САРЫ ҚАЗАҚ

0 291

ERA_8642

Жүзін көрмей, сөзін естісеңіз, қазақ екеніне күмәніңіз болмайтынына куәлік беремін. Владимир жан-тәнімен қазаққа айналып кеткен сияқты. Енді ше… «Менің бір ғана Отаным бар, ол – Қазақстан» дейді. Қазақтың салт-дәстүрлерін бір кісідей ұстанады. Тіпті, жұма намазына қатысып, дастарқан басында бата беретіні бар.

Мұхтар Мағауиннің орыс кейіпкерін «сары қазаққа» айналдырған қазақ байы емес пе? Ал, Владимир Шнайдерді «сары қазақ» қылған әкесі – Александр. Түп-тұқиянымен неміс. Қайран әке қазақтың кең құшағына разы болса керек, өмірінде атажұртына қайтуды ойламаған да, бұл туралы тақырыпты отбасында қозғатпаған да. Төрт апасын қазаққа беріп, қазақтан төрт келін түсіріпті. Бірі – Владимирдің үйіндегі әпкеміз.

Ірі денелі, еңсегей бойлы, ел ағасының жасына келген «сары қазақтың» ата-бабалары топырағымызға қалай келді? 1941 жылдың күзінде Кавказ төңірегіндегі халықтың депортацияға ұшырағаны тарихтан белгілі. Сол тұста аймақтағы немістер де еріксіз жер аударылған. Көптеген қандастарымен бірге Шнайдерлер отбасы да қазақ даласынан бір-ақ шығады. «Кавказдағы немістерді бар-жоғы бір сағаттың ішінде жинап алды да, кәдімгі мал таситын вагондарға тоғытты. Жол азабын екі жарым ай бойы бастан кештік» деп айтып отыратын әжем, жарықтық. Соғыстың уағы ғой, майдан даласындағы қып-қызыл өртке, ұрысқа тап болған күндері де бар екен» дейді Шнайдердің немересі.

Кеңес заманындағы «көре­ген» саясат осында қоныс аударған неміс­терді бір өңірге шоғыр­лан­дыр­ған жоқ. Әр ауылға бөліп тастаған. Бұл да қарт тарихтан аян бізге. «Біздің туыстарымыз Павлодар облы­сына қарасты қазақы ауылға түседі. Әкем осы ауылда 1943 жылы дүниеге келіпті. Атам НКВД-нің ұйғарымымен «халық жауы» атанып, еңбек армиясына алынды. Алайда, денсаулығына байланысты 1946 жылы отбасының ортасына қайта оралды. Бірақ көп ұзамай өмірден озды» дейді Владимир. Иә, Шнайдерлер әулеті қоныстанған ауылдың қазақтары ол кезде әлі орыс­танып үлгермеген-тін. Немістердің ішінде де орыс тілін меңгергендер шамалы еді. Қазақ қазақша, неміс немісше сөйледі. Бірақ көпшілік қазақ тілінде сөйлегеннен кейін, немістер де сол тілге бейімделуге тура келген. «Біздің ата-бабаларымыздың тіл меңгеруі осылай басталды, – деген кейіпкеріміз әңгімесін былай жалғады: – немістің В.Радлов деген атақты түркітанушы ғалымы сонау Берлиннен Барнауыл қаласына келіп, тау-кен училищесінде дәріс берген екен. Ол Азия халықтарының тілін меңгеруді қалмақ тілінен бастапты. Мұнда назар аударарлығы, бір ауыз орысша білмейтін ғалым қалмақ ұлтының өкілін өзіне ұстаз етеді. Ал, өзі бір ауыз қалмақ сөзін білмейді. Бірақ тілді еркін мең­гереді. Менің де қазақ­ топыра­­ғы­на келген ата-баба­ла­рым­­­ның тіл үй­ре­­нуі­­не орта әсер етті. Яғни, айналамыздың бәрі қазақтар. Әкем де, мен де қазақ жерін­де дүниеге келдік. Қазақ тілін үйре­не­міз деп үйренген жоқпыз, тіліміз қазақша шықты». Ал керек болса…

Айта кетерлігі, олар отбасында үш тілде сөйлескен. Әжесі – немісше, анасы – орыс мектебінде оқыған қалалық, сондықтан, орысша, әкесі үш тілде – қазақша, орысша, немісше көсілте сөйлеген. Қоғамдық ортамен бәрі де қазақша тіл табысқан.

Александрдың балаларының қазақ тіліне жатық болуының тағы бір себебі, ауылда қазақ мектебі ғана болған. Әке белінен тараған тоғыз ұл-қыз сонда білім алды, оқыды. Орысша ұқпасаңыз, аш қалдыратын заман. Он екі шақырым қашықтықтағы ауылда сол тілде білім беретін мектеп-интернат бар. Ауылдың кейбір пысықайлары балаларын сонда оқытып жатқанда, қазаққа құлай берілген әке тоғызын да қазақ білім ошағына береді.

«Қазіргі саясат қызық қой, – дейді Владимир, – екі ұлт өкілінің арасында араздық туа қалса, ұлтаралық проблема іздейді содан. Ал, бала кезімізде талай қазақтан таяқ жеп, талай қазақтың мұрнын бұзған жайлар болды. Бірақ «сен қазақсың, мен неміспін»деп бөлінген жоқпыз, баламыз ғой.

