САША – ЖҰМАБАЙДЫҢ ЖАЛҒАСЫ

0 97

Сұрапыл соғыс соңына жетіп, әйтеуір, жеңдік қой. Майдан даласында қан кешіп, от құшқан сарбаздардың бес жыл бойғы алапат қырғыннан аман қалғандары елге оралып болды. «Қара қағаз» да, хабар-ошар да жоқ бірен-сараны ғана жесірі мен жетімін батысқа телмірткені болмаса. Олар да келер, келіп жатыр ғой. Әлгі, құрып кеткір «қара қағаз» келгендер де келіп жатыр көктен түскендей болып. Келер… Бұл – түкпірдегі шағын ауылдықтардың көкейіндегісі.

Жұмабай да соғыстың соңын ала бір аяғын неміске тастап жетті осы ауылға. Ол соғысқа кеткенде екі жасар Кәмилә мен келіншегінің ішінде қалған, бүгінде бес жастағы Амангүл бұрымдарын желбіретіп алдынан жүгіре шығып еді. Балдағын қолтығына сүйей сала, екеуін екі иығына оп-оңай көтеріп алған. Маңдайларынан кезек-кезек шөпілдетіп, көзінен қуаныштың жасы мөлтілдеп тамып еді-ау. …Содан бері де тұп-тура бір мүшел артта қалыпты. Жұрттың санасына соғыс салған жара біртіндеп айығып, бейбіт заман ағымы сырғи берді. Жұмабайдың да отбасында бірқалыпты тіршілік. Сол екі қызынан кейін құрсақ көтермеген әйелі қарнын да, балтырын да май басқан кексе қатынға айналып барады. Кейде кінәні өзінен де көретіні бар. Құрғыр бел қанқызыл қырғында не көрмеді?.. Отқа да, мұзға да төселген жоқ па.

Қыздарының үлкені көрші ауылдағы сидиған, сидиса да, пысық бір жігіттің етегінен ұстап кеткеніне бір жарым жыл. Күйеу баланы жетім демеді, әкелі ұл арагідік еді ол кезде, сосын ғой қызының бетінен қақпады. Батасын берді, жіберді. Азын-аулақ туған-туыстың басын қосып, той жасағаны бар. Қазір тұрмыстары тәп-тәуір, тату-тәтті. Соған тәуба дейді. Жетім болса да, жетілді, өсті, өнді. Желкілдеп немересі өсіп келеді.

Екінші қызы – Амангүл былтыр мектеп қабырғасын абыроймен аяқтап, Алматыға кеткен. «Есепші боламын» дей ме. Оған да «Алла алдыңнан жарылқасын» деп шығарып салған. Ай аралатып келіп тұрады. Оқуы тәуір, талпынысы қуантады. Әкенің көңілі көтерілгенде «Мені Аманым бағады» деп, арқа-жарқа болатыны бар. Алайда, сол көңіл кейде күрең тартады. Он қызың болса да, бір ұлға тати ма? «Ізімді жалғар тұяқ қалмады-ау» деп қамығады. «Ынтықбайдың ұлындай кемтар болса да, Жетпісбектің жетпегіріндей алқаш болса да, Андрейдің тұңғышындай төңіректегі алты ауылды шулатқан адуынды, бұзық болса да, Тәңірі бір жалғызды қимады-ау» деп еңсесі жерге тиеді.

****

Бермеді емес, Жұмабайға Құдай бір ұлды берген. Украина қалаларының бірін азат етуде болған қып-қызыл қырғында аяғынан айырылғанда ғой, бұның ротасының әскері түгел дерлік қырылып, фашистердің мысы басым түскені бар. Жұмабайды немістер өлдіге санап, айдалаға тастап кете барған. Өзі де ес-түссіз еді. Бір-екі неміс қасына жақындап, өз тілдерінде әлденелерді айтып, теуіп-теуіп өтті де, былқ етпеген соң кетіп қалды.

…Жұмабай есін әскери госпитальда жинады. Көзін ашып, жан-жағына қарап, үстіндегі ақ жамылғыны серпе ашқанда жүрек тұсының дүрсілі жиілеп кеткен. Өне бойы шымырлап, шолақ аяғын сипай берді, сипай берді… Сол сәтте сықырлай ашылған есіктен енген дәрігер орыс қызға өкпелі жанарымен қадала қарады. «Мені неге әкелдіңдер? Шолақ атанғанша, сонда қалғаным жақсы еді ғой» деген. Әдеміше келген орыс қызы онысын елемегенсіп, жұбатып бақты мұны, нәзік те жұмсақ алақанымен арқасынан қақты. Госпитальдан шыққан соң, үйіне алып барды жетелеп. Есімі Ирина екен. Бірер жыл бұрын ғана медицина училищесін тәмамдапты. Ресейдің шалғай деревняларының бірінен сұранып келген соғысқа. Жаралы солдаттарға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетеді.

