«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сауда орталықтарында «аутизм сағаты» өтсе…

0 127

Үстіңгі қабатта тұратын көрші апайдың баласы аутизммен ауырады. Жүріс-тұрысы ерекше балақайды бірнеше рет есік алдында көргенмін. Өткен күні анасымен аулада әңгімелесіп қалдым. «Өскен сайын ұлыммен бірге сыртқа шығу қиындап барады. Жай ғана киім алудың өзі – үлкен проблема. Сауда орталықтарындағы жарық шамдар, музыка, ерсілі-қарсылы жүрген нөпір – бәрі бұның басын ауыртады» деп мұңын шақты келіншек.

Онысы рас. Астана ғана емес, жалпы еліміздің бірде-бір ірі дүкендері мен сауда орталықтарында аутист балалардың қамы ескерілмеген. Әйтпесе «ерекше» балдыр­ғандар да басқа құрдастары секілді отбасымен бірге дүкен аралап, шопинг жасағысы келмейді дейсіз бе?! Ресми деректер бойынша Қазақ­станда 3 мыңнан аса аутист бала бар. Қандай да бір себеппен бұл есепке кірмей қалғандары қаншама. Сол жеткіншектердің қоғаммен араласуына сәл жағдай жасап, жаңағыдай орындарда «Аутизм сағаты» сияқты шараларды ұйымдастырса жақсы болар еді. «Аутизм сағаты» дегенді қайдан алып отыр дейсіз бе? Айтайын.
Былтыр Ұлыбританияның Ұлттық аутизм қоғамы елдегі дүкендер мен сауда орталықтарына хат жолдап, «Аутизм сағатын» өткізуге ұсыныс тастаған еді. Өйткені аталмыш ұйым содан сәл уақыт бұрын аутист балалар мен ересектер арасында сауалнама жүргізіп, нәтижесінде олардың 79 пайызы өздерін қоғамнан оқшау сезінетіні, ал 64 пайызы шопингтен мүлде бас тартқаны туралы мәлімет алған. Бұдан соң ұйым мүшелері аутист кісілерден шопинг үшін қандай қолайлы жағдайлар қажет екенін сұрап, ең жиі қайталанатын сұраныстарды топтастырған. Сөйтіп «Аутизм сағатын» ұйымдастыруға керекті 4 критерийді бекіткен. Бірінші талап – ғимарат ішінде шығатын дыбыстарды барынша азайтып, музыканы сөндіру. Негізінен, аутизм синдромы бар кісілердің ірі сауда орталықтарына баруына кедергі тигізетін ең маңызды нәрсе шудың шектен тыс көп болуы екен. Осы критерийдің аясында дүкен қызметкерлерінің арасында микрофон арқылы болатын диалогтар да қысқартылады. Екіншісі – жарықты, әсіресе, көз қарықтыратын флуоресцентті шамдарды мейлінше бәсеңдету. Үшінші талап бойынша әрбір тұтынушының шопинг жасау тәжірибесін барынша ыңғайлы ету үшін сауда орнының әкімшілігі өз қызметкерлеріне аутизм туралы ақпарат беруі тиіс. Соның арқасында олар аутист адамдармен қарым-қатынас жасау әдебін үйренеді. Төртіншіден, дүкен қызметкерлері келуші қонақтарға «Аутизм сағаты» туралы жан-жақты мағлұмат береді. Сол арқылы адамдар «ерекше» кісілердің жанында өздерін қалай ұстау керектігі жайлы хабардар бола алады.
Ұйымның бұл ұсынысын былтыр британиялық 5 мың­дай дүкен қолдаса, биыл олар­дың саны 10 мыңнан асты. Бүгінде Morrisons, Tesco, Debenhams, The Entertainer, Clarks, Asda, Coles, Sainsbury, Boots секілді танымал сауда орындары бүкіл Біріккен Корольдіктегі филиалдарын жұмылдырып, белгілі бір уақыт сайын «Аутизм сағатын» өткізеді. Бұлардан бөлек, алдағы уақытта Tate Liverpool сияқты музейлер де аталмыш шараны ұйымдастыруға қызығушылық танытып отыр. Айтпақшы, халық «Аутизм сағатының» қай жерде және қай кезде өтетіні туралы ақпаратты Ұлттық аутизм қоғамының сайтындағы карта арқылы білуіне болады.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды