САРСYЙЕК САНКТ-ПЕТЕРБУРГ төріндегі Астана күндері аса жоғары деңгейде өтті

0 142

ӨТКЕН КҮННІҢ ӨРНЕКТЕРІ

Арғы-бергі орыстың артық туған ақыны Александр Сергеевич Пушкиннің өзі осылайша ода арнаған Санкт-Петербургтің сән-салтанатын суреттеуге тіл жетпейді. Әр тасында өткен тарих өрнектері таңбаланған шежірелі шаһар бүгінде ашық аспан астындағы мұражайға айналған. Самаладай патша сарайлары, қабырғалары ертеде қаланған ескі қамалдар, ғажайып көне ғимараттар, елдіктің белгісіндей ескерткіштер еріксіз көз тартып, көңіл толқытады.

Мұнда біздің қазақтың да талай марғасқаларының табан ізі қалған. Олардың бәрін бірдей түгендемей-ақ, ел білетін есімдерді атасақ та біраз жерге барарымыз анық. Ақыл-ойымен айналасынан ат оздырған оқымыстылар Шоқан Уәлиханов пен Мұхамед-Салық Бабажанов, оқалы генерал Ғұбайдолла Жәңгіров, алғашқы заңгерлеріміздің бірі Барлыбек Сыртанов пен Думаның депутаты болған Бақытжан Қаратаев, Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышбаев, Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамедов, әдебиетіміздің алыбы Мұхтар Әуезов, ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан, батыр қызымыз Әлия Молдағұлова және басқа жақсы-жайсаңдарымыздың осында әр жылдары оқып, білім алғаны әмбеге аян. Ал, кейбір қандастарымыз Нева жағалауына түбегейлі тұрақтап, елеулі еңбектерімен ел-жұртының құрметіне бөленді. Ондай отандастарымыздың қатарына кезінде Мария театрының прима-балеринасы атанып, кейіннен А.Ваганова атындағы орыс балет академиясының көркемдік жетекшісі дәрежесіне көтерілген Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратованы, ұзақ жылдар бойы Поляр академиясының ректоры болып, Францияның «Құрметті легион» орденімен марапатталған Азургет Шәукенбаеваны, тарих ғылымының докторы Тұрсын Сұлтановты, Санкт-Петербург Теңіз фасадының президенті Серік Жүсіповті жатқызсақ жарасар еді.

Бүгінде Санкт-Петербургтегі түрлі жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қаракөз ұлдарымыз бен қыздарымыз өте көп көрінеді. Бұлардың арасынан да айтулы азаматтар шығып, Қазақстанның қарыштап дамуына қомақты үлес қосарына сеніміміз мол.

СМОЛЬНЫЙДАҒЫ САЛИҚАЛЫ СҰХБАТ

Санкт-Петербургтегі Астана күндері Смольныйдағы екі қала басшыларының ресми кездесуімен басталды. Алқалы жиынды ашқан Санкт-Петербург губернаторы Г.С.Полтавченко алыстан ат арытып келген қазақстандық қонақтардың қадамына құтты болсын айтып, ойға алған ортақ мақсаттардың орындалуына тілектестігін білдірді.

«Астанадағы алғашқы кездесуімізден бері алты айдан асса да, әдемі әсерден әлі арыла қойғанымыз жоқ. Ең бастысы, сол жолы да жеткізілген уағдаларға байланысты біраз шаруаның басы қайырылды. Әсіресе, медицина, бизнес өкілдері арасында белсенді іс-қимылдар байқалады. Ендігі жерде тұрған үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы байланыстарды жандандыруға күш салуымыз керек секілді. Бізде су, жылу, энергетика мәселелерін шешудің оң тәжірибесі қалыптасқан. Сіздердегі игі істермен таныссақ, тіпті, дұрыс болар еді. Қаланың тіршілігіне қажет коммуналдық техника түрлерін бірлесіп шығару да көкейдегі көп ойдың бірі екенін айта кеткім келеді.

