«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сары жолақ неге сызылмаған?

0 297

Қалада көлік көп. Есесіне автотұрақ тапшы. Бұл мәселені шешудің бір жолы ретінде қаңтар айынан бастап «Нұржол» желекжолы бойында ақылы көлік тұрақтары жұмыс істей бастады. Дегенмен, жүргізушілердің көңілін күпті қылған жайт жоқ емес.

Мәселен, «Нұрсая-2» тұрғын үй кешенінің Түркістан көшесі бойында жағалай автотұрақ бар. Ақылы тұрақ екенін айғақтайтын арнаулы белгілер де қойылған. Бірақ көлік жүргізушілері дәл осы жерде қателеседі.
«Мәселен, ақылы тұрақ белгісіне қарап, өз көлігімді қойып кеттім. Артынша жол полициясының қызметкері келді. Ол мүгедектерге арналған орынға қойғанымды айтып, айыппұл жазып берді. Ақылы тұраққа қойғаным үшін бір, байқамай мүгедектердің орнына қойғаным үшін екі төлеген жайым бар. Не себепті арнаулы орынды сары сызықпен сызып немесе белгіні дәл сол тұрақтың алдына емес, тротуарға орнатқанын түсінбедім» дейді жүргізуші Ержан Нұркеев. Айта кетейік, бүгінде мүгедектерге арналған орынға көлік қойған үшін салынатын айыппұл көлемі 10 АЕК, яғни 24 050 теңгені құрайды.
Өзіміз де байқағандай, «Нұржол» желекжолындағы басқа ақылы тұрақтарда мүгедектер орнына арнаулы белгіден бөлек, сары жолақпен тайға таңба басқандай етіп сызып қойған. Халық, әсіресе мүгедектер көп келетін Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы алдына келгенде бұл сызық неге сызылмай қалғанын өзіміз де түсінбедік.
«Бүгін мен де көлігімді қойдым. Бірақ мүгедектерге арналған орын екенін ғимараттан шыққанда бір-ақ білдім. Сонда мүгедектердің орны 8 метр деген белгіге қарап, өз аяғымызбен өлшеуіміз керек пе? Амалсыздан жол полициясының қызметкері келмей тұрып, дереу көлігімді алып кетуге мәжбүр болдым» дейді Бекжан Халықов есімді жүргізуші.
Мәселенің анық-қанығын білу мақсатында «Астана қаласының тұрақ кеңістігін басқару» жоба­сының елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған Call-орталығына – 88000802888 қоңырау шалдық. Өзін Мадина Оспанова деп таныстырған оператор жол белгілерін орнату қала әкімдігімен бірлесіп жасалатынын әрі белгіленген стандартқа сай екенін алға тартты. Егер белгіленген стандартқа сай болса, неге мүгедектерге арналған басқа орындар қосымша сары жолақпен сызылған? Мәселен, Түркістан көшесінің арғы бетінде сары жолақ салынған. Өкінішке қарай, толық жауап ала алмағандықтан, Астана қаласының тұрақ кеңістігін басқару мекемесіне және Астана қаласы Ішкі істер басқармасына арнайы сұрау салдық.
Бәлкім, сары жолақ неге сы­зылмағанын ресми түрде түсін­діріп беретін шығар…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды