Сарыарқа ауданы: Ауқымды жұмыстар атқарылуда

0 23

Сарыарқа ауданы 1998 жылы 6 мамырда құрылды. О баста оның ауқымы 196,62 ш.км қамтыған еді, бірақ 2018 жылдың көктемінде оның бірталай бөлігі жаңадан құрылған Байқоңыр ауданына беріліп, қазіргі күні әкімшілік бөлініске 67,75 ш.км қарайды. Халқының саны 350 мың адамнан асады. Жақында ауданға әкім болып Есет БАЙКЕН тағайындалды. Бүгінгі нөмірде аумақта атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімелемекпіз.

АУДАН ӘКІМДІГІНІҢ ХАЛЫҚПЕН БАЙЛАНЫСЫ

Сарыарқа ауданы әкімдігі індет кезінде тұрғындармен байланысты үзбеу үшін Open spase, яғни «Ашық әкімдік» жүйесіне көшкен. Жобаның мақсаты – құзырлы органдардың азаматтарға қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғындармен жедел және тиімді кері байланыс орнату, атқарушы билік пен халық арасында тікелей «көпір» құру. Сол арқылы Мемлекет басшысының былтыр халыққа жолдаған Жолдауындағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» принципіне сай жұмыс істеу.
Әкімдік ғимаратының бірінші қабатындағы фронт кеңседе 11 оператор қызмет көрсетеді. Мұнда тұрғындар қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармаларының, өңірлік кәсіпкерлер палатасы «Атамекен қолдау орталығы» мобильді жұмыспен қамту орталығының және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қызметтеріне жүгіне алады.
Сонымен қатар осы жерде абаттандыру және қоғамдық кеңістікті дамыту, кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту, инфрақұрылым және перспективті даму, коммуналдық-шаруашылық сынды салалық бөлімдер өз құзыреті шегінде жұмыс істейді. Бірінші қабатта келіссөз бөлмесі, күту алаңы, электронды желі бар, яғни азаматтар үшін қолайлы жағдай жасалған.
Фронт кеңсе аудан тұрғындарына «Бір терезе» қағидаты негізінде жедел қызмет көрсетеді. Індет кезінде тұрғындардың мұң-мұқтажын есітіп, сол бойынша жедел шешімдер қабылдау үшін ауданның бұрынғы әкімі Ерғали Егемберді 11 шілдеден бастап бүгінгі күнге дейін әлеуметтік желі арқылы 9 кездесу өткізген. Шара шеңберінде 272 адамнан 405 сұрақ келіп түсті. 230 сұраққа тікелей эфирде жауап берілді. 175 сұрақ құрылымдық бөлімдерге жөнелтілді. Қазір осы тәжірибені еліміздегі жергілікті атқарушы органдардың дені қолданып отыр.
Жалпы, тұрғындармен кері байланыс орнату оң нәтиже береді. 109 – «iKomek» орталығы арқылы 2019 жылы аудан бойынша 13 795 өтініш келіп түскен. Сұрақтардың барлығына жауап беріліпті. Ал биыл жыл басынан бері «iKomek» арқылы аудан бойынша 16 461 сұрақ келген. Яғни, 2019 жылғы өтініштерден биыл жарты жылда түскен өтініш анағұрлым көп. Биыл 15 243 өтінішке жауап беріліп, нақты шара қабылданды. Қалған 1218 сұрақ бойынша жұмыс жүріп жатыр. ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА БАҒЫТТАЛҒАН БАСТАМАЛАР

