«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Сақалды» нысандар сүрілмей ме?

0 266

Астана – қарқынды түрде дамып келе жатқан қалалардың бірі. Еліміздің бас қаласы Арқа төріне ауысқаннан бері құрылысы қызу әрі тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде түрлі нысандар бой көтеріп жатыр. Арнайы ат басын бұрған шетелдік қонақтар да таңданысын жасырмай, жоғары баға береді.
Қаланың сол жақ жағалауында іргесі қаланған әрбір ғимарат көп ұзамай сән-салтанатымен ашылатыны рас. Дегенмен сәулетті шаһарда жұрт көзінен тасада қалып қойған құрылыс алаңдарының әлі де бар екені жасырын емес. Біз осы тұста құрылысы басталып, алайда соңғы жылдары тоқтап тұрған бірнеше орынды айта кетуді жөн көрдік.

Астанада №54 мектеп-лицейінің ашылғанына 10 жылдан аса уақыт болды. Дәл осы мектептің маңында құрылысы бастау алып, алайда тоқтап тұрған бір ғимарат бар. Дәлірек айтқанда, Иманбае­ва мен Ғұмар Қараш көшелері қиылысының маңайында орналасқан. Бастап­қыда оқушылар үшін қажетті тауарлар сатылатын сауда орындарының біріне немесе бизнес орталыққа айналар деген болжам жасадық. Қанша дегенмен, ел игілігіне пайдасы тиер мекеме болған соң көпшілік ашылуын асыға күткені рас. Тіпті құрылыс жұмыс­тарына байланысты жолдың бір бөлігі жабылып, маңайындағы жұртқа кедергі келтірген кезі де болды. Мектеп жанында орналасқан соң оқушылар үшін қаншалықты қауіпті болғанын бағамдап көріңіз. Кез келген дамыған елде тұрғындар қауіпсіздігі мен құқығының шектелмеуі – басты назарда. Осындай келеңсіздіктерден кейін біздегі жағдай қандай?!
Алғашқыда білінбеген, бірақ уақыт өте келе бұл орынның заңсыз салынғаны анықтала түсті. Ғұмар Қараш көшесі бойындағы нысанның «қызыл сызықтан» асып түсіп, жаяужүргіншілер жолының бір бөлігін басып қалғаны белгілі болды. Құрылысы бастапқыда қарқынды түрде жүріп, бір-екі жылда ашылатындай көрінген. Бірақ қандай себеп болғаны белгісіз, сол орынның қаңырап, бос тұрғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Не сүрілмейді, не қала басшылығы тарапынан қолға алынып, құрылыс жалғаспады. Соңғы рет жанынан өткенімізде «Тез арада сатылады» деген жарнама ілініп тұрғанына куә болдық. Бірақ «қызыл сызықтың» бойынан асып, заңсыз салынғаны үшін шығындалатын кәсіпкер жақын арада табыла қояр ма екен?!

Астанада осыған ұқсас орынның бірнешеуін кездестіруге болады. Солардың бірі Абай даңғылы мен Сембинов көшесінің қиылысында орналасқан. Сыртқы тұрпатына қарап, сауда орындарының бірі болар деген ой қорыттық. Келбетіне көз салсақ, білікті архитекторлардың атсалысуымен басталғаны анық. Бірақ мұның да күйі кетіп, жоғарыда айтылған заңсыз нысанның кейпін құшып тұр. Әу баста басталып, аяқсыз қалған ғимараттың тоқтап тұрғанына қазір 10 жылдай болып қалды. Айналасы қоршалып, маңынан өткен адамға зиянын тигізіп отырған жайы тағы бар.
Ешбір пайдасы жоқ, одан қала берді елорданың көркін кетіріп тұрған мұндай нысандар билік тарапынан қолға алынып, құрылысын жалғастырғаны дұрыс. Болмаған жағдайда 10 жылдан аса уақыт маңайына зиянын тигізіп тұрғаны үшін сүріліп тасталуына қандай кедергі?
Қорыта айтар болсақ, Астанада іргетасы қаланып, аяқсыз қалған құрылыс алаңдары әлі де баршылық. Мұндай қаңқасы ғана салынған орындар қашан аяқталмақ? Жаңа бір ғимаратты салмас бұрын осындай нысандарға мән берілгені жөн болар еді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды