Сапархан ОМАРОВ, ҚР Ауылшаруашылығы министрі: Ауыл шаруашылығы өркендесе, ел әлеуеті де артады

0 75

Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына енуге ұмтылуы, Бүкіләлемдік Сауда Ұйымына енуі, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы отандық ауыл шаруашылығы үшін үлкен сын. Өйткені ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының негізгі салаларының бірі және қоғамның экономикалық, қоғамдық-саяси тұрақтылығын анықтайтын маңызды фактор болып табылады. Ендеше елімізде ауыл шаруашылғының даму жағдайы қандай? Атызы дәнге, даласы мыңғырған малға толып жатыр ма? Оның сыртқы нарыққа шығуы қандай деген түйіндерді төңіректей отырып, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровпен еліміздің ауыл шараушылық саласының дамуы жөнінде әңгімелескен едік.

ҚАЗАҚСТАН 40 МЕМЛЕКЕТКЕ АСТЫҚ ЭКСПОРТТАЙДЫ

–Сапархан ­Кесікбайұлы, Қазақстандағы жалпы егістік жер көлемі қанша? Мұның қанша пайызы суармалы атыз?
– Биылғы статистикалық деректер бойынша еліміздегі егістік жер көлемі 22,7 млн га құрайды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 439,2 мың га артық. Жер балансының деректері бойынша 2019 жылы республикада 2,224 млн га суармалы жер бар, оның 1,779 млн га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің құрамында, 244,7 мың га – қосалқы жерлерде, ал қалған бөлігі басқа санаттағы жерлер.
Су шаруашылығы инфра­құрылымымен қамтамасыз етілген суармалы жер көлемі 2016 жылдың қорытындысы бойынша 1,4 млн гектарды құраса, бұл көрсеткіш 2020 жылғы қаңтардағы жағдай бойын­ша 1,546 млн гектарды құрады. Яғни, 2017-2019 жылдар аралығында су шаруашылығы инфрақұрылымымен қамтамасыз етілген суармалы жер көлемі 146 мың гектарға ұлғайды.
– Қазақстан қанша елге және қандай дақылдар экспорттайды?
– Қазақстанның агро­өнеркәсіп кешенінің сыртқы нарықтағы даму келешегі зор. Бұл саланы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған, сонымен бірге азық-түлік тауарларының және шикізаттың негізгі түрлерімен ішкі нарықтың қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз етіп отырған сала ретінде сипаттауға болады. Соңғы уақытта ­Қазақстан дәнді дақылдарды экспорттауда белсенділік танытып отыр. Мәселен, өткен жылы еліміз Ресей, Өзбекстан, Қытай, Германия, Түркия, Беларусь, Румыния сияқты 40-қа жуық мемлекетке 7 миллион тоннадан артық астық экспорттады. Экспортының негізгі көлемі бидай мен ұнға тиесілі. Мұнан тыс өсімдік майлары, кондитерлік өнімдер, балық өнімдері, сондай-ақ балалар тамағы және сүт өнімдері, мақта талшығы, өңделген жем (кебек, қалдықтар) де экспортқа шығарылады.
