Сарыарқадағы аштық

0 21

«Еділ қатса, кім кешпес? Едіге өлсе, кім келмес? Әзір Еділ қатпайды, әзір Едіге өлмейді, Еділдің ханы Едіге өлсе күн сөнеді, ай тұтылады». Тарих тереңінен ұмытылмай келе жатқан осы бір қанатты тіркестер қазақ халқының тағдырында Еділдің қандай орын алатынын, қазақтың Сарыарқасы мен мол сулы Еділ дариясының үзілмес байланысын көрсетеді. Еділ жағасында басталған алапат аштық алып өзеннің алабындағы қалың елді жайпап, Сарыарқаның маң даласына келіп жеткелі де бірталай болды.Қазақтың тұтас өңірі Орынбор мен Бөкей, Ақтөбе мен Орал, Қостанай губернияларындағы қазақ ауылдары аранын ашқан аштықпен алысып, діңкесі құрыды. Бұл елдердің бір кезде қазы мен қарта шайнаған қазақтары тышқан аулап, иттің етін азық қылатын жағдайға жетті, сапырылған сары қымыз көзден бір-бір ұшып, құрттап кеткен құдықтың, сасыған шалшықтың борсыған суымен сусындауда. Өңсіз-түссіз, бетінен қаны қашқан тірі аруақтар шетсіз-шексіз далаға қаңғып кетті, олар саршұнақ аулап, әлі біткен жерде құлап жатыр, сол саршұнақтарға өздері де жем болуда. Тамақты таңдап, талғап ішетін қазақ малдан жұрдай болып, өлексеге таласуда. Бірінің етін бірі жеуден тайынбайды. Аранын ашқан аштық ақырын жылжып, біздің губернияның шебіне кірді.
1921 жылдың күзінен біздің Ақмола губерниясы аштықтың қанды шеңгеліне ілікті. Екі жылдан бері жоғарыда айтылған губерниялардағы бауырларымыздың басындағы қасірет бізге де келді. Менің алдымда Петропавл және Көкшетау уездеріндегі қазақ болыстарынан келген ресми хабарлар жатыр. Еменәлі болысының төрағасы жазады: «Біздің болыста аштық 1921 жылдың қарашасына қарай тіпті асқынып кетті. Күзге дейін тігерге тұяғы қалмаған халық ұрлыққа бет қойды. Былтырғы алапат жұттан малдың үштен екісі қырылып қалған болатын. Адамдар ісіп-кеуіп өліп жатыр. Қарашаның қысынан мамыр, көктемге дейін 270 адамның аштан өлгенін қағаздадық…».
Сарыайғыр болысынан: «Қаңтардан мамырға дейін 72 адам өлді, аштық күннен-күнге қысып барады. Сәуірдің сары аязында қалған мал қырылды. Ұрлық белең алып кетті».
№26 қазақ мектебінің мұғалімі Ізбасаров Петропавлдан 18 шақырым жердегі Байғабыл ауылының жайы туралы былай деп жазыпты: «Байғабылда 40 шақты түндік кедей-жатақ бар еді, былтырғы жұт оларды тұралатып кетті. Бір қыста 17 адам аштан өлді. Малсыз ауылдың адамдары босып қалаға кетті, қаңғып жүріп көшеде өліп жатыр…».
Көкшетау уезінің Бәйімбет және Айыртау болыстарынан да осындай суық хабар алып отырмыз.
Ақмола және Атбасар уездерінен әзір хабар жоқ. Тек таяуда Ташкенттің «Ақ жол» газетінде Ақмола уезі Шу ауданының екі қазақ болысы Түркістан республикасының Әулиеата, Шымкент және Түркістан уездеріне тік көтеріліп ауып келді деген ақпар басылды.
Осы айтылғандардың өзі-ақ қырдағы қазақтардың қайғылы халін көрсетеді. Жалғыз Семей губерниясын қоспағанда, Каспийден Ертіске дейінгі аралықтағы бүкіл Сарыарқа өңірі аштыққа ұшырап отыр. Мал қырылып, елдің берекесі кетті, бұлай бола берсе, бірнеше миллион қазақ құрып бітер күн де алыс емес. Алайда осы жағдайды басқа жұрт біле ме? Өкінішке қарай, қалың қауым нақты жағдайды білмейді.
Ал енді осындай қанды қырғынның себебі неде? Былтыр Еділ бойы ашыққанда бүкіл Ресей дабыл қақты. Кең арналы Еділ бүкіл елді дүр сілкіндірді. Өйткені Еділ орталыққа жақын, екіншіден, Еділ бойы халқының қазақтардан гөрі көзі ашық, әлбетте, мәдениетті халық басқаларға өз сөзін тыңдата алады. Ал бұған, керісінше, қасіретке мойын ұсынып, үн шығармай жатқан Сарыарқа сол аштықпен арпалысуда, қауқары біткен соң жеңіліп, тұяқ серіппей жан тапсыруда.