Айрықша атап өтерлік тағы бір жайт, Санкт-Петербургтегі жоғары оқу орындарының ректорлары астаналық әріптестерімен жан-жақты байланыс жасағанды жөн санайды.

Оларды, әсіресе, Назарбаев университетінің тәжірибесі қызықтырады. Санкт-Петербург Ресейдегі ордалы оқу орталықтарының бірі болғандықтан, үйренетін үрдістері жетерлік екені белгілі. Бұрыннан жолға түскен дәстүрлі бағыттар бойынша бірлескен іс-әрекеттер көкжиегі кеңейе беретініне күмән келтірмеймін» деп ойын түйіндеген Георгий Сергеевич сөзінің соңында қазақ тамырларына қалжыңдауды да ұмытпады: «Сіздерге қолайлы болуы үшін тамаша ауа райына тапсырыс бердік. Аспан ашық, күн жылы. Қаламызда алаңсыз аунап-қунауларыңызға әбден болады».

Біз келерден бір күн бұрын ғана жаңбыр жауып, суық жел соғып, мазаны кетірген мамыр мінезі расымен де мамыражай қалыпқа түскен шуақты шақ еді бұл.
Жарқын қабақпен жадырай қарсы алған петерборлықтарға шын жүректен шыққан алғысын білдірген Астана әкімі И.Тасмағамбетов тиісті құжаттарға қол қойылғаннан кейін екі тарапта да жұмыстың жандана түскенін атап көрсетті. Осы ойының айғағы ретінде астаналықтар делегациясы құрамында республика аумағында және халықаралық деңгейде жемісті жұмыс істеп жүрген отыздан аса кәсіпорынның басшылары келгенін және олардың бұл жақтағы әріптестерімен ықпалдаса әрекет етуге мүдделі екенін білдірді. Тіпті, «КазСтройСтекло» және «Глас­кек Санкт-Петербург» компания­лары меморандумға қол қойып үлгерген көрінеді. Оның ойынша, мәдени-гуманитарлық салада да ілгерілеуге жол ашатын ілкімді іс-әрекеттер байқалады. Мәселен, делегациямыз халықаралық Жас­тар жиынына, сондай-ақ «Үлкен қалалар экологиясы» форумына қатысқан. Қазіргі таңда ауаны көк түтінге көміп ластайтын көліктердің, зауыт-фабрикалардың көбеюі қала біткеннің басына қара бұлт үйіретіні белгілі. Алайда, Астанада экологиялық ауыр ахуал тудыратын ірі өндіріс орындары жоқ. Аймақтық жалпы өнім шығару үлесі шағын және орта бизнеске тиесілі. Соған қарамастан, экология проблемасы ұдайы назар аударуды қажет етеді. Сондықтан халықаралық форумдардың бұл ретте берер пайдасы мол. Оның үстіне қазір «ЭКСПО-2017» көрмесіне қызу дайындық жүріп жатыр. Ал, оның тақырыбы «Болашақтың энергиясы» екені өздеріңізге мәлім, ЭКСПО-ға дайындық жұмыстары тек павильондар салумен шектелмейтіні түсінікті. Демек, экологиялық түйіндерді тарқатудың тың технологияларын меңгеру мақсатында беделді басқосуларға қатысып, ба­йыпты байлам жасаудың пайдасы зор.

Губернатор Г.Полтавченконың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына байланысты орамды ойына қатысты орнықты пікірін айтқан Иманғали Нұрғалиұлы екі жақтың білікті мамандарынан бірлескен жұмыс тобын құрып, көп кешікпей келелі іске кірісу керектігін алға тартты. Климаты, жер жағдайы біршама ұқсастау болғандықтан, қос қалаға ортақ оңтайлы жобалардың орай келіп жатса, әрине, жаман емес.

Астана әкімі білім саласында да бірлесе атқарар жұмыстардың аз еместігін айта келе, Санкт-Петербургтегі әлемге әйгілі ғалымдардың көмегі әлі жас елорданың оқу орындарына аса қажет деген қорытынды жасады.

