Сақтық шаралары сақталады

0 12

ҚР Үкіметінде өткен онлайн-брифингте Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі бойынша қазіргі қолданыстағы карантиндік шаралар маусым айының соңына дейін сақталатынын айтып, шектеулер аймақтардағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, біртіндеп алынатынын айтты.Биологиялық қауіпсіздік кеңесі

«ҚР Президенті ­Қасым-Жомарт ­Тоқаев «мына қиын кезең өтісімен біз денсаулық сақтау жүйесіне қатыс­ты барлық мәселелерді қайта қарап, өзектілігін анықтап, алда кездесетін қандай да жағдайларға дайын болуын қамтамасыз етуіміз керек» деген міндет қойды. Осыған орай, Үкімет жанынан, беделді ғалымдар мен эксперттерден құрылған Биология­лық қауіпсіздік жөнінде ғылыми кеңес құрылады» деді Е.Тоғжанов.
Сонымен қатар вице-премьер ендігі кезекте экономикалық белсенділікті кезең-кезеңімен ретке келтіріп, азаматтар үшін қалыпты тіршілік жағдайларын жасау міндеті тұрғанын атап өтті.

Кешенді жоспар жасалды

Ералы Тоғжанов Қазақстанда карантиндік шараларды біртіндеп жұмсартудың жоспары жасалғанын мәлім етіп, карантин режимі маусым айының соңына дейін сақталатынын айтты.
– Карантиндік шараларды біртіндеп жұмсартудың жоспары жасалды, маусым айын қосып алғанда. Сонымен қатар, Үкімет 159 тармақтан тұратын кешенді жоспарды қарастырды. Олар карантиндік режим мен төтенше жағдай кезінде келген экономикалық зиян орнын қалпына келтіруге бағытталған. Бұл – өте ауқымды мәселелер. Олар күн тәртібінде тұр, әрбір мәселенің арғы жағында жұмыс орны жайы тұр, – деді Е.Тоғжанов.

Дүкендер,саябақтар, балабақшалар ашылады

– Мемлекет басшысы жұмыс орны 2 мың шаршы метрге дейінгі азық-түлік емес дүкендер, сұлулық салондары, балаларды дамыту орталықтары жұмыс істей бастайтындығын мәлімдеді. Саябақтар мен алаңдар азаматтардың серуендеуіне қолжетімді болады. Саябақ жанындағы ойын-сауық қыз­меттеріне шектеулер сақталады, – деді Е.Тоғжанов.
Сонымен қатар, ол спорттық жаттығулар өткізуге, мәдени қызметкерлерге да­йындық жасауға рұқсат етілгенін айтты. «Жұмыс істейтін ата-аналар үшін санитарлық нормаларға сәйкес балабақшаларда кезекші топтар құрылады» деді Премьер-министрдің орынбасары.

Мейрамхана мен қонақүйлер әзірге істемейді

– Сауда және ойын-сауық орталықтарының, мейрамханалар мен қонақүйлердің жұмысын жандандыру бойынша кәсіпкерлер мен қоғам тарапынан көптеген сұрақтар түсуде. Олардың осы кезеңде жұмысқа кіріспейтінін баса атап өткім келеді. Бұл мәселе аймақтардағы санитарлық-эпиде­миологиялық жағдайды ескере отырып, біраз уақыттан кейін қаралады. Қоғамдық шаралар өткізуге салынған тыйым өз күшінде. Сондай-ақ ел ішінде әрі-бері жүру мүмкіндігі ақырындап кеңейтіліп келеді, – деді ­Ералы Тоғжанов.

Блокпостар сақталады

Вице-премьердің айтуынша, төтенше жағдай режимі жойылғанына қарамастан, жолдағы блокпосттар әрі қарай өз жұмысын жалғастырады. Алайда қала маңында тұратындар қалаға, сол секілді қала ішіндегілер облысқа жұмысқа бара алады. Ол үшін әкімдіктердің бекітілген тізімдеріне сәйкес рұқсат алу қажет болады.

Теміржол жабық, әуе жолы ашық

– 1 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен, Семей, Қызылорда және Петропавл қалалары арасында рейстер қалпына келтірілгені белгілі. Президенттің шешіміне сәйкес, еліміздің 7 қаласымен (Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Тараз, Талдықорған) әуе қатынасы қайта жанданды. Қазіргі уақытта теміржол көлігінің қатынауына рұқсат жоқ, – деді Е.Тоғжанов.
Сондай-ақ ішкі рейстерге КВИ талдауын талап ету қолжетімділігі туралы қоғамдық талқылау есепке алынып, бүгінгі таңда бұл талап алынып тасталды. Оның үстіне, елімізде кең ауқымды скрининг жүргізіліп жатыр, бүгіндері республикамызда коронавирусқа байланысты 400 мыңға жуық тестілеу жүргізілді.

Соңғы қоңырау мен ҰБТ өтеді

– Премьер-министр орынбасары мектептерде соңғы қоңырау болатынына тоқталды. Адамдар саны шектеулі, ашық аспан жағдайында мектептерде 3-4 маусымда соңғы қоңырау өтеді, – деді Е.Тоғжанов. Сондай-ақ Қазақстанда ҰБТ әдеттегідей өтетінін айтып, 20 маусымнан бастап ҰБТ 168 пункт базасы негізінде санитарлық ережелерге сәйкес өткізіледі деп жоспарлануда.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 2 =