Сауал – сізден, жауап – бізден

Керек кеңес

0 20

Елімізде COVID-19 короновирустық инфекциясының таралуына байланысты жұмыссыздық мәселесі өзекті болып отыр. Халықты жұмыспен қамту аясында қандай мемлекеттік жобалар жүзеге асырылуда? Жұмысқа орналасудың оңай жолы қайсы? Аталмыш сұрақтар төңірегінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы Аймира Муксуловадан жауап алдық.Халықты жұмыспен қамту орталықтарының негізгі мақсаты – азаматтар мен жұмыс берушілерге еңбек делдалдығын көрсету, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын жүзеге асыру, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды ұйымдастыру. Бүгінде елордалық орталық аталмыш бағытта «Еңбек», «Жұмыспен қамтудың Жол картасы», «Жастар тәжірибесі» мен «Қоғамдық жұмыстар» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруда.
«2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында қазіргі уақытта 3137 адам жұмыспен қамтылған. Нұр-Сұлтан қалалық жұмыспен қамту орталығы 7 628 адамға жұмыс беруді жоспарлап отыр. 101 ұйыммен ниет хаттамасы жасалды. Елорда тұрғындары әр түрлі салада іске қосылған 95 инфрақұрылымдық жоба бойынша жұмысқа тұра алады.
Ал, жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіптік оқыту, жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант беру, және шағын несиелеу бойынша кеңес беру жұмыстары жүзеге асырылады. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бойынша барлық ақпараттар ХЖҚО-ның Instagram және Facebook парақшаларында жарияланады.

«Жастар тәжірибесі»

Мақсаты- мамандық бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін беру. Бұл бағдарламаға арнайы меңгерген кәсібі (мамандығы) бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының, 29 жастан аспаған түлектері қатарындағы жұмыссыздар қатыса алады. Тәжірибе 6 айдан аспайды.

«Қоғамдық жұмыстар»

Қоғамдық жұмыстар – халықты жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастыратын, жұмыскердiң алдын ала кәсiптік даярлаудан өтуiн талап етпейтiн, олардың уақытша жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшiн әлеуметтiк пайдалы бағыттағы еңбек қызметiнiң түрлерi. Денсаулыққа зиян келтірмейтін және оқу үдерісін бұзбайтын жұмыстарға жазғы демалыс кезеңінде студенттер мен жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары және жұмыссыз азаматтар өтінім бере алады. Қоғамдық жұмыстардың ұзақтығы 12 айдан аспайды.
Естеріңізге сала кетейік, COVID-19 короновирустық инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында, жұмыспен қамту орталығы (Бейбітшілік көшесі 25 ) және «Жанұя» орталығы (Бейбітшілік көшесі 14) қашықтан қызмет көрсетеді. Азаматтар барлық қызмет түрлерін ХЖҚО-ның электрондық поштасы және мобильді байланыс құралдары арқылы онлайн ала алады.

Ол үшін:
1) 57-88-88 нөміріне қоңырау шалу
2) қажетті қызмет санын таңдау
3) маманмен байланысу қажет
Қызмет түрлері туралы қосымша ақпарат ХЖҚО-ның әлеуметтік желілерінде (fs: @cz.astana.kz, inst: @czn_astana) қолжетімді.
Жұмыссыз ретінде тіркелу үшін төмендегі нөмірлерге хабарласыңыз: 57-88-88, 95-44-20, 57-86-19, +7(777) 116 8276, +7(777) 116 8273

дайындаған
Фарида КАРИМОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 + fifteen =