Ол, сондай-ақ, осыдан бірер ай бұрын гастрольдік сапармен келген «Астана Опера» театрының әртістеріне қамқорлық көрсеткені үшін Санкт-Петербург басшыларына ризашылығын білдіруді де ұмытқан жоқ.

Салиқалы сұхбат үстінде Георгий Полтавченко Санкт-Петербургте тәп-тәуір коммуналдық техникалар құрастырылатынын, ал баяғы Киров трактор зауытында астаналықтардың назарын аударуға тұрарлық заманауи автобустар шығарылатынын айтып қалды. Мәселенің мәнісін ұға қойған Иманғали Тасмағамбетов те айтар сөзден жаңылмай, жауабын берді: «Біз де біраз шетелді көріп болдық. Олардың көбі бізге әріптес емес, нарық нысаны ретінде қарайды. Кейбір өнімдеріміздің сапасы ешкімнен кем емес. Бағалары әлдеқайда төмен. Ендеше, неге алыстан арбалағанша, жақыннан дорбаламаймыз. Егер Санкт-Петербургтің автобустары талғам талаптарына сай болса, бағасы аспандап тұрмаса, соны сатып алғанымыз жөн емес пе? Ақылға салып қарасақ, тұрғындарының саны онша емес қалада автобус шығаратын бірлескен кәсіпорын ашудың қажеті қанша? Ендеше, бірімізде жоқты бірімізден алып, жыртығымызды бүтіндегеніміз жөн болар. Ертең Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бұл ойымызды жүзеге асыруға кең жол ашылатыны өзінен-өзі белгілі».

АҚЫЛДЫ СӨЗГЕ АЛЫП-ҚОСАРЫМЫЗ ЖОҚ

Кездесу соңына қарай «Ұрпақтарға жолдау» атты құжатқа қол қойған Астана әкімі И.Тасмағамбетов пен Санкт-Петербург губернаторы Г.Полтавченко журналистермен жүздесті. Екіжақты келісімнің нәтижелері туралы сауалға Иманғали Нұрғалиұлы былайша жауап берді:

«Қазақстан мен Ресейдің экономикалық, мәдени, гуманитарлық байланыстары ертеден үзілген емес. Әйтсе де, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Астана мен Санкт-Петербургтің арасындағы барыс-келіс сиреп, алыс-беріс азайып кетті. Оның өзіндік себептері бар. Кеңес өкіметі құлағаннан кейін әрқайсысымыз етпеттеген экономикамыздың еңсесін көтерумен айналысып кеттік. Осындай қиын кезеңде Қазақстан астанасын ауыстырды. Жас елорданы жайнату оңай емес еді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерлігіне баланған іргелі іс абыроймен жүзеге асты. Кемелімізге келген соң ғана айналамызға қарай бастадық. Сөйтіп, міне, қарым-қатынас өрісі күннен-күнге кеңейіп келеді. Астана – қарқынды даму үстіндегі қала. Жылына бір жарым миллион шаршы метр тұрғын үй салынады. Санкт-Петербургтің жобалау институттарының қызметін пайдалануға мүдделілік танытамыз. Басқа да бірлесе атқаратын ауқымды істер баршылық».

Смольныйдағы кездесуден кейін Иманғали Тасмағамбетов пен Г.Полтавченко және делегация мүшелері Санкт-Петербургтің айшықты ауданындағы «Астана» сауда-іскерлік кешенінің іргетасы қаланатын жерге капсула қою салтанатына қатысты.

Бұл нысан қазақстандық кәсіпкерлердің қаржысына салынады. Нарықтың заңы солай. Қазақшалап қайырсақ, «Киіз кімдікі болса, білек соныкі». Іс адамдары қаржыны қажет деп тапқан жеріне салады. Негізі, бұл мәселе осыдан он шақты жыл бұрын көтеріліпті. Сәті енді түсетін сыңайлы. Ал, ресейліктер Астанадан жер алып, «Санкт-Петербург» дейтін іскерлік орталығын ілгеріде салып алған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × two =