Жұмабай Иринаға тез үйреністі. Майданда үйренген аз-маз орысшасымен әңгімелері де жарасты, айтылмаған сырлары кемде кем. Алты айға жуық бір шаңырақтың астында тұрды. Балтырдан кесілген аяқтың жарасы бітіп, елге қайтуды ойлап жүрген, сағынады ғой. Ирина да тапсырмамен басқа госпитальға ауыспақ, орыс та болса оны қимайды. Бауыр басып қалыпты. Ажалдан алып қалған сол ғой, нәсілі басқа болса да. Бір-бірімен қош айтысатын түні екеуі де таңды кірпік ілмей қарсы алып еді.

****

Күн сәскеге жақындап қалған. Ауылдың бұйығы тіршілігі сәл-пәл бүлк еткендей ме?.. Басы қосыла қалғанның алдымен айтары: «Жұмаш шолақтың Украйында қалған ұлы іздеп келіпті», «Ойбуй, Құдай берем десе бір пәсте екен-ау! Қамшыұстарым жоқ деп, қамығушы еді», «Украин дей ме өзін?», «Жоға, орыс көрінеді ғой, көздері – көк, шаштары – сары…» «Әй, кім болса да, құлағының қалқиғаны, сорайған бойы біздің қайынағаға келеді».

«Жел тұрмаса, шөптің басы қайдан қимылдасын!» Елдің айтып жүргені рас еді. Көп сырды қозғап, кірпік ілмей қарсы алған таңда… иә, сонда біткен сары қыздың жатырына бұл шақалақ. Соңғы түннен кейін Иринамен хабар-ошарсыз кетсе де, Жұмабайдың іші бірнәрсені сезетін. «Ұл болса игі еді, түбі іздеп келер әкесін қанына тартып» деп батыс жаққа елең көңілмен қарайтын-ды. Кейде мұнысына өзі де сенбей, қайдағы қиялға балай салатын.

Енді іздеп келді. Жұмабайдың қаны екен. Бәсе, Ирина да зәузаты бөлек болғанымен, сертіне – берік, сезіміне – адал еді-ау. «Осыдан бойыма бала бітсе, күйеуге тимеймін, сені күтем…» деген. Сөзінде тұрыпты. Жұмаштың жалғыз тұқымының бетіне қарап отырып, қайтыпты мәңгілік сапарға. «Жаны жәннаттан болсын» дейді бетін сипап. Қайта бұл ғой сертінен тайған, сезімінен айныған. Әйтпесе, осы уақытқа дейін бармай ма Украинаға, іздемей ме Ирина мен ұлын. Сенімсіздікке жеңдіріпті бәрін…

Шолақ шалының тосыннан келген ұлын кемпір тосырқаған жоқ. Мән-жайды ұққан соң-ақ төріне оздырып, астына қос қабат құрақ көрпе төсеген. Дастарқан басында «кіндігімнен шықпасаң да, өз ұлымдай көрермін» деп ант ішкендей еді. Сөзінде тұрды, өле-өлгенше «Сашкам, жалғызым, айналайыным» деп кетті. Жұмабай да «мен сенің ұлыңмын» деп келген жеткіншекті кеудесінен итерген жоқ. «Қос бұрымдым – бір төбе, Саша – бір төбе» деді. Жетілдірді, жеткізді, қара шаңырағын аманаттады.

****

Сол Саша қазір Жұмабай әулетінің тірегіне, ақсақалына айналып отыр. Жасы сексенге таяды. Нағашы жұрты орыс демесең, жаны да, санасы да әлдеқашан қазақыланып кеткен. Әкесі таңдап алып берген Әлімгерейдің қызы Фаризамен бір жастықта қартайды. Төрт ұл, үш қыз сүйіп, өсірді, тәрбиеледі, оқытты. Енді солардың қызығын көруде.

Жұмабайдың шалғай ауылға ұзатылған қарындасы бар еді. Саша нағашылап барған сол әпкесінің үлкен қызын қолына алып, іргедегі қаладағы оқу орнына түсірді. Бес жыл бойы бағып-қағып, қайтарды еліне жиенін. Сол жиені ғой осы әңгімені риза кейіппен айтып берген… «Саша нағашыма қарыздармын» дейді.

Ерқанат МЫЛТЫҚБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 3 =