Бұрын қазақстандық астықты негізгі импорттаушы елдер Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Ауғаныстан мен Иран болса, енді Қытайға астық пен ұн экспорты көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз
Соңғы жылдары бидай егілетін жер аумағы біртіндеп азайып, оның орнына экономикалық өнімділігі жоғары майлы дақылдар көптеп егіле бастады. Қазіргі таңда елімізде майлы дақыл егілген жер көлемі 3 миллион гектарға таяды. Бұрын ол 400 мың га дан аспайтын. Бұл бізде бидай өндірісі қысқарады деген сөз емес, еліміз үшін жылына 17-18 миллион тонна бидай жеткілікті. Ол ішкі нарығымызды толық қамтамасыз етіп қана қоймай, жылына 7-8 миллион тонна астық экспорттауға мүмкіндік береді.
– Қазір әлемде егіс дақылдарын суаруда дәстүрлі суару әдісінен тыс, су үнемдеп, өнімді арттыру үшін жаңбырлатып суару, бүркіп суа­ру және тамшылатып суару әдісін қолданатыны белгілі. Қазақстанда осы әдістердің қаншасы пайдаланылады?
– Суармалы егіншіліктің тиімділігін арттырудың негізгі тәсілдерінің бірі – суарудың су үнемдеу технологияларын енгізу болып табылады. Су үнемдеу технологияларын қолдануды талдау осы технологияларды қолдану көлемінің өсу тенденциясы бар екенін көрсетті. Мысалы, 2010 жылы су үнемдеу технологиялары енгізілген суармалы жерлер көлемі 50 мың гектарды құраса, 2019 жыл бұл көрсеткіш 210 мың гектарға артты.
Бұл технологияларды қолданудың өсуіне суарудың су үнемдейтін технологияларын енгізуді инвестиция­лық субсидиялау ықпал етті. Суару жүйелерінің инфрақұрылымын құруға және кеңейтуге, сондай-ақ тамшылатып және жаңбыр­латып суару жүйелері мен жабдықтарын сатып әкелген шығын құнының 50 пайызы субсидияланады. Қабылданып жатқан бұл шаралар АШТӨ ресурс үнемдейтін технологияларды қолдануға көшуге ынталандырылады деп санаймын.
– Есіл, Ертіс сияқты өзендердің суын пайдаланып, су қоймалар салудың, суармалы жер ашудың мүмкіндігі қаншалық?
– Есіл және Ертіс өзендерінің бассейндері жерүсті суының ресурстарымен қамтамасыз етілген болып саналады, яғни бұл өзен бассейндерінде суармалы жер көлемін ұлғайту әлеуеті жоғары.
Қазіргі уақытта 2030 жылға дейін су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізуде. Осы мемлекеттік бағдарлама аясында суармалы жерлердің көлемін ұлғайту үшін Есіл және Ертіс өзендерінің бассейндерінде жаңа ирригациялық жүйелерді салу бойынша шаралар көзделуде. Бұл жұмыстар облыс әкімдіктерінің қатысуымен іске асырылатын болады.ЖЫЛҚЫ ҚАЙТА КӨБЕЙДІ

