Сарабдал саясат салтанаты

0 13

Өткен жылдың 19 наурызы – егемен еліміз үшін ерекше күндердің бірі. Себебі дәл сол күні Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміз үшін тағдыршешті, маңызды шешім қабылдап, билікті Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор сеніммен тапсырып берді. Елбасының бұл саяси қадамының қаншалықты көреген шешім екенін төреші уақыт әлі де әділ бағалайды деп ойлаймын.Жалпы, жас мем­лекетіміз­дің небір алмағайып заманның сын-қатерлерін артқа тастай жүріп аяғынан тік тұруы, тәуелсіздігіміздің нығайып, елдігіміздің еңселенуі жолындағы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының атқарған еңбегін ертеңгі ұрпақ жадында жақсы тұтады деп сенеміз.
Айналасы тарих үшін бір қас-қағым сәт – отыз жылдың мұғдарында жалғыз біздің еліміз ғана емес, жаһан жұртшылығы үш бірдей үлкен дағдарысты басынан өткеріп, ендігі кезекте төртіншісімен, яғни адамзатты түгел жайлап келе жатқан өркениет дағдарысымен бетпе-бет келіп тұрмыз.
Мен атаған дағдарыстардың негізінен біріншісі, геосаяси – текетірестің аренасындағы ғаламдық күштердің ықпалынан туындаған экономикалық дағдарыстың үстіне демократиялық процестерді ойланбай жүргізу кеңестер одағының тарауына бірден-бір себепкер болды деуге әбден болар. Айтпақшы, тарихтағы аналогия – бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі либерализмге бетбұрыс саясаты Ресей империясының түбіне жеткені белгілі. Ал екінші және үшінші дағдарыстарға ғаламдық экономикадағы трансформацияны қажет еткен іштен бұлқынған тектоникалық процестердің әсері болды деп есептейді
сарапшылар.
Ал бүгінгі кезеңде өркениеттердің арасындағы қыр­ғи-қабақ қақтығыстардың себебінен дүниежүзілік дүрбелеңдерге жалғасып, адамзат алаң күй кешіп отырған жайымыз бар. Мемле­кеттер арасындағы сенімсіздікке жол берілуде, кейбір елдерде ұлттық эгоизм шарықтау­да, Біріккен Ұлттар Ұйымы бірікпеген көзқарастар алаңына айналуда. Экология жағдайы, коронавирус пандемиясы, мұнай бағасының құлдырауы және де басқа адамзатты алаңдатушы жайттар осы бір тезисті дәлелдеу­ші фрагменттер сияқты.
Осынау қиын-қыстау кезеңнің бәрін салиқалы сабыр­мен саралап, алда болатын алапат қиындықтарды әріден болжауда Елбасының саяси қадамдары ел мүддесі үшін ешқашан мүлт кеткен емес. Тоқсаныншы жылдарда халқымыздың үлес-санының көрсеткіші аз болғанына қарамастан, орталыққа тәуелді, әлеуеті әлсіз, экономикасы тұрақсыз жас мемлекеттің елең-алаң шақтың өзінде сыртқы саясатымызға сына қақтырмай, ішкі саясатымызды ілгерілетуде Тұңғыш Президенттің мойнында біз кейде сезіне бермейтін үлкен жүк тұрды. Елдің басына төнген ауыр қиыншылықтар мен әрқилы шақыруларға халықпен бірге төтеп беру үшін де Елбасы барған сансыз тәуекел көп болды. Өйткені жауапкершілік оның жеке басында еді. Бұған ешкім таласа қоймас. Отанымызды кейбір арандатушылар айтақтаған араздықтан сақтап, көпұлтты біртұтас ел қалыптастыру арқылы Қазақстанды бейбітшіліктің бесігі ете білді. Елімізде өткен Еуропа Қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымының саммиті, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, Қазақ-стан халқы Ассамблеясының құрылуы сияқты әрқилы шешімдер азаттығымызды ақсатпай, егемендігімізді еңкейтпей өтуге өткел болды.
Қазақстанда мұнай мен газға, жерасты байлығына тәуелсіз әртараптандырыл­ған экономиканың негізі қалануда, әлеуметтік сала нарықтың жолына көшіп, еңбегіне сай жаңа әділ қоғам орнатуға атсалысуда, сасқанға сая болу саясатын жүргізуде, халқымыздың қолын аузына жеткізетін жаппай кәсіпкерлік кеңінен дамуда, заманауи тенденцияларға сәйкес салаларға ақпараттық және сандық технологиялар енгізілуде. Негізгі күш адам капиталды дамытуға жұмсалуда.
Уақытында 39 пайыз ғана болған қазақ саны осынау салиқалы саясаттың арқасында биыл күзде өтер санақта, бұйырса, демографиялық көрсеткішіміз 76-78 пайызға дейін өсіп, көз қуанарлық межеге жетеді деген үмітіміз бар. Кезінде Еділден айрылған қазақ енді Елбасының ерлігімен дәл уақытында Есілдің бойына елордасын салып, Еуразияның төрінде, Сарыарқаның төсінде көк байрағын аспанға желбіретті, сөйтіп ата-бабадан аманат болып қалған кең-байтақ қасиетті жеріміздің толыққанды иелігіне қол жеткіздік емес пе?
Осы кезеңнің барлығында Тұңғыш Президент ұлан-ғайыр атырабымыздың біртұтас шекарасын шегендеп, байтағымыздағы байрағымыздың биік желбіреуіне басын бәйгеге тіге жүріп жеткен тарихи тұлға. Мен бұған Ресей Федерациясында елшілікте қызмет етіп жүрген жылдары көз жеткіздім. Сол кездегі Нұрсұлтан Әбішұлы берген тапсырмаларды тиянақтауда бұл нәтижеге оңай жолмен келмегенімізге куәгер болдық. Айтпақшы, Қазақстан-Ресей шекарасы – дүние жүзіндегі ең үлкен мемлекетаралық шекара, ұзындығы – 7562 км.
Кейде тәуелсіздіктің жетіс­тіктерінің барлығына оңай қол жеткізе салғандай жеңіл пікірлер желдей есіп жатады. Осындайда, қазақтың «кебісім тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда?» деген сөзі еріксіз еске түседі. Иә, әлде де елімізде шешімін таппаған мәселелер бар, биліктің тарапынан әр деңгейде жіберілген кемшіліктер де бар, олар ашық айтылып та, сыналып та жүр, бірақ Үркер жұлдызынан айырылмаған көшпенді ата-бабаларымыз сияқты біздер де тәуелсіздік жолына келгенде, ұлтымыздың ең жоғарғы мүдделеріне негізделген Елбасының сарабдал саясатына келгенде адаспауымыз қажет.
Тәуелсіздік жылдарының тарих таспасын кері айналдырып қарар болсақ та ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, жадымыздағы тарихи сананы жаңғыртуға да бір күнде дайын болмағанымыз белгілі. Елбасының бастауымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен «Мәдени мұра», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» сынды бағдарламалар осынау аз ғана уақыттың ішінде жоғымызды түгендеп, санғасырлық құндылықтарымызды қайта қалпына келтіруімізге септесті емес пе? Соның жалғасы іспетті биыл кең көлемде аталып жатқан әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Ұлық Ұлыс (Алтын Орданың) 750 жылдығы қазақтың ХХІ ғасырдағы жаңа келбетін қалыптастыруға бірден-бір негіз болары сөзсіз.
Өткенді фальсификациялап, болашақты мистификациялап жатқан қазіргі заманда ата-бабадан мирас болған рухани бағдарымызды дұрыс қалыптастырып, өскелең ұрпаққа жасампаз жол сілтеу – біздің замандастардың парызы.
Сондықтан Елбасы осынау жүйелі жұмыстарды келесі ізбасар, сенімді тұлғаға тапсыруда да көрегендік білдірді. Халықаралық ареналарға аты мәлім, Біріккен Ұлттар Ұйымы үшін беделді есім, ел ішіндегі Үкіметті ғаламдық дағдарыс кезінде басқарған, маңызды міндеттерді абыроймен еңсере жүріп ел билігіне ұсынылған Қасым-
Жомарт Кемелұлы Тоқаевты таңдауда Нұрсұлтан Әбішұлы тағы да ел үмітін ақтап, ама­натқа деген адалдығын айқын көрсетіп берді емес пе?! Бұл ізгі қадамды кейбір елдердің мемлекет басқарудағы тәжірибелеріне қосуын ерекше айтуымыз да керек.
Парасаттылықпен, жауап­кершілікпен сатылап жеткен саяси қадам өз жемісін беретіні белгілі ғой. Бірлік пен үндестіктің үлкен үлгісі осыдан тура бір жыл бұрын тарих тақтасына алтын әріптермен жазылды. Салиқалы шешім салтанат құрды. Тәуел­сіздік күнтізбесінің жаңа беті ауыс­ты.
Міне, бүгінде сол тарихи шешімнің жемісін баршамыз көріп отырмыз. Азаттығымыз­дың айбары алпауыт елдермен теңесіп, алашымыздың айдарына жел есіп жаңа кезеңге, жаңа заманның жаңа белестерін еңсеруге бағыт алдық. Көреген көшбасшының дана ұйғарымы даңғыл жолға бастады. Елордамыз елдігіміздің ақ бесігіндей Ұлы даланың салқар төсінде жарқырап жайнап келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы қалыптаған іргелі ұлыс Қасым-Жомарт ­Кемелұлы жалғастырған жаңа мемлекет ретінде беделі арта береді деп сенеміз. Көкте Алла, жерде әруақтар қолдасын деп тілейміз!

Қырымбек КӨШЕРБАЕВ,
Қазақстан
Республикасының
Мемлекеттік хатшысы
«Егемен Қазақстан» газеті,
№55, 20 наурыз 2020

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды