болатын вирус жұқ­пасы. Бұл энтеровирусты жұқпа балалар арасында менингит түрінде жиі қалыптасады.

Энтеровирус – сыртқы ортаға бейімді және жылдам таралуымен де сипатталады. Жұқпа ауа, қарым-қатынас, тағам, және су арқылы таралуы мүмкін. Ал менингит – энтеровирустың жиі кездесетін ауыр түрі. Жұқпа көзі науқас адам және вирус тасымалдаушы болып табылады.

Сабина:
– Наурыз айында ангинамен ауырып, жұқпалы аурулар ауруханасында жатып емделіп шықтым. Әрине, дәрігерлерге, жалпы сіздердің қызметкерлеріңізге дән ризамын. Тек аурухана өте ескі ғимаратта орналасқан: палаталар тар, дәретхана ерлер мен әйелдерге ортақ екен, дәліздің тарлығы сондай, екі адам қатар жүруі қиын. Бүгінгі таңда Астанада осындай аурухана барына таңым бар, заман талабына мүлдем сәйкес келмейді. Осы мәселе алдағы уақытта шешіле ме?

– Сұрағыңыз өте орынды. Осы ғимаратта жұмыс істеп жат­қа­нымызға жиырма жылдан асты. Әрине, ауруханамыздағы қолайсыз жағдайлар жұмыс бабында көптеген қиыншылықтар тудырады. Бірақ, соған қарамастан біздің дәрігерлер мен медбикелер, жалпы қызметкерлеріміз науқастарға аянбай адал қызмет етіп жүр. Ал, жаңа ғимаратқа келсек, біз Елбасының «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасына еніп, 2007 жылы типті үлгідегі 250 төсек орынды қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының ғимараты жобаланып, мемлекеттік сараптама бекітілген болатын. Бірақ жалпы дүниежүзілік экономикалық дағдарысқа байланыс­ты қаражат тапшылығынан кейінге қалдырылды.

Қазіргі таңда Есілдің сол жаға­лауында балаларға арналған қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы салынып жатыр. Жоспар бойынша балалар жұқпалы аурулар ауруханасы сол жаңа ғимаратқа көшіп, біз күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін қазіргі балалар жұқпалы аурулар ауруханасының ғимаратына уақытша көшпекпіз.

Жомарт:
– Менингит қалай бас­талады және оның алдын қалай алуға болады?

– Ауру дене қызуының 39-40 градусқа дейін көтерілуімен, қатты бас ауруымен, бас айналуымен, құсу, лоқсу, кейде іш ауырсынуы және жиі іш өту сынды белгілерімен байқалады. Дене қызуының 39-40 градусқа көтерілуіне байланысты тырысу пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар, ауыз-тамақ және жоғары тыныс жолдарының катаралды зақымдану белгілері де, атап айтсақ, тамақ ауруы, жөтел, т.б байқалады. Осындай белгілер байқалған кезде тез арада науқасты бөлектеу керек, өйткені, ол ауруды қоршаған ортаға жұқтыру ошағы болып табылады және міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз.

Жеке бас гигиенасын қатаң сақтап, әр уақыт тамақтанар алдында, үнемі дәретханадан соң, қыдырып келгеннен кейін қолды жақсылап сабынмен жуу керек. Қайнатылмаған су іш­пеңіздер, әсіресе, тексерілмеген құбырдан, фонтандардан су ішкен қауіпті екенін естен шы­ғармаңыз. Қоғамдық жер­лер­де бір реттік немесе жеке стақанды қол­даныңыз. Же­міс­тер мен көкөністерді мұқият ыстық сумен шайып барып, жеген жөн. Тоңудан сақтаныңыз, суық тиген ауруларды дер кезінде ем­деңіз. Ашық су құбырларында, бассейндерде шомылмаңыздар. Көпшілік іс-шараларға, кісі көп жиналатын жерлерге бармауға тырысқан абзал. Үй-ішін жиі жуып, тазалап, мүмкіндігінше жиі желдетіп тұрыңыз. Мүм­кіндігінше дәру­мендерге бай тағамдарды көбірек қол­данып, дене шынықтыру жатты­ғу­ларымен орга­низмді күшейтіп отырыңыз. Аурудың жоғарыда ай­тылғандай белгілері білінсе, баланы бала­бақ­шаға апармай және бармау себебін балабақша қызметкерлеріне хабарлап, мін­детті түрде үйге дәрігер ша­қыртқаныңыз абзал.

Камила Қайратқызы:
– Гепатиттің алдын алу шаралары қандай?

