Сақау сайттар сын көтермейді

0 96

Білім беру мекемелерінің қызметкерлері бас қосқан тамыз мәслихатында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мектеп сайттарының салғырттығын сынға алған еді. Ақпараттың қарыштап дамыған заманында интернетті тиімді пайдаланбау, әрине, кемшілік. Алайда бұл олқылық мектеп түгілі, қала басқармаларынан да табылды. Әкімдікке қарасты мекемелердің ресми сайтына үңілгенде, өзімізді «шақырылмаған қонақ» секілді сезіндік. Сақау аудармалар мен мардымды ақпарат беруге жарамайтын мұндай сайттардың қызметі кімге қажет?

Қазіргі таңда жер телімі мен тұрғын үй мәселесі кез келген отбасының жанды жері. Астанаға қоныс аударушылар мен қалалықтардың көбін дәл осы сауалдар ма­залайды. Кезінде мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алғандардың тізімін «сүйіншілеп» жазған сайт жұмысымен танысу үшін Астана қаласы Тұрғын үй басқармасының ресми сайтын ақтардық. Мұнда басқарма бас­шысы Серік Оспановтың маңдайалды сөзі «Құрметті сайтың енушілер!» деген өрескел қатемен басталған.

«Сіздер басқарманың қызметі тура­лы, сондай-ақ, тұрғын үй қатынастары саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы қажетті ақпаратты алады деп үміттенеміз. Осы сайт Астана қаласының Тұрғын үй басқармасы мен халық арасын­да өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты жақсарту үшін ашылды» деп жазады құрметті басшы. Ал жаңалықтар айдарында

«Назарбаев өз жарлығымен парламентті таратты» деген ақпараттан басқа, аталған саланы қамтитын бірде-бір ақпарат жоқ. Оның өзі «Интерфакс-Қазақстан» агенттігінің ақпараты бойынша былтырғы жылдың қараша айында енгізілген. Ресми сайттың жұмысына үңілсек, соңғы екі жылдан бері елімізде тек үш оқиға ғана орын алғандай. Бізге оқиғаның саны маңызды емес, алайда тұрғын үй саласына қатысты толып жатқан мәселелерді неге көтермеске? Халыққа қажетті ақпаратты неге ұсынбасқа? Жаңалықтар мұрағатын айтпағанда, сұрақ-жауап айдарында бірде-бір жауап берілмеген. Осыған қарап, басқармаға елордалықтар тарапынан сұрақтар қойылмай ма деген ой келеді. Бірақ елорда әкімдігінің сайтында қала басшысы Иманғали Тасмағамбетовке қойылар сұрақтардың сексен пайызы дәл осы салаға қатысты екенін білеміз. Мүмкін, басқарма басшысынан мардым­ды жауап ала алмаған халық әкім сай­тына жүгініп жүргені сондықтан болар. Қазақстан Республикасының заңнамасы, Нормативтік құқықтық құжаттар, басқарма құрылымы туралы ақпараттар орыс тілінде жарияланғанымен, мемлекеттік тіл – қазақ тіліне орын берілмеген.

Астана қаласының Жер қатынастары басқармасы сайтының да жағдайы да осыған ұқсас. Соңғы жаңалықтарына жүгінсек, бұл жерде де былтырғы Парламенттің тарағаны тура­лы ақпараттан басқа, саланың жұмысын көрсететін оқиға жоқ. Әйтеуір, жыл басынан бері қойылған төрт сұрақтың жауабы берілген. Мекеменің интернет-ресурстарына жауапты екі тұлға бар көрінеді. Соның бірі Кадр және құжат айналымы бөлімінің бастығы Гүлжан Тұрсымбаевадан «Былтырдан бері сайт неге жаңартылмаған?» деп сұрағанымыз да, «Жаңартамыз» деген жауап алдық.

Бәрімізге белгілі, бас қалада құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес. Жылда пайдалануға жаңа нысандар беріледі. Алдағы уақытта бой көтеретін ғимараттар қаншама? Алайда Астана қаласы Құрылыс басқармасының сайтына кірсеңіз, бірде-бір құрылыс туралы ақпарат таба алмайсыз. Баяндамалар мен есеп берулер, сонымен қатар сұрақ-жауап айдарларының аты бар да, заты жоқ.

Болат Мажағұлов басқаратын Мәдениет басқарамасының ресми сайты өзге мекемелермен салыстырғанда көш ілгері. Мәселен, кейбір басқармалар 5-6 айдардың өзін игере алмай жүргенде, басқарма сайтында 18 айдар орналастырылған. Елордада өткен мәдени оқиғалар, жиындар әрдайым жаңартылып тұрады. Алдағы уақытта Астана қаласының мәдениет мекемелерінде өткізілетін іс-шаралар тізімі мен сатылатын билеттер туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік берілген. Тарихи ескерткіштер туралы, сондай-ақ басқармаға қарасты ұйымдар туралы бірқатар мәліметтер мекеме сай­тында қамтылған.

Көңілге жұбаныш етіп айтуға болатын нысан – Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы. Бұл мекеменің сайты халықты ең қажет ақпараттармен қамтамасыз етуді дұрыс жолға қойған екен. Басқарманың қызметі туралы, сондай-ақ халықты әлеуметтік қорғау саласында атқарылған жұмыстар туралы қажетті мәліметке қол жеткізу оңай. Басқарма басшысы Алма Алты­баева азаматтардың сауалын жауапсыз қалдырмайтын көрінеді. Сайт жұмыспен қамту бағдарламасынан бөлек, әлеуметтік мәселелердің бәрін түгел орналастырған. Тіпті, басқарма жұмысының сапасын білу үшін арнайы сауалнама ұйымдастырылған. Ашық түрде өткізілетін сауалнамада сайтқа кірушілердің 40 пайызы басқарма жұмысының нәтижелері мен тиімділігін өте жақсы десе,13 пайызы жақсы деп бағалаған. Қалғандары нашар деп немесе жауап беру­ге қиналатынын жеткізген.

Десе де, қуанышымыздан өкінішіміз көп болып тұр. Айталық, Астана қаласының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы сайты да осыдан үш ай бұрын өткен елордадағы «Астана» экшн-фильмдер кинофестивалі тура­лы жаңалықты енгізумен тоқтаған. «Госзакупки» сөзінің қазақша балама­сын таба алмаған сайт сақау сауална­ма ұйымдастыруды жөн көрген. «Сіз сайттың келіп кетуші. Сіз кім боласыз?» деген сауалнамаға жыл басынан бері небәрі төрт адам жауап беріпті. Біз алдағы нөмірлерімізде басқа басқармалардың ресми сайты туралы да жариялайтын боламыз. Қызмет көрсетудің сапасын жақсарту үшін Үкімет электронды қызмет түрлерін жетілдіруді ойластырып жатқанда біздің басқармалардың қарапайым ақпарат берудің әдісін білмейтіні қынжылтады.

Гүлмира АЙМАҒАМБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − 10 =