САТИРАҒА ТАҚЫРЫП ТАППАУДЫҢ ӨЗІ – САТИРА

0 133

Бейбіт САРЫБАЙ, пернетақтаны тәуір түртетін жігіт:

Бұл өзі… ақын, жазушы, сатирик, фейсбуктің жұлдызы, м-агенттің гүлі, бір қыздың күйеуі, екі қыздың әкесі. Несиеге алған ноутбугын кез келген жерге ыңғайлап алып, көңілі қалаған тақырыпты сәті түскен жанрларда жатып та, отырып та, тұрып та тықылдата береді. Әлеуметтік желілерге іліп кеп жіберетін қазба… тойыс, жазбаларының бәрі – хит! Фанаттары шөптен көп пе деп отырмыз. Білетіндердің айтуынша, қолы қалт еткен уақытта темекі шегеді, ит таластырады, тауық төбелестіреді, одан басқа да бірдеңелерді істейді. Әйтеуір, көңілді. Аһылап-үхілеп, бейбіт күнде берекесі кетіп жүргенін байқап қалған ешкім жоқ. Сонысына қарағанда, мында өзі айтқандай, ең жалқау емес, сәл жалқаулау қаламгер сияқты. 

– Беке, тұп-тура «крутой нөмір» (777) қаламдастарыңның басын құрап отырған үлкен ғимараттың іші-сыртында не гәп?
– Сыртынан бастайық… Жақсылықты көруге құмар көзіңізді тырнап ашып, жұмысқа сағат ондар шамасында келсеңіз, көлігіңізді қояр орын таппай қаласыз. Және сол сықиған темір тұлпарлардың ішінде орыс даласында «жаратылғаны» жоқ. Демек, біздің әріптестердің әлеуметтік жағдайы жаман емес-ау…
Ішіне кірсеңіз, бір-бір үйдің тірегі болған аға-әпкелеріміз бас алмай жұмыс істеп отырады. Айтуға болмайтын сөздің өзін ебін тауып сыбырлай алатын сөз шеберлері шетінен! Жаман нәрсені «нашар» деп ашық айтпаса да, «жақсы емес» деп жеткізе алады. Іштеріндегі ең жалқауы болғасын, менде әріптестерімнің еңбекқорлықтарына тамсанғаннан басқа қайран жоқ. Кейбір күндеріміз бос өткенде, келіп-кеткен жол шығының мен ішкен асың түгіл, мекеменің ақшасының өзін аяп кетемін. «Арамтамақ» деген – жақсы ат емес. Қысқаша қайырғанда, үлкен ғимараттың іші-сырты осылай.

– «Тілінің қотыры бар» қырсықтар оны қайда қасу керектігін менен сұрайды. «Бейбіттен біліп берейінші…» дей салдым. Қазіргі қазақ сатирасының ошақ айналасынан басқа да тақырыбы бар ма еді?.. Жалпы, өзің кімге, неге, не үшін күле қарадың?
– Басқаны қайдам, өзіміз «жазушы болсақ» деген арманның жолында жүріп келеміз. Біздің күлкі – кәсіби күлкі емес. Кәсіби күлкінің сауалына лайықты жауапты Көпен, Толымбек сынды ағаларымыз берер. Ал, тілдің қотырын қайда қасу жағы үлкен мәселе емес. «Қаситын» жер көп-ақ. Айналаңызға қараңыз, мүмкіндіктер жеткілікті.
Енді кімнің неге күлмегі әркімнің сауатына байланыс­ты. Саяси сауатыңыз болмаса, билікке қалай күлмексіз?! Қазан-ошақтың басындағы әзілді сол қазан-ошақтан ұзап шықпағандар айтады. Бірақ, от жағып жүрген әйел туралы әзіліңіздің бір ұшын жоғарғы жаққа тіреп тастауға болады ғой. Демек, көре білу мен айта білудің кереметтігі – көз бен ауыздың ортасындағы мидың жұмысы. Мынадай күлкілі заманда, біртүрлі қоғамда сатираға тақырып таппаудың өзі – сатира. Айта білетін адамға сөз көп. Біріміздің шамамыз жетпей жатады, біріміз ден қоймаймыз, біріміз атүсті айта саламыз.
Оспанхан Әубәкіров пен Әзиз Несиннің көркемдік биікке көтерілуі осы жанрды сүюінде шығар. Ал, мен кімге, қай бетіммен күлемін? Әншейін әзілдеп жүрмін. Ал, бұл сұрақты «сізді кім күлдіре алады?» деп түсінсек, Дулат Исабеков пен Тынымбай Нұрмағанбетовты оқысам, рахаттанып күліп аламын. Тынымбайдың «Мешкейі» мен «Ауғандық құстарын» оқысаңыз, баймын деп шалқып жүргендердің бейшара екеніне көз жеткізесіз. Сұмдық мысқылдайды ғой Тынымбай ағамыз!

– Газет сататын көршім әлеуметтік желіде «әләуләйі» көп жастардың қағаз парақтай алмайтынына өкпелі. Біздің братешкілер шынымен де «компьютер басты жарты адамдар» болып кеткен жоқ па екен, ә?
– Нан жеп отырған газетімізге жазған «Қош бол, қағаз!» деген мақаламызда бұл жайында кеңірек айтқанбыз. Адамдар қағазды әжетханада ғана кездестіретін заман келмесіне кім кепіл?
ХХІІ ғасырда адам баласының қағазға деген сағынышы оянуы мүмкін. Ал, қазір бұл тақырыппен етекті жасқа толтыруға болады.

– Елде жаңалық көп, иә? Оқылатыны (оқығаның, оқитының) қайсы?
– Көп оқи бермеймін. Өйткені, сатылып, атылып, ұрланып, сотталып жатқандар жаңалық емес. Былтыр жөнделуге тиіс жолдың биыл жамалғаны да жаңалық па? Жасалуы керек нәрсе – жасалуы керек! Демек, біз күткен жаңалық жуық арада бола қоймас.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven − 7 =