– А және Е энтеральді гепатиттердің алдын алу жеке гигиена ережелерін сақтау, жалпы санитарлы жағдайды жақсарту, тағам мен сумен жабдықтаудың сапасын сақтау болып келеді. Қазіргі уақытта А гепатитіне қарсы вакцина қолданылуда, вакцина екпесін алған адамда 25 жылға дейін иммунитет қалыптасады. А және Е гепатиттерін жұқтырмау үшін санитарлы-гигиеналық ережелерді сақтап, салауатты өмір салтын ұстану – басты мәселе.

В және С гепатиттері қан арқылы жұғатын болғандықтан әр адам жеке басының гигиенасын сақтау керек, өйткені, гепатитті жұқтыру үшін қанның кішкентай бір тамшысы жеткілікті, сол себепті әр адамның өзінің жеке ұстарасы, маникюр қайшысы, тіс щеткасы, т.б жеке басының гигиеналық құралдары бөлек болу керек. Меди­циналық құралдардың бір реттігін ғана қол­даныңыз. Сұлулық салондарында, косметикалық ка­бинеттерде пирсинг, татуировка жасатсаңыз, бір реттік құралдарды пайдаланатынына мән бере қараңыз немесе қолданатын құралдарды мұқият залалсыздандырылғанын талап етіңіз. Нашақорлықтан, кездейсоқ жыныстық қаты­настан аулақ болу керек.

В гепатитіне қарсы вакцина 1982 жылдан бері біздің елде тиімді қолданып келеді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, ұлттық екпе күнтізбегіне енгізіліп, жас сәбилерге 1-4 күндері, 2-4 айларында және әрбір 10 жыл сайын вакцинация жасалып тұрады.

Айнагүл:
– Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына қандай аурулар қабылданады?

– Аурулардың 80-90 пайыздан астамы біздің ауруханаға жедел жәрдем көлігімен келеді. Қалған науқастарымыз порталға тіркелу арқылы жоспарлы түрде жатқызылады.

Негізі біздің аурухана ересектер арасындағы жұқ­палы ауруларға Астана қаласы бойынша маман­дандырылған медициналық көмек көрсетеді және оның ішінде балалар гепатиті де тек қана бізде емделеді. Мәселен, ауа тамшы жұқпасы бөліміне респираторлы-вирус жұқпасымен, менингит, гельминтоздар және паразитоздармен ауырған аурулар емделе алады. Ал гепатит бөлімінде көбіне А,В,С және Д вирусты гепатитпен ауыратын адамдар емделіп шығады. Ішек жұқпалы аурулары ішек жұқпасы бөлімінде емделеді.

Сабыр:
– Гепатит ауруы өте қатерлі деп естиміз және ол қатерлі ісікке айналады дейді. Осы рас па, одан толық емделіп кету мүмкін бе?

– Иә, вирусты гепатиттер адам денсаулығына қауіпті инфекциялық топ болып отыр. Бауырдың қабынуы халық арасында «сары ауру» деп аталынады. «Сары ауру» эпидемиясы V ғасырда пайда болғанымен, оның қоздырғышы туралы тек өткен ғасырда ғана зерттелді. Бауырдың қабынуы жұқпалы аурулардың ішінде аса өзекті мәселеге айналды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын 1,4 миллионға жуық адам созылмалы (В,С) вирусты гепатиттен қайтыс болады. Әлемде әрбір үшінші адам В гепатитін жұқтырған, ал әр он екінші адам созылмалы В және С гепатит ауруымен өмір сүреді. Осы вирус жұқтырған адамдардың көпшілігі өзінің жұқпамен ауыратынын білмейді және аурудың асқынған немесе асқынған кезде кездейсоқ тексеруден анықталады. Осы себепті бүгін біз «жасырын індетті» гепатит ауруын байқаудамыз. Созылмалы гепатитпен ауырғандардың 57 пайызы бауыр циррозына әкеп соқтырса, 78 пайызы бауыр обырына асқынады.

Бауырдың қабынуы екі топқа бө­лінеді: энтеральді топ, яғни фекальді жолмен жүретін ішек жұқпасы болса, оған вирусты гепатиттің « А» және «Е» түрі жатады. Екінші тобы – қан және организмнің сұйықтық ортасы арқылы жұғатын жұқпа. Оған вирусты гепатиттің «В» және «С» түрі жатады. Бұл ауру адам ағзасын бүтіндей зақымдайды, бірақ патологиялық өзгерістер бауырда болады.

Дайындаған: Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

  1. Улпан :

    Менингитпен ауырған баланың денесіндегі бөрітпе жұлдызша тәрізді болады ма?

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + seven =