Саудагерлер мәселесі шешіледі

0 50

Нұр-Сұлтан қаласының орталық базар әкімшілігі сатушылардан карантин кезеңі үшін де бутиктерді жалға алу құнын толық төлеуді талап етті. Әйтпесе ешкімді жұмыс орнына, тіпті өздерінің тауарларына жібермейтінін ескертті. Оған саудагерлер жаппай наразылық білдірді.Наразылық соңы әжептәуір шиеленіске ұласып кете жаздады. Оқиға ­орнына полиция келіп ­же­тіп, азаматтарды тыныштандыруға тырысты. Айта кетейік, бір бутикті жалға алу құны айына 100 мың теңгеден (237 доллар) басталып, одан да қымбаттай береді. Базар әкімшілігі саудагерлерден оған қоса коммуналдық қыз­меттер төлемін де өтеуді талап еткен.
Кейінірек бұл түсінбеу­шілікті реттеуге қала билігі араласты. Байқоңыр ауданы әкімдігі мен қалалық ­Инвес­тициялар және кәсіпкер­лікті дамыту басқармасы жалға беруші (орталық базар) мен жалға алушылар арасындағы төтенше жағ­дай режимі кезіндегі жалға алу ақысы бойынша түсініспеу­шілікті шешті.
«Бүгінгі таңда мәселе шешілді, тараптар келісімге келді, төтенше жағдай және карантин кезеңіндегі уақыт үшін жалға алу төлемі алынбайтын болды. Төлемді бұған дейін жасағандар үшін төленген күндер негізінде қайта есептеу жүргізіледі», делінген қала әкімдігінің баспасөз хабарламасында.
Сондай-ақ базар әкімшілігінің айтуынша, алдағы 2 аптаға жалға алу төлемін кейінге шегеру ұсынылған.
Саудагерлер мен базар әкімшілігі арасындағы түсінбеушілік реттелді, бірақ осы оқиғадан кейін көпшіліктің көңілінде қыжыл қалғанын да ашық айтқан дұрыс.
Мәселен, Қайрат деген азамат: «Осының бәрін шу шығармай, полиция шақырт­пай, жұмыс бабында шеше салуға болатын еді ғой. Бұл Орталық базар әкімшілігінің кінәсі» десе, Қуан ­Қиқымбаев: «Қазір халықтың сіркесі су көтермей жүр. Жұмыстың бәрі тоқтап тұр. Алыпсатарлар осы саудамен күн көріп, отбасыларын асырап отыр. Мемлекет соны түсінбей ме, түсіне алмай ма? Бізге атқарушы биліктен, базар әкімшілігінен ештеңенің керегі жоқ, тек жұмыс істеуге бөгет жасамаса болды» дейді ашынып.
Сергей Зинченко деген азамат: «Адамдар 2 айға таяу карантинде отырды, оларда жалға алу құнын төлейтін ақша қайдан болсын?! ­Базардың коммуналдық ­қызметтері үшін төлем төлемек түгілі пәтердің коммуналдық ақысын төлеуге ақша таппай отырмыз» деп кейіді. Мәлика есімді келіншек ­«Карантин кезінде адамдар арасында өзара түсіністік ­болуы керек, қызметтер құны төмендетілуі тиіс. Қазір кімге оңай дейсің? Осындай алмағайып шақта базар қожайындары жалға алу бағасын төмендетуге міндетті» деп қынжылды.
Аты-жөнін атамаған енді бір жігіт былай деді: ­«Мәселені ушықтырмай шешуге болатын еді ғой. Бұл бір күннің проблемасы емес. Қазір Қазақстанның барлық аймақтарында жалға алу, сауда орындары мен базарлардың жұмыс істеу жағдайына қатысты түрлі мәселелер туындап жатыр. Үкімет осыны ескеріп, тұтас республика бойынша төтенше жағдайлар кезінде жалға алу құны төленбейді деген қаулы қабылдауы керек сияқ­ты» деген ойын білдірді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 12 =