– Қазақстанда мал шаруа­шылығының даму жағдайы қалай? Соңғы дерек бойынша төрт түлік малдың саны жеке-жеке қаншаға жетті?
– Тұтастай алғанда, ­Қазақстан мал шаруа­шы­лығын дамытуда айтарлықтай сенімді өсуді сақтап отыр. Қазіргі таңда тек өндіріс көлемін ұлғайтуға ғана емес, сондай-ақ оның тиімділігі мен рентабельділігін арттыруға да үлкен көңіл бөлінуде. Сонымен қатар 2019 жылы 2015 жылмен салыстырғанда ірі қара мал саны 20,3 пайызға өсті. 2015 жылы ол 6183,9 мыңды құраса, 2019 жылы 7436,7 мыңға жетті.
Республикада ауыл шаруа­шылығы құрылымдары санының артуы есебінен алдыңғы жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда ірі қара мал санының – 4,0%-ға 7 436,7 мың басқа дейін, жылқы – 7,8%-ға 2852,3 мың басқа дейін, құстар 1,6%-ға 45,2 млн басқа дейін, қой мен ешкі саны – 2,4%-ға 19,1 млн басқа дейін, түйелер 4,2%-ға 216,4 мың басқа дейін, шошқа –1,8%-ға 813,3 мың басқа дейін арту үрдісі байқалады.
Бұдан басқа мал ша­руа­­­шылығымен айналысатын фермерлік ша­руашылықтыр­дың саны артып келеді. Егер 2015 жылы 28 мың фермерлік шаруашылық мал шаруа­шылығымен айналысқан болса, бүгінгі күні 37 мыңға жуық фермерлік шаруашылық мал шаруашылығы саласына тартылған.
– Соңғы кездері айтылып жүрген «шошқаға берілетін қосымша қаражат жылқыға берілетіннен көп» ақпарат қаншалықты рас?
– 1991 жылы барлық санаттағы шаруашылықтарда 1,7 млн жылқы болған. Нарықтық экономика жағдайына ауысу кезінде жылқы саны күрт төмендеді. Мәселен, 2000 жылы жылқы саны 976 мың басты құрады. Алайда АӨК саласында мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың арқасында 2002 жылдан бастап жылқы санының біртіндеп өсімі байқалады. Асыл тұқымды жылқыны сатып алуға, қымыз және жылқы етін өндіруге субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау 2011 жылдан басталды.
Қабылданған шаралар нәтижесінде 2019 жылдың қорытындысы бойынша жылқы саны 2,9 млн басты құрады, бұл көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғанда 1,7 есе артық, ал 2000 жылмен салыстырғанда 2,9 есе көп. Сөйтіп мемлекеттік қолдау шаралары арқасында 1991 жылғы жылқы санының көрсеткіштеріне қол жеткізілді және асып түсті.
Қазіргі таңда жылқы шаруашылығымен айналысатын отандық тауар­өндірушілерді қолдау мақсатында мемлекет тарапынан мынадай шаралар қарастырылған:
Сатып алынған асыл тұқымдық аталық мал басына 100 мың теңге субсидия беріледі;
Бие сүтін өндіру және өңдеу құнын арзандату үшін бір кг 60 теңге нормативімен субсидия беріледі;
Жылқының аналық басына азық дайындау және сатып алу құнын арзандатуға бір басына 20 мың теңге нормативімен субсидия беріледі;
Жылқы малын өсіруге азық дайындау техникасын және қондырғыларды сатып алған жағдайда 25 пайыз инвестициялық шығындар өтеледі;
Кредит және лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемені 10 пайызға субсидиялау қарастырылған.
Жоғарыда аталған барлық қолдау шаралары жылқы өсіретін шаруа­шылықтардың және салалық қауымдастықтың ұсыныстары негізінде қаралған.
2019 жылы мемлекеттік қолдауды республика бойынша 4 648 шаруа қожалығы алды.
Одан басқа 2016 жылдан бастап «Құлан» бағдарламасы бойынша 6 пайызбен 10 жылдық мерзімге жылқы сатып алуға фермерлерлерге жеңілдетілген несие беріледі.
2018 жылы 512 шаруа қожалығы несие алып, 12 мың бас аналық жылқы сатып алды. 2019 жылы 1440 шаруа қожалығы 41 мың бас аналық жылқы сатып алған. Бұл ретте 1 литр жылқы сүтін өндірудің орташа өзіндік құны 300 теңге құрайтынын атап өту керек, ал сату бағасы 600 теңге және одан жоғары.
Сөйтіп мемлекет тарапынан асыл тұқымды жылқы шаруашылығын дамытуға да және тауарлы жылқы шаруашылығын дамытуға барлық мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған.
Жалпы, жылқы еті тек ішкі нарыққа бағытталған өнім екендігін атап өту керек. Экспорт жоқтың қасы. Жылқы сүті бойынша құрғақ ұнтақ түрінде экспорттық бастамалар бар. Бұл бағыттағы жұмыстар «Евразия Инвест ЛТД» және «Голден камел» компанияларымен жүргізілуде. Өнімдері негізінен ҚХР, Ресей, Гонконг нарықтарына экспортталуда.
2020 жылы мамыр айын­да Жапониямен жылқы шаруашылығы өнімінің экспортына ветеринарлық сертификат келісілді.
Сондай ақ мал шаруа­шылығы өнімдерінің экспортын арттыру үшін шошқа шаруашылығы саласын да қолдау жүргізіледі.
Шошқа еті экспортын арттыру үшін Қытай негізгі ел болып табылатынын айта кету керек. Мәселен, АҚШ (USDA) ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, Қытай елі 2020 жылы 4 млн тонна шошқа етін импорттайтыны болжанған. 1991 жылы елімізде шошқа саны 2,9 млн басты құрады. 2018 жылы 798 мың бас. Яғни, мал басының тұрақты төмендеуі байқалады. 2017 жылға дейін шошқа етін өндіруді субсидиялау жүзеге асырылды, ол 2018 жылдан бастап тоқтатылды. Осылайша субсидия көлемі 2 есеге қысқарды.

