САРБАЗДАР АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

0 219

ERA_3880

Сенбі күні Ұлттық ұланның сапына мерзімді әскери қызметін өтеуге шақырылған жас сарбаздар салтанатты түрде әскери ант қабылдады.

Астана гарнизоны бойынша сарбаздар 3660 және 6636-әскери бөлімдерінде әскери ант қабылдады. Салтанатты шараға ІІМ басшылығының, Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының, Астана қаласы әкімшілігінің өкілдері және ардагерлер мен сарбаздардың туған-туыстары қатысты.

Мінберге көтерілген 3660-бөлім  командирі Марат Әрінов «Әскери ант қабылдау – Отаныңа, халқыңа ақтық демің шыққанша адал болу, ел басына сын сағат түссе, оны мойымай көтеру, қажет болса, жан қию деген сөз. Талай ғасыр халқының еркіндігін сыртқы жаулардан қорғаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды батыр бабаларымыздың, кешегі фашизмнің отын өшірген майдангер аталарымыздың аманаттаған Отанымызды қырағы күзету – ең ұлық қызмет» деп құттықтау сөзін арнады.

Аталмыш 3660-әскери бөлімінде әскери ант қабылдаған Жасұлан Әлімқұловтың Алматыдан әкесі Әбдірайым келіпті. «Ұлдың ер жеткені – әкеге демеу.  Ағасы жүрген жолмен жүрсін деп інісін, екінші баламды да ала келдім. Сарбаз балам әскерге келерден бұрын ҚазҰУ-дың Журналистика факультетін бітіріп еді» дейді ол мақтанышпен.

Ант қабылдау рәсімі «Қазақстан» орталық концерт залында ҚР Ұлттық ұланы Орталық оркестрі мен Ән-би ансамблінің Қазақ хандығының 550 жылдығына, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына, Конституциямыздың және Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Бабалар дәстүрі – ұрпаққа аманат» атты гала-концертімен жалғасын тапты.

Концертте 1942 жылы Ақмолада жасақталып, майданға аттанған 72-гвардиялық дивизияның Жауынгерлік туының көшірмесін «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы генерал-майор Марат Марденов жедел бригаданың командирі полковник Марат Қанағатовқа тапсырды.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 2 =