©2020 Астана Ақшамы
САРАБДАЛ САЯСАТТЫҢ САЛТАНАТЫ
Қазақстанда қоғамдық келісім мен бірлікті сақтауға, түрлі ұлт өкілдерінің мәдениеті мен тілін, рухани құндылықтарын дамытуға барлық жағдай жасалуда. Оған әлемдік қауымдастық қызығушылық танытты. Бұл тату-тәтті өмір сүрудің озық үлгісі деп, дүние жүзі мойындаған мемлекетімізде жүргізіліп келе жатқан сарабдал саясаттың жасампаз сипатының бір көрінісі екенін мақтан етуіміз керек.
Біз Елбасының көрегендігімен адамзат баласының бейбіт қатар өмір сүруінің негізін қалайтын татулық пен бірлік деп аталатын құндылықтарын баянды ету арқылы жаңа қоғамымыздың іргетасын қаладық.
Еліміздегі этникалық топтардың азаматтық-құқықтық дәрежесі бар. Оларға аз санды халықтың өкілі деп емес, еліміздің толыққанды мүшесі, Қазақстанның тең құқылы азаматы деп қараймыз. Бұл – еліміздің ұлт саясатындағы берік ұстанымы. Кең мағынасында, мұны мемлекет құрушы қазақ халқының ғасырлардан келе жатқан дархан пейілімен, қалыптасқан дәстүрімен байланыстыруға болады.
Жалпы, мейірімділік пен сүйіспеншілік, ұлтаралық төзімділік орныққаны дұрыс. Бәріміз бір үйдің баласындай өмір сүруіміз керек. Және олай өмір сүруге де болатынына көзіміз жетіп отыр.
Асылы, адам мен оның өмірінен артық ештеңе жоқ. Қоғам мүшесі шыққан тегіне, әлеуметтiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, нанымына, өзге де айырмаларына байланысты кемсiтілмейді. Оны Ата заңымызда бекіттік.
Елбасы биылғы Жолдауында: «Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама» деген еді. Шынында да, біз тарих тағылымдарынан, өзгелердің қате істерінен, жаза басқан жерінен сабақ алуымыз керек.
Бірнеше күннен кейін Ассамблеяның кезекті сессиясы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Қазақстан-2050» стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» деген тақырыппен өтпек.
Расында да, мұны Ассамблея жұмысының даму сатысы, уақытпен сараланып келген жаңа белесі деп қарауға болады. Осы жылдар арасында Қазақстанда тілдер мен ұлттық мәдениеттерді, салт-дәстүрлерді қайта жаңғырту және насихаттау жұмыстарына мән берілді. Ұлтаралық татулық пен келісімді нығайту істері байыпталды. Алдағы уақытта қазақстандық және ұлттық отансүйгіштік сезімді қалыптастыруда мәдени ділімізді қанықтыра білудің жолы күн тәртібінен түспейтін мәселе болуы тиіс.
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты