«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сәті түспеген сұхбат

0 1  222

Қазақстандағы баспа ісінің дамуына үлес қосқан жастардың бірі – Аида Сыздық. Оның редакторлығымен небір игі жақсылардың кітабы басылып шықты. Алдан Смайылдың «Астана ғасырлары», Әділ Ахметовтың «Байырғы америкалықтардың алтайлық тегі», Әбдіуақап Қараның «Мұстафа Шоқайы». Аида осындай тұлғалармен жұмыс істеген жауапкершілігі мол мықты маман еді…

«100 жаңа есім» жобасына ұсынылған жастардың арасынан Аиданы іздегеніміз рас.  Мақсатымыз Қазақстанның аударма, баспа ісіне  қатысты тың ойларын оқырманға жеткізу еді. Аида «Астана ақшамы» дайындаған сауалдарға денсаулығына байланысты кешірек жауап беретінін айтты. Өкініштісі, тура екі апта өткеннен кейін Аиданың қайтыс болғаны туралы хабарды әлеуметтік желіден естіп, абдырап қалдық. Сұхбатымызға жауап алып үлгермегендіктен Аида туралы өзіміз жазғанды жөн көрдік.

Аида Сыздық – қазақ әдебиетіндегі болмысы бөлек жазушы Бұқара Тышқанбаевтың тікелей ұрпағы. Анасы Райхан Мәженқызы жазушы, елге танымал баспа ісінің үздігі. Мамандығын жетілдіру мақсатында Аида «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Стирлинг университетінде баспа ісі бойынша магистратурада білім алды. Елге келгеннен кейін баспа ісінің дамуына бар күшін арнады. Оның ішінде балалар әдебиетін дамытуға қосқан үлесі өз алдына. Бірнеше тіл білетін Аида атақты жазушы Дэниел Ергиннің «The Quest» кітабын қазақша сөйлетуге атсалысты. Әлемдік бестселлерді аудару үшін аудармашыға қойылатын барлық талапқа жауап беретін шын мәніндегі сауатты маман еді…

Елімізге белгілі жазушы Роза Мұқанова Аиданың ерекше қыз болғанын айтады. Жып-жылы жымиып, жүзінен мейірім төгіліп тұратын Аида бала кезінде ұяң болғанымен есейе келе өжетке айналған екен.

«Шетелде білім алды. Еліне қызмет етуді басты мақсат тұтты. Асқардай азаматты жар етті, дүниеге алтын асықтай үш ұл, бір қыз әкелді. Балаларына ғажап тәлім-тәрбие берді. Әдетте адам баласы мінсіз болмайды дейміз ғой, ал Аидажан мінсіз еді. Кескін-келбетінде де, мінезі мен жаратылысында да ерекше көркемдік байқалатын. Оның жап-жас болып үйлесімді отбасын құрып, ағайын-туыстың береке, ұйтқысы бола білуі де қасиеттіліктің көрінісі болатын. Өмірінің соңында анасына айтқан аманаты, ата-енесіне деген құрметі, сүйікті жары Асқарға деген махаббаты жан тебірентеді. Бар-жоғы отыз бес жас қана жасады. Сол аралықта өзін қандай мәдениетті ұстады. Қандай сабырлы жан еді. Аида дүниеден өткенде дәрігері бір оқиғаны баян етті. Аида үшінші баласына толғатып отырып, намазын қаза жібермей оқып отырды дейді. Оның бойында қазақ қыздарының қайсарлығы, ұлы аналардың сабырлығы бірдей үйлесім тауып тұратын. Аққудай иілген Аиданың бейнесінде сұлулықпен бірге ұлы аналарымыздың жастық шағы бірге кеткендей көрінді», – дейді Роза Мұқанова.

Курстас әрі сырлас досы Гүлшекер Хуанбай бізбен әңгімелескенде сонау 1999-2004 жылдар аралығында Аидамен бірге өткізген жылдарды сағынышпен еске алды.

«Аз ба, көп пе… жиырма жылдық ғұмырым Аидамен бірге өтіпті. Бізде әлем әдебиеті деген пән бар еді. Сол пәннен кейін Джек Лондонның шығармаларына қатты қызықтым. Оны естіген Аида мені үйіне қоймай ертіп келді. Сөйтіп, жазушының шығармаларын ағылшын тіліндегі түпнұсқадан еркін аударып берді. Шынымды айтсам, екеуміз адам баласының ғұмырындағы ең бір алтын кезеңі жастық шағымызды бірге өткіздік. Бірге ғашық болдық, бір кезеңде тұрмыс құрып, бір кезеңде ана атандық… Арамыздағы достық пен сыйластық еш үзілмеді. Алғаш рет ауырып қалғанын естіген кезде, шетелде оқуда едім. Телефон соғып, келетінімді айтқанда, «Қой, қазір өліп қалмайтын шығармын енді, асықпай оқуыңды бітіріп кел, «Болашаққа» қойған кепілдігің бар емес пе?» деп күлген еді.  Әттең, қанша ұзақ болса да оқу мерзімім аяқталып, елге оралдым ғой. Ал, ол бізді тастап кете барды», – дейді құрбысы Гүлшекер Хуанбай.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды