Алаңдатқан сауалдарға – жауап

0 72

Биыл 1-сыныпқа балаларын дайындауда ата-аналар шешімін таппай жүрген мәселелер аз емес. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының баспасөз хатшысы Алтынай ЗАРЛЫҚҚЫЗЫНА бірнеше сауал жолдадық.

– Егер үйде компьютер не ғаламтор болмаған жағдайда, ата-аналар не істеу керек?
– Әр орта мектепте 1-сыныпқа балаларды қабылдау үшін комиссия құрылады. Егер компьютер жұмыс істемей немесе интернет жоқ болса, бағдарлама қатып қалатындай техникалық проблемалар туындаса, мектеп әкімшілігі құжаттарды қағаз жүзінде қабылдауға міндетті.
– Мамандандырылған мектептерге құжат қалай қабылданады?
– Нұр-Сұлтан қаласындағы №81 «Астана ағылшын мектебі», №82 «Дарын» мамандандырылған мектептері балаларды 1-сыныптан бастап қабылдайды. Құжаттарды электронды форматта 2020 жылдың 15 мамыры мен 17 маусымы аралығында қабылдайды. Бұл оқу орындарына балаларды қабылдау үшін тестілеу 2020 жылдың 18 маусымында басталады.

Ата-аналарды алаңдатқан сауалдар

– 1 сыныпқа бару үшін медициналық тексерістен жеке клиникалардан өтуге бола ма?
– Медициналық тексеруден тұрғылықты жерінде тіркелген емханадан және ата-аналардың өтініші бойынша жеке клиникадан да өтуге болады.
– Егер баламыз 1-сыныпқа дейін ешқандай орталықта қосымша дайындықтан өтпесе, қабылдана ма?
– Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілген үлгілік қабылдау ережелеріне сәйкес, баланы 1-сыныпқа қабылдау кезінде дайындық курстарынан өту талап етілмейді. Сондай-ақ балалар даму орталықтарына, шағын орталықтарға немесе басқа мекемелерге бармай-ақ 1-сыныпқа қабылданады.

Балабақшаға кімдерді қабылдайды?

Биыл елордалық 20198 бүлдіршін алғаш рет мектепке дейінгі мекемелерге бармақ. 17 маусымнан бастап барлық мектепке дейінгі ұйымдарға құжат қабылдауды бастау жоспарлануда. e.astana.kz немесе indigo24.kz электронды жүйесінде мектепке дейінгі ұйымдардан босаған 20198 орын жарияланады.

Оның ішінде жекеменшік балабақшалар мен шағын орталықтар да бар. Босаған орындардың ішінде 2018 жылы туғандарға – 2442 орын, 2017 жылы туғандарға – 7877 орын, 2016 жылы туғандарға – 5449 орын, 2015 жылы туғандарға 4430 орын қарастырылған. 1 маусымнан барлық мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда сағат 8.00-ден 18.00-ге дейін ата-аналар үшін онлайн-консультациялар ұйымдастырылды. Ата-аналар қажет жағдайда қатаң санитарлық-дезинфекциялық шараларды сақтай отырып, мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдар жанындағы консультациялық пункттердің көмегіне жүгіне алады. Топтастыруды өткізу кестесі мен жолдамаларды алу бойынша ақпарат барлық интернет ресурстарда: Білім басқармасының сайтында (www.bilim.astana.kz), әкімдіктің сайтында (astana.gov.kz), электрондық жүйеде (e.astana.kz немесе indigo24.kz) орналастырылады. Ал карантиндік шаралар режиміне байланысты берілген жолдамалардың мерзімі ата-ананың қатысуынсыз автоматты түрде жүйеде ұзартылады. Барлық туындайтын сұрақтар бойынша Call-орталыққа 55-68-83, 55-68-73, 1445 телефондары арқылы хабарласуға болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + 18 =