©2020 Астана Ақшамы
САРЫАРҚА ӘКІМДІГІНІҢ ҚОНЫС ТОЙЫ
Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қатысуымен Сарыарқа ауданы әкімдігінің жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды. Бес қабатты әсем нысан елорданың көрікті жерінде орналасқан.
«Өтіп бара жатқан жыл қаламызда тағы бір жақсы оқиғамен есте қалмақ. 320 мың халқы бар Сарыарқа ауданы әкімдігі ғимаратының құрылысы аяқталып, игіліктеріңізге беріліп отыр. Сіздерді шын жүректен құттықтаймын!» деді қала басшысы құттықтау сөзінде.
Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов аудан активімен болған салтанатты кездесуде елорданың даму қарқыны, экономикалық салада жеткен жетістігімізге аз-кем тоқталды. «2013 жыл біз үшін табысты болды. Қаламыздың жалпы ішкі өнімі 7 пайызға өсіп, 2 трлн 700 млрд теңгеден асты. Ал өнеркәсіп өнімі 230 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға артық әрі қала экономикасының нақты даму жағдайын көрсетеді. Елбасы қойып отырған өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне Астана бүгінгі таңда толыққанды қол жеткізді. Мұның басты көрсеткіші – республикалық бюджеттен қаржы түсімінің өзгеріп, керісінше, қаланы дамытуға жұмсалатын өз қаражатының ұлғайтылуы. Өздеріңіз көріп отырғандай, Астана өзін-өзі қамтамасыз ете алатындығын дәлелдеп, донор қалалардың қатарына енеді» деді елорда әкімі.
Өз кезегінде сөз алған Сарыарқа ауданының басшысы Ермағанбет Бөлекпаев қала әкіміне алғыс айтып, жаңа ғимарат қызметкерлердің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай қалыптастыратынын әрі халық үшін еңбек ететіндіктерін жеткізді.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