Сауал – сізден, жауап – бізден

0 76

– Үйде отырған анамын, қазір балабақшаға баламды апара аламын ба?

Сұраққа Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің маманы Әсел Есболатқызы жауап береді:– Қазір елордадағы 95 балабақшаның барлығы да жұмыс істеп тұр. Барлығында кезекші топ жұмыс істейді. Оған алдымен жұмысбасты ата-аналардың балалары қабылданған болатын. Енді әр ата-ана қалауымен баласын қайтадан балабақшаға әкелуге қақы бар. Тек бір топта 15 баладан аспау керек.

1 маусымнан бастап елордада 1-сыныпқа оқушылар құжатын қабылдау басталды. Құжатты ата-ана бұрынғыдай табанынан тозып жүріп тапсырмайды, үйде отырып интернеттің игілігіне жүгінеді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының баспасөз хатшысы Алтынай Зарлық нақты сауалдарға жауап берді.

– Сыныпқа құжат қабылдау мерзімі туралы айтсаңыз.

– Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы № 564 бұйрығымен бекітілген Бастауыш және орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқуға қабылдаудың типтік ережелеріне сәйкес құжаттарды қабылдау 1 мау­сымда басталды. Бірақ қазіргі уақытта бұл нормативтік актіге түзетулер енгізіліп жатқанын атап өту керек (келесі жылдан бастап 1-сынып оқушыларына құжаттарды қабылдау маусымнан емес, 1 сәуірден басталып, 1 тамызға дейін жалғасады).

– Автоматтандыру қызметіне ата-аналар қалай қосылады?

– Балаларды 1-сыныпқа қабылдау сондай-ақ мектептен мектепке, сыныптан сыныпқа ауысу қызметі «Электронды үкімет» eGov.kz порталы арқылы автоматтандырылған. Бұл жүйе тұрғылықты жері бойынша да, қалауы бойынша да мектеп таңдауға мүмкіндік береді.

– Порталға тіркеліп, құжат өткізу үшін не істеу керек?

– Ата-аналар eGov.kz порталының «Білім» бөліміне өтіп, «Орта білім», мектепті таңдап, қажетті құжаттармен бірге өтініш жібереді. Құжаттар пакетін тапсырғаннан кейін 15 минуттай күтеді. Баланың қабылданғаны туралы немесе өзге де дәлелді себептермен бас тарту туралы хабарлама ата-ананың «жеке кабинетіне» жіберіледі.

– Ол үшін қандай құжаттар қажет?

– Бұл үшін ата-ана тек қана 4 құжат тапсыруы қажет – баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі; «Бала денсаулығы паспорты» 026/у-3 форма; 063/у нысан бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат; 3×4 көлеміндегі фото – екі дана. Мектептің қабылдау комиссиясы оқуға өтініш берген кезде басқа қосымша құжаттарды талап етпеуі тиіс.

Ата-ананы алаңдатқан сауалдар

– Балаларымыздың қайда, кіммен жүргенін біліп отыру үшін қоңыраулы сағатқа рұқсат беріле ме?

– Әр мектеп оқушыларға қоңыраулы сағатқа рұқсат беру немесе бермеуді өздері шешеді. Мектептің жарғысында, сондай-ақ ішкі ережелерде ата-аналар мен оқушылардың құқықтары мен міндеттері көрсетілген. Соған сай әрекет етеді.

– Мектептерде 1-сыныпқа оқушыларды дайындау тобы ұйымдастырыла ма?

– Биыл тамыз айында барлық елорда мектептерінде балаларды 1-сынып­қа дайындау үшін арнайы топ жұмыс істейді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × four =