ЖҮН МЕН ТЕРІ ҚАШАН ІСКЕ ЖАРАЙДЫ?

– Мал өнімдерінің (сүті, терісі, жүні) нарыққа шығу жағдайы қалай? Қазақстанда ауыл шаруашылығының дамуына кедергі болып отырған факторлар бар ма? Бар болса қайсы мәселелер?
– Қазіргі уақытта респуб­ликада былғары шикізатын өңдеумен шамамен 12 кәсіпорын айналысады, жүн жуу мен өңдеуді 13 кәсіпорын жүзеге асырады.
Бүгінгі күні тері шикізатын өңдейтін кәсіпорындар орта есеппен 25 пайызға, ал жүн бойынша 13 пайызға жүктелді.
Статистика деректері бойынша ІҚМ басының 56 пайыздан астамы және ұсақ малдың 58 пайызы ЖҚШ шоғырланған. Осыған байланысты қалыптасқан жағдайдың негізгі себебі мал басының жеке қосалқы шаруашылықтарда және ұсақ шаруа, фермер қожалықтарында шоғырлануы болып табылады, онда ветеринарлық талаптар іс жүзінде сақталмайды, селекциялық-асыл тұқымдық жұмысқа тиісті назар аударылмайды, теріні механикалық жолмен сыпыру және жүнді механикалық жолмен қырқу жоқ. Нәтижесінде өнеркәсіптік өңдеу­ге жарамсыз шикізат бар. Осылайша саланы дамытуға мынадай бірқатар проблемалар кедергі келтіреді:
– шикізаттың төмен сапасы және жеке қосалқы шаруашылықтардың аумақтық алыстығы;
– ауыл шаруашылығы малдарының терілерін және жүнді бастапқы өңдеу кәсіпорындарында айналым қаражатының жетіспеуі;
– тозған жабдықтар;
– өндіріс тәжірибесінің болмауы.
Саланың өндірістік қуатын тиімді пайдалану мақсатында министрлік ауыл шаруашылығы малдарының жүні мен терісін қабылдау пункттерін, жылжымалы қырқу пункттерін құру жолымен ауыл шаруашылығы малдарының жүні мен терісін дайындау жүйесін ұйымдастыру үшін жағдай жасады.
Тері дайындау жүйесін ұйымдастыру мақсатында 2016 жылдан бастап дайын­даушы ұйымдарына қосылған құн салығы сомасын субсидиялау бюджеттік бағдарламасы іске асырылуда. Бұл бағдарлама жүн және былғары шикізатын дайындаушылардың қызметін реттеуге және заңдастыруға бағытталған, дайындаушы ұйымдардың қызметтерінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етеді.
Ауыл шаруашылығы малдарының терісі мен жүнін қабылдау пункттерін құру және дамыту мақсатында нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында «Бірлік» несие беру бағдарламасына өзгерістер енгізілді.
Алдағы уақытта мал шаруашылғында ет бағыты мен сүт бағытын дамыту ісіне басымдық беріледі.
– Елорданы азық-түлікпен қамтамасыз ету де басты тақырып. Бас қаланы азық-түлікпен қамтамасыз ету жағында министрлік қандай жұмыстар атқарып отыр?
– ҚазАгро еншілес компанияларын қаржылық қолдау есебінен елорда төңірегінде азық-түлік белдеуін дамыту шеңберінде 2018 жылдан бастап 48 млрд теңге қаржыландыру сомасымен 168 жоба іске асырылды: Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – құны 5,9 млрд теңгеге 9 жоба, Ақмола облысы бойынша – құны 30,5 млрд теңгеге 124 жоба, Қарағанды облысы бойынша – құны 11,6 млрд теңгеге 35 жоба.
Бұл жобалар құс фабрикаларын салуға және жаңғыртуға, сүт және сүт өнімдерін өндірудің қолданыстағы қуаттарын жаңғыр­туға, көкөністерді өндіру мен сақтауға, ет өндіру мен өңдеуге, астықты өңдеуге, нан, нан-тоқаш және макарон өнімдерін және басқа да өнімдерді өндіруге бағытталған. Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында Нұр-Сұлтан қаласының базарларына осы жобалармен 1 277 тонна ет өнімі, 14 336 тонна сүт және сүт қышқыл өнімдері, 2 850 тонна картоп пен басқа да өнім түрлері жеткізілді.
– Әңгімеңізге рақмет!

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 2 =