САРЫАРҚАҒА АЛТАЙДАН ЖЕТКЕН ШУАҚ

0 151

ш11

Биылғы жаздың жаймашуақ күндерінде астаналықтар Семей облыстық өлкетану мұражайының фотокөрмесін, қараша айының басында аягөздік ағашқа ойып сурет салу өнерінің шебері Қалибек Айнажаровтың туындыларын тамашалай алса, қыркүйектің ортасында Көкпекті, Глубокое, Бородулиха аудандарынан елордаға жеткізілген ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуға мүмкіндік алды. Ал, 20-22 желтоқсан аралығында, «кәрі құда» – қыс «басқан жерін сықырлатып келіп қалғанда», осы айтылғандардың қорытындысы іспеттес Шығыс Қазақстан облысының Астанадағы күндері өтті.

 

«ШҰҒЫЛАЛЫ ШЫҒЫСТАН – АРАЙЛЫ АСТАНАҒА»

Шығысқазақстандық өнер шебер­лері «Конгресс холл» сарайын әсем сазға толтырып, осындай атаумен астаналық көрерменге концерт ұсын­ды. Халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары ән салып, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева секілді даңқты жерлестерінің заңды ізбасарлары екендіктерін дәлелдеді.
Бақсы сарындары мен аңдардың дыбысы араласқан Алтай әуенімен ашылған концерт күмбірлеген күйге ұласты. Құрманғазының тыңдаған жанға жігер беретін «Адайын», Нұрғиса Тілендиевтің ойнақы «Бала Мишкасын», т.б. халық арасына танымал күйлерді көрермен жазбай танып, аттарын атап отырды. Мәдениет саласының үздігі Берік Омаров Әсет Найманбаевтың «Інжу-маржанымен» жерді аспандағы аққумен тілдестіріп, әсем әнге бөледі.
Камилла Туканова жақында бас шаһарымызға қонақ болып келген белгілі композитор Александр Зацепиннің «Весенний вальс» әнін шырқады. Бұл әнді кезінде А.Заце­пиннің курстасы Бибігүл Төлегенова салған.
Шәмші Қалдаяқов атындағы халық­аралық байқаудың лауреаты Нұргүл Қабдоллаева және Гүлдана Ноғайбаева жұртты өз өнерімен тәнті етті.
Мәдениет қайраткері Ғибрат Азубаев Б.Тәжібаевтың «Ақбұлағымен» зал ішін дүбірге бөледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған Т.Мұха­меджановтың «Город мой» әнін Қазақ­стан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткач орындады.
Шығыс Қазақстан өнерпаздарының арасында қазақша ән салатын өзге ұлт өкілдері көп екен. Евгения Ложкина Е.Хасанғалиевтің «Аңсағаным», Евгений Выблов Е.Серікбаевтың «Алға, қазақ жігіттері», Радион Немцев пен Яна Муратованың дуэті «Айналайын» әнін әуелетті. «Ладушки» фольклорлық тобының қазақ және орыс халық әндерінен құралған попурри ел көңілін көтерді.
Т.Рахимовтың елді сағындырған «Алтайдың аржағынан келген аруын» тамылжытқан Медет Қали­хай­дарға зал ду қол шапалақ соқты.
Тек танымал әндер шырқалмай, шығыс жерін сипаттайтын Оралхан Көшеровтың «Өскеменім» әнін «Гау­һартас» триосы, «Шығысым – жұмақ мекенім» әнін Ершат Қайырхан салды. Танымал күйші-композитор Секен Тұрысбеков айтпақшы, Ершаттың Табылды Досымовқа еліктегені байқалса да, сөзі мен сазы үйлескен тамаша туынды адам жанын тебірентеді.
Ең соңында өнер көрсеткен барлық әншілер сахнаға шығып, Нұрғиса Тілен­диевтің «Өз елім» әнімен шымылдықты жапты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − 11 =