«Сары мысық» Венецияда көрсетіледі

0 39

Режиссер Әділхан Ержановтың «Сары мысық» көркем фильмі 77-ші халықаралық Венеция кинофестивалінің «Көкжиектер» конкурстық бағдарламасына қатысады.

Әлемнің ірі және беделді фестивалдерінің бірі алдағы қыркүйектің 2-сі мен 12-сі аралығында бұрынғы форматта өтеді. «Көкжиектер» бағдарламасының халықаралық қазылар алқасын атақты француз киногері Клэр Дени басқарады.
«Сары мысық» кинотуындысын Short Brothers (Қазақстан) компания­сы, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және Arizona Productions (Франция) киностудиясының қатысуымен ZERDE FILMS компаниясы түсірген.
«Сары мысық» – режиссер Әділхан Ержановтың тоғызыншы толықметражды көркем фильмі. Түсірілім жұмыстары былтыр Алматы облысында өтті.
– Мен үшін Кермек кейіпкерлеріміздің ішіндегі ең мейірімдісі, оның қазіргідей күрделі уақытта пайда болуында да бір мән бар. Әрине, «Көкжиектер» бағдарламасына қатысатынымызға қуаныштымын. Менің ойымша, Венеция кинофестивалінің бұрынғы форматта өтуінің өзі, тұсаукесері болатын кез келген фильм үшін үлкен сәттілік. Осындай мүмкіндік үшін фестиваль іріктеушілеріне және шығармашылық ұжымға алғыс айтамын, – дейді Әділхан Ержанов.
Фильм қазақстандық «Бонни мен Клайдтың» оқиғасын баяндайды. Кермек есімді жас жігіт түрмеде жазасын өтеп, қылмыстық топ иемденіп, өзінің қатал заңдарын орнатқан туған қаласына оралады. Жігіттің ғашығы, Ева қылмыскерлердің ықпалынан теріс жолға түскен, Кермек өзі де қылмысқа белшесінен батады. Бірақ ол сүйген қызымен бірге еркіндікке қол жеткізіп, кинотеатр салу туралы арманын да ұмытпайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 + four =