САРАТОВ – СЕНІМДІ СЕРІКТЕС

0 103

ERA_2167

Сейсенбі күні Астанаға ресми іс-сапармен Ресейдің Саратов облысы губернаторы Валерий Радаев келіп, қала әкімдігінде екі жақты делегацияның қатысуымен кездесу өтті.

Үстел басында сөз алған Астана әкімінің орынбасары Василий Крылов қала әкімінің атынан қонақтардың қадамдарына құтты болсын айтып, Саратов облысы мен Астана арасындағы қарым-қатынастың терең тарихына тоқталды. 1998 жылы қол қойылған келісімнің аясында қыруар жұмыстар атқарылып, ежелден ауылы аралас, қойы қоралас жататын орыс халқы мен қазақ елінің арасындағы қазіргі экономиканың мейлінше дамығанын сөз етті.

«Бұл күні өнеркәсіп, білім, инновация, жол-көлік қатынасы саласында жеткен жетістігімізбен мақтана аламыз. Болашақта әлі де алар асуымыз көп. Мысалы, осы жылы 9 мектеп пен 15 балабақшаның пайдалануға берілетінін ескерсек, көп ұзамай әлеуметтік мәселелерімізді де толықтай шешеміз деген ойдамыз» деді Астана қаласы әкімінің орынбасары В.Крылов.

Содан кейін Саратов облысы губернаторы В.Радаев өздерінің Астанаға келгендегі мақсаттарын айтып, екі аймақ арасындағы достық қарым-қатынастың одан әрі жалғаса беретініне сенім білдірді. Ол қонақжайлылығымен ерекшеленетін қазақ халқына ыстық ықыласын білдіріп, Елбасының осынша жәрдемін көріп жатқан астаналықтардың жарқын болашағына сенетінін жеткізді. Ол өз сөзінде «Астананың экономикалық, әлеуметтік жағдайымен жіті таныстырып, бізбен бірге үлкен істер атқаруға сенім білдіргендеріңіз үшін алғысым шексіз. Дегенмен, шешімін күткен мәселелер барлық мемлекеттерге тән. Сол сияқты, балабақша кезегі, мектеп оқушыларының екі ауысымда білім алуы сынды проблемалар бізде де бар. Осындай кездесулер барысында кеңесе отырып, алдағы жылдары күрделі мәселелерді бір-бірімізбен тәжірибе алмасу арқылы түбегейлі шеше аламыз дегім келеді. Сондай-ақ, Астана мен Саратов облысының бизнес өкілдері тізе қосып, екі елдің дамуына өздерінше үлес қосатын болады» деп, ағынан жарылды.

Кездесу барысында көрші елдің өнеркәсіпті облысы мен елорда арасындағы бірлескен шаралардың жоспары құрылып, болашақтары талқыланды. Саратов облысы үкіметі мен Астана қаласы әкімдігі арасында 1998 жылғы 23 желтоқсандағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған еді. Бірлескен жоспар сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестік, өнеркәсіп өндірісі саласында тәжірибе алмасу, сәулет, құрылыс және тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы, жол-көлік инфрақұрылымы сынды негізгі бағытты қамтиды. Сол байланыстың әлі де болса үзілмей келе жатқаны екі ел арасындағы тату-тәтті достық пен ынтымақтастықтың ықпалы болса керек. 2016 жылы да қос тараптың бастамасымен агроөнеркәсіп кешені мен қоршаған ортаны қорғау салаларында бірлескен шаралар өткізу жоспарлануда.

Қос тараптың кездесуі нәтижесінде РФ-ның ҚР-дағы сауда өкілдігі мен Саратов облысы үкіметі арасында ынтымақтастық туралы келісімге және Саратов облысының Үкіметі мен ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Екі аймақ үшін мұндай кездесулер жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, бизнес қауымдастықтардың бірлесе жұмыс істеуіне кедергі келтірмей, экономикалық өрлеуге жеткізеді. Сонымен қатар, Астана мен Саратов облысы арасында мәдениет, білім-ғылым, туризм және спорт, техника және медицина салаларында да мызғымас ынтымақтастық орнату көзделіп отыр.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − twelve =