«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сақтандыруға неге селқос қараймыз?

0 153

Қазақ қаралы күнге қаржы жинауды жақсы ырымға баламайды. Дегенмен «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деп сақтандыру компанияларының қызметіне жүгінетіндер, әсіресе, пандемия кезінде арта түскен. «Апат айтып келмейтіні» секілді, коронавирус сияқты жаңа індет те тосыннан келетінін көрдік. Екі жылда Қазақстанда 14 мыңға жуық адам осы қауіпті дерттен көз жұмды. Былтыр Бельгия­ның өзінде 70 мыңға жуық адам өзін коронавирус инфекциясынан сақтандырған. Ал біз өмірімізді немесе мүлкімізді сақтандыруға дайынбыз ба?

saktandyru-kompaniyasy-750x421

Сақтандыру, ең алдымен, кепілдік үшін, одан кейін тә­уекелдің алдын алу үшін қажет. Өкінішке қарай, көптеген елдер сақтандырудың мүмкіндігін толық пайдаланып отырған жоқ. Мысалы, Орталық Азияда ерікті сақтандыру үлесі 10 па­йызға да жетпейді. «Виктория» СК» АҚ басқарма төрағасы ­Раушан Ержанованың айтуынша, Қазақстандағы сақтандыру саласы өте төмен деңгейде, 1 пайыздан аспайды. Дамыған шетелдерде көрсеткіш 15-20 пайыз деңгейінде. Сақтандыру көрсеткішінің тығыздығы да, яғни жан басына шаққандағы сақтандыру сыйақысы төмен, бір адамға 60-75 доллардан жоғары емес. Дамыған елдерде бір адамға 5-10 мың доллардан келеді. Сақтандыру саласындағы халықаралық сарапшы Робин Кристидің айтуынша, мұның басты себебі – ұзақмерзімді дағдарыс, одан да маңыздысы – қаржылық жүйенің жұмыс істемеуі мен жемқорлық.

Құжат бойынша сақтандырушы өз клиентінің кез келген қиындығына байланысты жұмсалатын барлық шығынын өз мойнына алады. Егер сіз табыс табу мүмкіндігінен айырылсаңыз, сақтандырушы компания сіздің жақындарыңызға айлығыңызды төлеп отырады. Бұл қызмет түрін пайдаланатындар өте көп, өйткені кейбіреуінің несиесі бар, екінші бір отбасында қайтыс болған адам жалғыз табыскер болуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, кез келген затты сақтандыруға болады, тіпті, үйлену тойын да кіріс-шығысқа сақтандырған отбасылар жетерлік.

Сақтандыру және басқа да қызмет түрлері адамның айлық табысының 15 пайызынан аспауы керек. Табысы күнкөрісінен артылмайтын адамдар сақтандыру қызметіне жүгінбейді. Бірақ кез келген мемлекет осы бағытта жұмыс істеуі керек.

Бүгінде өмірді сақтандыру өнімдері әрбір қазақстандық үшін қолжетімді. Сіздің өміріңізді немесе балаларыңыз­дың өмірін қорғайтын әртүрлі сақтандыру бағдарламалары бар. Бұл бағдарламалар белгілі бір мерзімде аз мөлшердегі салымдармен үлкен соманы жинақтауға, сонымен қатар қиын жағдайдан оңай шығып кетуге мүмкіндік береді. «Халық-Life» сақтандыру компаниясынан осындай «Өмірді сақтандырудың жинақтаушы» полистерін небәрі 5000 теңгеге онлайн рәсімдеуге болады. Мұндай сақтандыру полисі қалай жұмыс істейтіні туралы қарапайым мысалмен көрсетейік: сақтандырылатын тұлға 25 жастағы кеңсе қызметкерінің 20 жылдық мерзімге сақтандыру бойынша ай са­йынғы жарнасы 10 мың теңге болғанда сақтандыру сомасы 3800000 теңге болады. Бұл мысал нені білдіреді? Егер бұл адамның басына бір іс түссе, ол сақтандыру салымдарын бар болғаны екі ай немесе бір жыл мерзімінде төлесе де, оның отбасы сақтандыру сомасын толық көлемде, яғни 3 млн 800 мың теңгені алады. Ал егер осы адам банктегі шотына ай сайын 10000 теңге көлемінде ақша салып отырса, онда ол 20 жылда небәрі 2400000 теңгені жинақтайды. Бұл жинақ түрі тиімсіз, неге десеңіз сол мерзімдегі инфляция бұл қаражатты азайтып жіберуі әбден мүмкін әрі бұл салымның сақтандыру қорғанысы жоқ. Сондықтан қаражатты жинақтамас бұрын алдымен бәрін егжей-тегжейлі зерттеп, есептеп, өзіңіздің әрі жақын адамдарыңыздың қауіпсіздігін алдын ала ойлап, алаңдағаныңыз абзал.

– Менің жасым 57-де, былтыр елордадағы бір сақтандыру компаниясын таңдап, жарнамды төлеп, 11 жылға тіркелдім. Бұл мерзім менің жасыма байланысты белгіленді, яғни 63 жасқа дейінгі жылдар бо­йынша жылына 250 мың жарна төлеймін. Бұл сома адам жасы кіші болған сайын кеми түседі. Осы шешімді болашағым үшін, ендігі бір он жылдан кейінгі өмірімді ойлағандықтан қабылдадым. Себебі сақтандырушы компания әр жыл сайын жарнамның үстіне сыйақы қосып отырады. Мәселен, 11 жылда 250 мыңнан, негізі, 2 млн 750 мың теңге ғана жиналса, компания қосатын сыйақы арқылы оны 7-8 млн теңге етіп алуға болады. 11 жыл толмайынша, бұл соманы толық ала алмасам да, осы жылдар ішінде жарнамды пайызсыз несие ретінде пайдаланып, қайтадан орнына қойып отыруға мүмкіндік берілген. Қазақтар, әрине, мұндайды жамандық шақыру деп санайды, бірақ өмір бар жерде өлім бар дегендей, егер мен олай-бұлай болып кетіп жатсам, бар жиналған ақша балама қалады, – дейді елордалық тұрғын Меруерт Өмірзақова.

Әлемдегі ең қымбат сақтандыру полисі америкалық кинорежиссер Стивен Спилбергке тиесілі екен. Оның өмірі 1,2 млрд АҚШ долларына сақтандырылған. Ал танымал спортшылар, мысалы футболшылар өз дене мүшелерін міндетті түрде миллиондаған долларға сақтандырады әрі қиын жағдайға тап болған одан пайда тауып та жатады. Қарапайым адамдардың да атақты, танымал адамдардан еш ерекшелігі жоқ. Өйткені тосыннан келетін қауіп кез келген адамның басына түсуі әбден мүмкін. Жай ғана жүріп бара жатып тайғақ жерде құлап, жарақат алуға болады. Міне, осындай жағдай орын алған кезде біз атақты адамдардан не айырмашылығымыз бар, өзімізді, өз отбасымызды қаржы жағынан неге қорғамаймыз деген ойлар келеді…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды