©2020 Астана Ақшамы
СӘПИЕВ БОЙТҰМАРЫ – СЕНІМДІЛІК
Сейсенбі күні Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайында Лондон Олимпиадасының чемпионы, атақты боксшы Серік Сәпиев Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық спорт мектеп-интернаты және №31 мектеп-гимназия оқушыларымен кездесті. Кездесу барысында чемпион спорт жолындағы басынан кешкен қиын да қызықта, сабақ болар сынға толы сәттерінен естелік айтып, оқушылармен пікір алмасты.
Серік Сәпиев – соңынан ерген ізбасарларына үлгі боларлықтай тұлға, ел мақтанышы. Талай байрақты бәсекеде жеңіс тұғырынан көрініп, ту көтерген толағайдың табысты еңбегі – өрендерге өнеге. Батырмен дидарласып, сұрақтарына тұшымды жауап алған балалардың мерейі тасыды. «Өмірдегі бойтұмарыңыз не?» деген жеткіншек сауалына: «Менің бойтұмарым – өзіме сенімділік, белгілі бір затты тұмар етіп, оған байланған емеспін» деп Серік өзін-өзі тану арқылы болашаққа деген сенімнің қалыптасатынын ұқтырды. Кездесу соңында атақты боксшыға мұражай директоры алғыс хатын табыстады. Балалар боксшымен естелік суретке түсті.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