«Сарыарқадағы» сауық кеш

0 131

Бұл думанға 10 мыңнан астам көрермен келіпті. Жиылған өнерсүйер қауымның дені жастардан тұратын бір бөлігі сахна алдындағы алаңда концертті тікесінен тік тұрып тамашалады. Олар сауық кешінің басынан аяғына дейін алаңды биге бөлеп, әншілер өнеріне қошемет көрсетумен болды. Сондай-ақ, бұл кеш «КТК», «Астана» телеарналарынан тікелей эфир арқылы миллиондаған көрерменге жол тартып жатты.

Концертте өнер көрсеткен «Асыл», «А-Студио» топтары, Луина, Әли Оқапов және италиялық Сон Паскаль сынды әншілер халық сүйіспеншілігіне бөленді. Олардың өнеріне тәнті болған жұртшылық республикамыздың түкпір-түкпірінен әлеуметтік желілер арқылы әншілерге сәлем жолдап, барша қазақстандықтарды мерейлі мерекелерімен құттықтап жатты.

Кештің орта шенінде украиналық жұлдыздар – Потап пен Настя сахнаға көтерілді. Өздеріңіз куә болғандай, көрші елден келген топтың жанкүйерлері мен тыңдармандары елімізде аз емес екен. «Чумачечая весна» әні орындалып болысымен, тұс-тұстан ысқырып, қиқу салған жұрт кең сарайды «басына көтерді». Ол ол ма, жастар қос жұлдызға қосылып шырқап, Қазақстанда олардың қаншалықты танымал екендігін паш етті.

Ал, «Дискотека Авария» шыққан кезде қол шапалақтамаған жан қалмады. Дегенмен, кештің ең сыйлы қонағы Николь Шерзингер болды. Орысқа жиен болып келетін гавайлық қыз, расында, әлемге әйгілі әншілердің біріне айналған. Оның бұл концертке қатысуы мерекелік шараның маңызын арттыра түскендей еді.

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + five =