САУДА АЙНАЛЫМЫ АРТАДЫ

0 125

Қазақстан мен Латвия арасындағы сауда айналымын 500 миллион долларға жеткізу қажет. Кеше Ақордада елімізге ресми сапармен келген Латвия Республикасының Президенті Андрис Берзиньшпен кездескеннен кейінгі баспасөз мәслихатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді деп хабарлады «Қазақпарат» агенттігі.

«Барлық деңгейде тұрақты және жемісті диалог орнап келеді. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөнінде де мемлекетаралық комиссия жұмыс істейді. Тек былтырғы жылдың ішінде екі елдің арасындағы тауар айналымы 50 пайызға өсті» деді Елбасы. Мемлекет басшысының атап өтуінше, қазіргі уақытта екі елдің арасындағы сауда-саттық көлемі 350 млн долларға жетіп отыр. Кездесу барысында екі елдің президенттері бұл көрсеткішті таяу аралықта жарты млрд. долларға жеткізу мәселесін қозғаған. «Осы орайда қазақ-латыш бизнес форумының бүгін Астанада, ертең Алматыда өтуі екі елдің арасындағы бизнес қатынастарды нығайтады деп сенемін» деді Елбасы.

Айта кетейік, 1993-2012 жылдар аралы­ғын­да Латвиядан елімізге келген тікелей ин­­вестиция көлемі 38,2 млн АҚШ долларын құрайды. Қазақстанда латвиялық капиталдың қатысуымен 138 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі сауда, қаржы ұйымдарына кеңес беру, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтер саласында жұмыс істейді.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 + 6 =