Сарқыт салғырттықты көтермейді

0 97

Кеше елордада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин тұрғындарды тамақтан уланудың алдын алуға шақырды. 

Тұтынушыларды сапасыз өнімдерден қорғау мақсатында мемлекеттік сани­тариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдары маусым-шілде айларында базарларда, ірі сауда орындарда, жәрмеңкелерде «Құнарлы өнім – халықтың денсаулығы», «Қауіпсіз өнім күні» акцияларын өткізген. Нәтижесінде тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне зертханалық зерттеу жүргізілді. Көбінесе қарбыз бен қауын қауіп тудырады екен. Осыған байланысты Ж.Бекшин мырза рұқсат етілмеген орындардан бақша өнімдерін сатып алмауды, өнімнің қауіпсіздігін куәландыратын құжаттың болуын талап ету керектігін ескертті.

Жиында белгілі болғандай, бүгінде базардағы «Халал» деп аталатын өнім­дердің барлығы бірдей санитарлық нормаға сәйкес келе бермейді екен. Кейбір мейрамханалар мен асханаларда тамақ дайындаудың технологиясы дұрыс жолға қойылмаған. Сондықтан, тойхана иелеріне тек сертификатталған өнімдер сатып алып, тамақ дайындаудың технологиясына назар аудару қажеттігі де айтылды.

«Біз Қытай, Корея, Германия, Франция, АҚШ сияқты елдердің алдыңғы қатарлы тәжірибелерін зерттеп жатырмыз. Соңғы екі жылда гендік модификацияланған өнімдерді анықтайтын аппаратуралар сатып алу көзделуде. Бұл өз кезегінде ахуалды тұрақты ұстап тұруға ықпал етеді» дейді Ж.Бекшин.

Брифингте бас санитар сарқыт мәселесіне де назар аударды. Жаз мезгілінде балалар мен ересектер арасында тағамнан улану оқиғалары жиі кездеседі. Ол тойда сарқыт ретінде берілетін ет, салат, жеміс-жидек сынды тез бұзылатын тағамдардың орнына кәмпит, печенье, шығыс тәттілері секілді құрғақ әрі жеңіл тамақтар салынса деген ұсынысын жеткізді.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 5 =