Былтырдан бері Сарыарқа ауданында «Бюджетке қатысу» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба бюджеттің ашықтық қағидатын ұстанады. Яғни, бюджеттің жұмсалуына қатысты тұрғындар да шешім қабылдай алады. Нақтырақ айтсақ, мысалға бір ауланы абаттандыру керек. Ол бойынша аула тұрғындары инфрақұрылымды жақсартуға қатысты идея ұсынып, сол арқылы аулаларды жақсартып алуға мүмкіндік беріледі. Жобалар қаладағы жарықтандыру, көгалдандыру, жаяу жүргіншілер аймағын абаттандыру, ішкі аудан жолдарын асфальттау, кәріздерді жөндеу, қоқыс үйінділерін жою, кіші архитектуралық пішіндерді дизайндау сынды мәселелерге қатысты болуы мүмкін. Сондай-ақ аула аумағын қайта жөндеу және баршаға ортақ жерлерді абаттандыру, тротуар орнату, балалардың ойын алаңын, футбол алаңын, тренажер алаңдарын орнату сияқ­ты ұсыныстар беруге болады. Сарапшылар кеңесі ұсынылған жобалар заңдылығын қарап және сметаға сәйкестігіне көз жеткізген соң, дауыс беру кезеңі басталады.
2019 жылы жұртшылықтан мұндай 22 өтініш келіп түскен. Оның әкімдіктің құзыретіне кіретін 14 жобасы қаржыландырылып, барлығы толық жүзеге асырылды. Әкімдік бұл шараларға бюджеттен 100 млн теңге бөлді. 2020 жылы аталған жобаны жүзеге асыруға 200 млн теңге қарастырылды. Қазіргі күні тұрғындардан 68 жоба келіп түскен. Сарапшылар кеңесінің мүшелері Сарыарқа ауданы әкімдігінің құзіретіне кіретін және «Бюджетке қатысу» жобасының ережесіне сай келетін 40 жобаны таңдап алды. Олар бойынша қалалықтан 8 935 дауыс берді. Сарапшылар кеңесі мүшелері көп дауыс жинаған 13 жобаны жүзеге асыруға шешім қабылдады. Қазіргі күні сегіз ауланың абаттандыруы аяқталып, бесеуінде жұмыстар жалғасып жатыр.ГАЗДАНДЫРУ ЖӘНЕ ҮЙЛЕРДІҢ ҚЫСҚЫ ДАЙЫНДЫҒЫ

Астана күні қарсаңында қала әкімі Алтай Көлгінов «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығын газға қосып, салтанатты жағдайда көгілдір отынның алауын жақты. Бүгінде «Көктал-1», «Көктал-2», «Агроқалашық» алаптарын газдандыру бойынша орамдардың ішкі газбен жабдықтау желілері тартылған. Бұл жұмысқа 200 адам, 80-ге жуық техника жұмылдырылды.
Жыл аяғына дейін «Көктал-1» және «Көктал-2» алаптарына газ толығымен тартылады. «Агроқалашықтың» 22 көшесінің жеке үйлері газға қосылған. Қалған 72 көшені газбен қамту 2021 жылы жүзеге асырылмақшы.
Аудан аумағында орналасқан 949 көппәтерлі тұрғын үйдің орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылғаны – 829. Сондай-ақ 72 әлеуметтік нысанның барлығы жылыту маусымына дайындалды.

ЖОЛДАР ЖӨНДЕЛІП ЖАТЫР

Былтыр жалпы ұзындығы 7 шақырым болатын 13 көше орта жөндеуден өтті. Биыл 29,7 шақырымды құрайтын 52 көшеге орта жөндеу жоспарланған. Оның 17,6 шақырымы, яғни 31 көше жөнделіп бітті. «Көлік және жол көлік инфрақұрылымын дамыту» басқармасы «Көктал-2» тұрғын алабында жолдар мен инженерлік желілерді салу, қайта жаңарту бойынша ұзындығы 2,599 шақырымды құрайтын 12 көшеде жұмыс істеп жатыр.
2019 жылы ұзындығы 3,8 шақырымдық 15 көшеге инертті материл төселген. 2020 жылы 14,9 шақырымды құрайтын 67 көшеге инертті материал төсеу жоспарланған. Жыл аяғына дейін бұл жұмыстардың бәрі толықтай аяқталуы тиіс.

АУЛАЛАРДЫ АБАТТАНДЫРУ

Аудан аумағындағы 540 ауланың 421-інің жағдайы қанағаттанарлық күйде, ал 119 аула жөндеу­ді қажет етеді. Былтыр 40 аула абаттандырылған. Биыл тағы 40 аула мен 14 қоғамдық кеңістікті абаттандыру көзделген. Соның ішінде 9 аула мен 3 қоғамдық кеңістік «Бюджетке қатысу» бағдарламасы аясында жасалды. Аулалар мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмыстары 1 қарашаға дейін толық аяқталып бітуі тиіс.
Айта кетейік, астанадағы ең үлкен саябақ «Сарыарқа» ауданында (15 гектар) орналасқан. Ол «Көктал-1» алабында қанатын жайып тұр. Жақында қалалықтар саябаққа тал екті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − 6 =