Аштық қабырғаға батқанда адамның есі кетеді, шырқырап жан дауысы шығады, осындай кезде басқалар Сарыарқа ұлының ыңырсып қана жантәсілім бергенін байқамайды. Мәдениетті қала адамы айқай-шу көтеруге бейім, ол өзінің осы шуымен Сарыарқаның әлсіз ғана ыңқылын басып кетеді, естіртпейді. Міне, қазақ даласындағы аштық сұмдығын орыс жұртшылығы білмеуінің бір себебі осында.
Әйтеуір, қандай себеп болса да, нақты жағдай осындай, басқаша емес. Аштықтың ауыртпалығынан ауыл құрып барады, ал қазақ халқы адамдық бейнесінен ада болуда.
Мен бұл сөздерді жазғанда Сарыарқадағы аштық Еділ бойындағыдан да алапат дегім келмейді деген болсам, ақиқаттан аттаған болар едім. Айтпағым мынау ғана: Сарыарқа дабыл қақпаса, ол тойғандықтан немесе жаны жай тап­қандықтан емес.
Байлыққа бөккен, қырғыз-қайсақтың берекелі, Екатерина заманындағы Жиделібайсын өлкесі деп қарамайық оған. Сары қымызы өзендей сарқыраған, сүрленген еті тау-тау болып үйіліп жататын Сарыарқа жоқ. Сарыарқаның жан күйзелісіне құлақ салып, қазақ халқының ауыр ыңырсыған, азалы үнсіздігін түсінетін кез келді.
Мағжан
11 шілде, 1922 жыл
Мағжанның Көкшетауға іссапары. 1922 жылғы 23 маусым күні Аштықпен күрес жөніндегі губерниялық төтенше комиссияның мәжілісінде Мағжан сөйлейді: «Петропавл станциясында 1500 аш-арық жүр, олар елдеріне қайт­қысы келеді. Осыларды қосқанда таяу арада 5000 адамды қайтару керек. Олардың құжаттарын тексеру жөнінде сөз қозғалмасын».
1922 жылғы 1 шілде. «Аштықпен күрес жөніндегі Ақмола губерниялық төтенше комиссиясы төрағасының орынбасары Мағжан Бекенұлы Жұмабаев аштарға көмек көрсету үшін Петропавл және Көкшетау уездеріне жіберілді.
М.Жұмабаевқа аштарға көмектесу жөнінде жұртшылық арасында үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізу үшін қазақ қызметкерлерін, ақсақалдарды пайдалану құқы беріледі.
ҚОАК және ЦЧКГ төтенше өкілі Қияқов».
Сол күні М.Жұмабаев пен Қияқов Петропавлдан Көкшетауға қарай салт атпен шығып кетеді. Қазақ ауылдарын 50 күн бойы аралап, жағдаймен танысып, аштарға көмек көрсету жөнінде нақты шараларды ұйымдастырады.
Шілденің 14-і күні Мағжан Көкшетау уездік атқару комитеті шақырған жиналысқа қатысады. Жанында еріп барған молла Ғалиасқар Айтқожинді Ақсары, Қотыркөл, Шығыс, Жауар, Көксеңгір болыстарына жібереді.
1922 жылдың 29 тамызында Қия­қов та Петропавлға қайтып келеді.
Бұл сапардағы жұмыстары жөнінде Мағжан Жұмабаев орыс тілінде арнайы есеп-баяндама жасап тапсырған. Бұл – Мағжанның осы қызметтегі аты аталатын және Петропавлда жазған соңғы құжат. Ұлы ойшыл ақынның қалам қарымын, мінсіз сауаты мен шексіз ой-өрісін тағы да айғақтайтын өзіндік қолтаңбасы қолымызда.
Құжаттың орыс тіліндегі түпнұсқадан аударылғандағы мәтіні мынадай:
Баяндама
Шілденің 1-і күні Қияқов жолдас екеуміз Петропавлдан аттанып кеттік. Маған Көкшетау және Петропавл уездеріндегі қазақ ауылдарын аралап, аштыққа ұшыраған қазақтар үшін малы бар аймақтардан азық-түлік жинап, тарату және Көкшетау уездік аштарға көмек комиссиясының жұмысын жолға қою тапсырылған болатын.
Шілденің 9-ы күні Көкшетауға келдік. Қияқов жолдас сол жерден Атбасар арқылы Ақмолаға жүріп кетті. 14 шілде күні Көкшетауда кезектен тыс жалпы жиналыс өткізіп, жағдайды талқыладық. Қазақ ауылдарынан аштарға арнап жылу жинауға шұғыл кірісу туралы қаулы алынды. Әрбір әкімшілік ауылдан 1 ірі қарадан жинап, жиналған мал мен азық-түліктің үштен-бір бөлігін Петропавлға, губерниялық комиссияның құзырына жіберуге, қалған үштен екі бөлігін сол жердегі аштарға үлестіріп беруге ұйғарылды. Сондай-ақ Көкшетау қаласында жетім қалған қазақ балалары үшін арнайы мекеме ұйымдастыруға келісілді.
