«САҚШЫЛАР» ҚАЗАҚША САЙРАДЫ

0 154

галакктика сакшылары

Осыдан біраз уақыт бұрын әлемдік деңгейдегі фильмдердің қазақшаға аударылуы мүмкін еместей көрінетін. Бүгінде олардың қатары көбейіп, ауыз толтырып айтатын дәрежеге жеттік. Яғни, күн өткен сайын дубляж саласы дамып, аударма сапасы да артуда. Солардың бірі – әйгілі «Marvel» киностудиясы түсірген «Галактика сақшылары» фильмі көрермендерге жол тартты. Бұл – «Болашақ» қауымдастығының бастамасымен ана тілімізге аударылған тоғызыншы туынды. Бұған дейін олар «Көліктер-2», «Қара киімділер-3», «Батыл жүрек», «Жаңа өрмекші адам», «Монстрлар университеті», «Жалғыз рейнджер», «Малефисента» кинотуындыларын қазақша сөйлеткен болатын.

«Cinema Tone Production» студиясында аударылған киноөнімнің дубляж режиссері – Тимур Балымбетов. Бас кейіпкерлерді дыбыстайтын мамандарды Голливуд әртістері өздері таңдайды екен. Ол үшін аудармаға 20-ға жуық қазақ актерлері жұмылдырылған. Осыған дейін кинокартина ағылшын, француз, испан, португал, неміс, орыс тілдеріне тәржімаланған болатын.

«Дубляж жасау өте күрделі әрі жауапкершілікті талап ететін жұмыс екен. Мәселен, фильм жастарға арналғандықтан, ондағы кейіпкерлердің барлығы «слэнг» тілінде сөйлейді. Оларды қазақшалау, олардың орнына жанама сөздер іздеу біраз уақытымызды алды. Бұл сөздердің баламасы алғашқыда қызық естілуі мүмкін. Десе де, уақыт өте келе құлағымыз үйренеді деп ойлаймын. Кейбір эпизодтарда қазақ тіліндегі дубляж түпнұсқадағы мәтіннен де жақсы шықты. Біздің жоба жастар назарына ілікті және қазақ тілін дәріптеуге септігін тигізеді» дейді дубляж режиссері Тимур Балымбетов.

Фильмде барлығы бес кейіпкер бар. Олардың барлығы – қарақшылар. Бастапқыда жағымсыз болғанымен, фильм соңында дұрыс шешім қабылдап, көрермендерін қызықтыра түседі. Блокбастердің басты қаһарманы Жұлдызды Лордты Тимур Пиязов, Гамораны «Малефисента» фильмі бойынша танымал болған Гүлназ Әуесбаева дыбыстайды. Руслан Сеңкебаев, Бейбіт Қамаранов, Бауыржан Қаптағай, Ержан Жарылқасынов сынды актерлер де дубляждауға ат салысты.

Фильмдерді аудару барысында кәдімгідей дубляж мектебінің қалыптаса бастағаны байқалады. Өйткені, актерлер өздеріне жүктелген тапсырманың жауапкершілігін толық сезініп, тамаша нәтиже көрсете білген.

«Осыған дейін «Жалғыз рейнджер», «Малефисента» фильмінің аудармаларына қатысқан болатынмын. Елімізде дубляж саласының дамып келе жатқанына қуанамын. Соның арқасында қазақ тілінің насихаты да артып жатқаны анық. Тіл жанашырлары аз уақыттың ішінде көрерменге біраз фильм ұсынып үлгерді. Барлығы да көпшілік тарапынан жақсы бағасын алып жатыр. Бұл – үлкен жетістік» дейді актриса Гүлназ Әуесбаева.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − 5 =