Сақшы әрі спортшы

0 205

Учаскелік инспекторлар қызметіне соңғы кезде қоғам назар аудара бастады. Өйткені үлкен тұрғын үй кешендеріндегі қоғамдық тәртіпті сақтауда олардың белсенділігі маңызды екенін бәрі түсінді.

Сарыарқа ауданы бойынша учаскелік полиция көмекшісі Самат Тұрахметов 1993 жылы Қарақалпақстанда дүниеге келген. Алдымен қылмыстық атқару жүйесі департаментінен тәжірибе жинақтаған ол 2016 жылдан бері Ішкі істер органында қызметте. Саматтың әулетінде ішкі істер саласына өмірін арнап, тер төккен азаматтар бар, мысалы, ағасы Болат Мұқанов адал еңбек етіп, подполковник шенінде зейнетке шыққан, бүгінгі таңда Көкшетау қаласында Әділет департаментінде басшылық қызметте. Самат мамандық таңдауда ағасы Болаттың табандылығын, еңбекқорлығын үлгі тұтқанын айтады.
Самат Амантайұлы жай ғана учаскелік инспектордың көмекшісі емес, спортты серік еткен жігіт, қазақша күрес, самбо, ережесіз жекпе-жек бойынша көп медальдары бар. Ережесіз жекпе-жекті дамытуға күш салып жүр, құрған федерациясының негізін ағасы Болат құрған, құрамында ІІМ зейнеткерлері федерацияның кәсіби ұрыс бойынша бірінші турнирі 27 қыркүйекте Алматыда өткен. Біз одан қызметі туралы сұрадық.
«Учаскелік инспектор болсын, жедел уәкіл болсын, осы салаға қызметке келетін адам физикалық, психологиялық, моральдік жағынан дайын болуы керек. Бұл жерде неше түрлі адаммен жұмыс істеуге тура келеді, мысалы, бес мың адам көрсеңіз, сонша мінез-әрекет бар деген сөз, олардың арасында ішіп алған, шегіп алған, отырып келген адамдар болады» деген Самат кезекшілік кезінде көптеген отбасылық оқиғалардың куәсі болуға тура келетінін, келеңсіз оқиғалардың бәрі дерлік ішімдіктің кесірінен болатынын айтады. «Бірде шақырту түсіп, барсақ, үй иесі қолында пышақ, балаларын бұрышқа тығып, әйеліне пышақ ала жүгіргенде анасының қолын жарақаттаған, соның алдында ғана көлігін сатып, 8 млн теңге ақшасын Бурабайда картаға ұттырып жіберген екен, мастықтан есін білмейді, біз төрт минут ішінде барып үлгердік, әйтпесе ол өте қауіпті еді, сол бойда наркологияға алып кеттік. Тағы бірде тойда отырып ішіп, оның үстіне психотроптық зат қабылдап есінен айрылған еркек үйінің сегіз есігін сындырып, екіқабат әйелін өлімші қылып сабаған. Әйел қан-жоса болып, баласынан айырылып қалды, сөйтіп, ішімдіктің кесірінен бір шаңырақ ортасына түсті. Мас күйінде өз әкесіне пышақ салып алғандарды да көрдік» дейді ол.
Саматтың қоғамдағы тыныштық пен тәртіпті сақтау туралы ойлары салмақты. Ол бұған қоғамның әр мүшесі жауапты деп түсінеді. «Кез келген тұрғын үйдің ақпараттық тақтасында учаскелік инспектордың аты-жөні, телефонымен қоса QR код көрсетілген, осы код арқылы азаматтар өз учаскелік полиция пункті туралы ақпаратты, пункт­тің қашықтығын біле алады. Учаскелік полиция инспекторы өз аумағында тұрғылықты халықпен тікелей жұмыс істеп, олардың мәселелерін заң шеңберінде шешуге атсалысатындықтан ел Президенті учаскелік полицияның ролін күшейтудің маңызды екенін айтты. Сондықтан бәріміз бірлікпен тиянақты жұмыс істеуіміз керек» дейді Самат.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × one =