16 шілде күні жер-жердегі жағдайлармен танысу үшін және аш-арықтарға көмек жасау үшін Шұңғыршы, Қарашы, Мезгіл және Айыртау болыстарына жүріп кеттім. Бұл аталған болыстардағы жағдай, шынында, жан шошырлық екен. Халықтың 90 проценті дала кезіп, жабайы жидек теріп қоректенуде. Аштықтан дертке ұшыраған көп адамдарды көрдім. Аталған болыстарда 10-11 күндей жүріп, аштарға көмек көрсетуге күш салдым. Бес сиыры мен жылқысы барлардың бір малын алып, малы жоқтарға таратып, уақытша, қысқа дейін сауып, жүрек жалғайтындай жасадым.
Реті келіп тұрғанда, көрсетпесем болмайды, аштыққа ұшыраған отбасыларға салынған май салығы оларды мүлде тұралатып кетіпті. Мысалы, он жаны бар отбасы жалғыз сиырға қарап отырса да, салық түрінде май өткізуге міндеттелген, сөйтіп жаңағы он адам қайыршылыққа ұшыраған.
Аштарға азық үлестіріп, шілденің аяғына қарай Көкшетауға келдім де, уездік комиссияның мүшесі Мұхтасип Айтқожин жолдасты ертіп, аштыққа ұшырай қоймаған шығыс өңірге аттанып кеттім. Көкшетау және Қотыркөл болыстарында болдым, жұртшылық аштарға көмек көрсету жөнінде менің сөздеріме қалтқысыз құлақ түрді. Осы екі болыстың халқы жылу ретінде ірілі-уақты жетпіс мал берді, жүз елу дана мал терісін жинады.
Укомпомголдың қаулысына сәйкес, жиналған малдың үштен екі бөлігін Көкшетауға жеткізіп, аштыққа ұшыраған батыс болыстарға тарату және қалған үштен бір бөлігін Петропавлға айдап әкелу жөнінде Айтқожинға тапсырма бердім, бұл мал таяуда келіп те қалар. Айтқожин менің жұмсауыммен Ақсары, Жауар және Шығыс болыстарына жүріп кеткен. Сол жақтан мал жинап, Көкшетау мен Петропавлға жібереді.
Петропавлға қайтар жолда губпомгол өкілі Жақыпов жолдаспен бірге Петропавл уезінің Жамантұз және Тереңкөл болыстарында болдым. Бұл болыстардың халқы аштыққа жартылай ұшыраған. Дегенмен аз-кем малы барлар менің айтқанымды екі етпей, аштарға көмек көрсетуде.
Тайынша болысынан 20 ірі қара мен 20 тері, Жамантұз болысынан 20 ірі қара және 25 тері, Тұран болысынан 7 ірі қара мен 5 тері жиналды.
Менің нұсқауыммен Жақыпов жолдас бұл малдардың бәрін болыстық атқару комитетімен келісе отырып, аш-арықтарға таратып берді. Петропавл уезіндегі 4 болыста мал жинау 15 тамызда аяқталды.
17 тамыз күні Петропавл қаласына келдім.
Аштарға көмек жөніндегі губерниялық төтенше комиссия төрағасының орынбасары М.Жұмабаев.
Петропавл қаласы,
1922 жылғы 20 тамыз».
Мағжан Жұмабаевтың бұл баяндамасы бір жарым айға жуық мерзім бойы қаралмай жатып, 1922 жылғы 13 қазанда губпомгол комиссиясы мәжілісінің күн тәртібіне енгізілді. Дәлірек айтқанда, хаттамада жазылғандай: «Доклад зам. предгубсовпомгола т. Джумабаева о поездке по Кокчетавскому и Петропавловскому уездам. Одобрено». Бұл жиналысқа Мағжанның өзі қатыспаған.
Тек бір анығы – сол күні аштықпен күрес жөніндегі төтенше комиссия басқаша құрылып, «Аштықтың зардаптарын жою жөніндегі комиссия» болып аталған. Бірақ жаңа комиссияның құрамында Мағжан Жұмабаев жоқ.
Соның алдында ғана губерниялық «Мир труда» газетіне Сабыр Шариповтың атынан жарияланған жала мақалаға байланысты өз келешегінен күдер үзіп, қайран ақын Қызылжардан бой тасалап кетіп, Ташкенттегі Әуезовтерге барып қосылған болатын.

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік
университетінің
профессоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + thirteen =