1987 жылы ҚазМУ-ге оқуға түскенімде, қызық жағдайлар өтті басымнан. Қабылдау комиссиясы құжаттарымды қабылдамай, «Сен шатасып келдің, орыс бөліміне бар» деп ығырымды шығарған. Одан қалса, емтиханға кіргізбей, әуре-сарсаңға салғаны бар. Осы уақиғаны ауылда бірге оқыған достарыма айтам ғой. Олар менің неміс екенімді сонда ғана білген секілді, мен де басқа ұлттың өкілі екенімді сонда түсінген сияқтымын. Өйткені, сол жасымызға дейін қатарластарымның санасында мені неміс деген ұғым болған жоқ. Әйтпесе, «Сонда қалай, олар сенің қазақша сөйлейтініңді білмеді ме?» деп сұрап, таң қалмас еді».

Сөз басында Владимирдің әкесі Александрдың қазақ дәстүрі мен салтына құрметпен қарап, сақтағанын айттық. Ұлының айтуынша, ол қазақ ырым-жырым, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының мән-жайын жақсы білген. Тіпті, мұсылманша жерлеу рәсімдерінің басы-қасында болып, жаназаларға қатысқан екен. «Өзім сондай әкенің тәрбиесін көргеннен кейін, балаларымды да солай тәрбиеледім. Өйткені, бүгінгі жастар ұлттық құндылықтарды ұмыта бастады. Мысалы, қазақ халқы қыз баласына шашбау тағып, жүріс-тұрысын түзеудің әдемі әдісін қалыптастырды. Мен қыздарыма шашбау тақпасам да, қимылдарын, жүріс-тұрыстарын үнемі бақылап отырамын. Олардың қазақ қызы секілді инабатты болғанын қалаймын. Содан кейін қазақта үлкенді сыйлау, құдайы қонақты төрге оздыру сынды жақсы үрдістер бар. Мен мұны үлкен қасиет деп білемін. Қазіргі жастардың дені қойдың басын қалай тарту қажеттігін білмейді. Біле-білгенге, ет асудың өзі – өнер. «Дастархан басында керілме, босағада отырма, табалдырықты баспа, жаман болады» дейміз. Неге жаман болады? Бүгінгі буын бейхабар бұл ырымдардан. Шындығында, ешқандай да жаман болмайды, бірақ әдепті тәрбие» дейді Владимир.

«Сары қазақ» ұлттық мерекелерді де отбасында атаусыз қалдырмайды. Мұның басты себебін жұбайының қазақтығымен, қазақша тәрбие көргендігімен түсіндіреді. Балалары шыққан тегін, ұлтын ұмытпасын деген ниетпен Рождества сияқты неміс ұлтының мейрамдарын тойлауды да ұмытпайды. Бұл – «сары қазақтың» отбасында бекіген қағида.

«Бір қызығы, әкеміз «сендердің төркіндерің – неміс, осыны ұмытпаңдар» деп құлағымызға құйған емес. Әжеміз де бұл жайында ауыз ашпай өтті. Бәлкім, сол кездегі саясаттан сескенсе керек. Ал, балаларыма арагідік айтып қоямын. Бірақ, менің кемшілігім де шығар, олар ана тілдерін білмейді… Қазақ жерінде тұрғаннан кейін, қазақ мектебінде оқыттым» деп ағынан жарылды ол. Айтпақшы, Владимирдің қос қарлығашы бар. «Үлкен қызымның аты – Альминура, бұл – қазақтың әл мен нұр деген сөздерінен алынған есім. Неміс халқының есіміне де ұқсас. Тұңғышымыз болған соң екі жақтың қас-қабағын баққанымыз ғой. Екіншім – Елдана. Бұл есімді қазақи дәстүрмен жақсылыққа ырымдап қойдық» дейді қыздары жайында.

Ел тәуелсіздігін алған тұста өзге ұлт өкілдерінің талайы атажұртына үдере ауғаны есімізде. Сол кездегі тоқырау Александрдың да отбасын айналып өткен жоқ. Сонда ғой, «Әке, қайтеміз, Германияға қайтамыз ба?» деп тоғыздың жамырай әзілдейтіні. Мұндай әңгімені көтере алмайтын әке бұлқан-талқан болып ашуланады, оған бәрі күледі. Бірақ қай-қайсы да осы шектен асқан емес. Ал, Владимир өзге мемлекеттердің біразын аралап, тап Германияға барып көрмегенін айтады. «Тарихи Отан, екінші Отан» деп жатады кейбіреулер, бұл – мүлде қате түсінік. Өйткені, адамның екі Отаны болуы мүмкін емес. Адамның Отаны – туып-өскен жері. Кейде, жұбайыма «Германияға қайтамыз ба? Ол жақта да аштан өлмейміз, отыз мың қазақ тұрады, соларға сабақ береміз» деп қалжыңдайтыным бар» дейді тағы.

Әңгіме арасында «сары қазақтан» «қазақ қызымен шаңырақ құрарда құдалар тарапынан қарсылық болмады ма?» деп сұраған едік. «Алғашқы кезде қайын жұртым тарапынан аз-кем күмән болған. Қазір енемнің ең жақсы көретін күйеу баласымын» дейді. «Қазақты Абай да сынаған. Өзіңіз сіңісіп кеткен осы ұлттың қай мінезі ұнамайды сізге?» дейміз ғой тағы. Бұған да «сары қазақтың» жауабы әзір: «Кез келген теріс мінезді белгілі бір ұлттың маңдайына таңып қоюға болмайды, меніңше. Бірақ кейде жора-жолдастарыма, көбісі қазақ, «Сендердің басты кемшіліктерің, жұмысқа қазақша келесіңдер, немісше кетесіңдер» деп қалжыңдаймын» дейді.

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + seven =