СӘТ САПАР САҒАН, ЖАС ТҮЛЕК!

0 305

25 мамыр күні төрт мыңнан аса астаналық мектеп бітірушілер сыңғырлаған күміс қоңыраудың даусына соңғы рет құлақ құрышын қандырып, өмір дейтін үлкен өзеннің ағысына құлаш ұрды.

Ақ бантигін тағынған алмадай қыздар мен маңдайлары жарқырап, алшаң басқан өріктей ұлдар, әрбір үйдің алақанға салып аялаған алтындары дәл осы күні елорда көше­лері­нің көркіне айналды десек, артық айтқандық емес. Оларға арнап қала­мыз­дың бірнеше жерінде, атап айтсақ «Арай» саябағында, Студенттер аллея­сында, Қаржы министрлігінің алдын­да­ғы алаңда мерекелік шаралар ұйымдастырылды.

Алдымен, «Арай» саябағына ат басын бұрдық. Мұнда ұстаздар қауымы мен ата-аналардан бөлек, аға-апаларына ақ жол тілеуге Оқушылар сарайының өнерпаз өрендері жиналыпты. Олар қуаныш иелерінің алдында ән айтып, би биледі.

– Биыл 4042 оқушы мектеп бітірді. Олардың ішінде 136 түлек «Алтын белгіге» үміткер, 3588 оқушы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады, – деп аз-кем мәлімет берді Білім басқармасы басшының орынбасары Қасымхан Сенғазыев. Оның айтуынша, елордалық мектептер үшін оқу жылы олжалы аяқталып отыр. Өйткені білім сапасы мен білімдар шәкірттердің жетістіктерімен салмақтағанда, көрсеткіштерге көңіл толады.

Әр мектептің осы ортақ іске қосқан тамшыдай үлесі дәл сол күнгі оқу жылын қорытындылаған, балапанынан баулыған түлектерімен қош айтысқан салтанатты жиында жарқын-жарқын тілекке желеу болғанында сөз жоқ.

Бұл күні Ақан Құрманов атындағы №17 мектеп-гимназияның соңғы қоңы­рау салтанатына Астана қаласы бас­қар­масының басшысы Эльмира Суханбердиева, Парламент Мәжілісінің депутаты Светлана Романовская, Парламент Сенатының депутаты Қайрат Ищанов қадірменді қонақ ретінде қатысып, ата-аналарға жылы лебіздерін білдірді.

Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев, Астана қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Сматаева, Есіл ауданы білім бөлімінің бас маманы Әлкебатыр Баймақашевтан құралған тағы бір мұрапалы топ сол жағалаудағы №69 мектеп-гимназияда болып, ұстаздар қауымы мен оқушыларды жылдың жемісті аяқталуымен құттықтады.

Құрбыларымен қоштасу вальсін билеген бозбалалар мен бойжеткендерге ұстаздары соңғы рет сынып сағатын өткізіп, өмір деген сындарлы жолға салды.

Еділ БӨКЕЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 + 9 =