Сауда орталықтары қауіпсіз бе?

0 21

Елорда әкімдігінің ұтқыр тобы, полицейлер мен эпидемиолог-мамандар бірлесіп, бас шаһардағы сауда орталықтарына кезекті тексеру жұмыстарын жүргізді.Бұған дейін жүргізілген тексерулерде «Еуразия» сауда орталығы мен «Аружан» сауда, ойын-сауық орталығының бірнеше рет санитарлық талаптарды бұзғаны анықталған болатын.
– Күндіз-түні, демалыс күндеріне қарамай тексеру жүргіздік. Бетпердесіз жүру, арақашықтық сақтамау, тепловизорлардың болмауы және ет сататын қызметкерлердің медициналық бетперде мен қолғапсыз қызмет көрсетуі сияқты санитарлық талаптарды сақтамаған жағдайлар көбірек анықталды. Ал бүгінгі тексеру барысында «Еуразия» сауда үйінің барлық санитарлық талаптарға сай жұмыс жүргізіп жатқанын көрдік, – деді Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялық және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы сауда және қызмет көрсету саласының бас маманы Азамат Рашитов.
Қазіргі таңда қала бойынша 494 нысан тексерістен өткен. Соның ішінде 174 сауда орталығының санитарлық талаптарға сай еместігі анықталып, ескертулер жасалды. Бұған дейін санитарлық талаптарды бұзғаны анықталып, уақытша жұмысын тоқтатқан 71 нысан кезекті тексерістен сәтті өтіп, қайта ашылды. «Біз жоқ жерден сылтау тауып, сауда нысандарының жұмысын тоқтатуды мақсат етіп жүрген жоқпыз. Басты мақсатымыз – санитарлық талаптардың сақталуын қадағалау» деп атап өтті А.Рашитов.
Аталған сауда үйінің кіреберісінде тұрғындар дене температурасын өлшеуден бас тартса, я бетпердесі болмаса, ішке кіргізілмейді. «Қазір бұл базарда асхана, шаштараз, сұлулық салондары мен азық-түлік, ет сататын орындар санитарлық талаптарды сақтай отырып жұмыс істеп жатыр» деп түсіндірді «Еуразия» сауда орталығының заңды өкілі Артем Куткин.
Бас қаладағы «Арзан» мен «Аружан» сауда, ойын-сауық орталықтарына да тексеру жүргізілді. «Жоспарланған нысандарды тексеруге ешкімге ескертпей төте барамыз. Егер санитарлық талаптарды сақтамағаны анықталса, ірі сауда орындары үш күнде, кішігірім дүкендер бір тәулікте талап бойынша түзетулер енгізуі тиіс. Бүгін тексеру жүргізілген «Арзан» сауда үйінде барлық санитарлық талаптар сақталған. Сатушылар да, сатып алушылар да бетперде таққан, барлық жерлерде антисептик тұр. Есікке «бетпердесіз кіруге болмайды» деген ескертпе жабыстырылған» деді Алматы ауданының Тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасын бақылау басқармасының жетекші маманы Ергеш Бексұлтан.
Тексеру барысында санитарлық нормаларды сақтамаған 4 нысан жабылды. Мәселен, «Мята» ­лаунж-барында (Қабанбай батыр даңғылы) келушілерге кальян ұсынылғаны анықталып, мекеме жабылды. Аталған нысандар санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың қатаң сақталуын қамтамасыз етпейінше ашылмайды.
Елорда әкімдігінің мобильді тобы, полицейлер мен эпиде­миолог-мамандар жоспар бойынша сауда орталықтары, монша, шаштараз, сұлулық салондары, кинотеатр мен жаттығу залдары сияқты нысандарда санитарлық талаптардың сақталуын қадағалау жұмыстарын карантин біткенше жалғастырады.

Наима ҚҰРАЛБАЕВА,
студент

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − one =