Сапар АХМЕТОВ,Алматы ауданының әкімі: ТАЗАЛЫҚ ПЕН ТӘРТІП – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

0 120

Өткен бейсенбіде Алматы ауданының әкімі Сапар Қайратұлы Ахметов редакциямызға келіп, «Астана ақшамы» газетінің оқырмандарымен тікелей байланысқа шықты.

Елорда тұрғындарын толғандыратын сұрақ та аз болмады. Телефон арқылы хабарласқан қалалықтардың басым бөлігі әсем астанамызды қайтсек көркейтеміз деген мәселені алға тартса, аудан әкімі бұл мақсатта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келе, басылым жанашырларын ортақ іске жұмыла күш біріктіруге шақырып, көпшілік көкейіндегі сауалдарға жауап берді. Қуаныштысы, екі жақтың да көксегені бір екен, ол – Астананың ажары мен абыройын асқақтату.

– Сәлеметсіз бе, Сапар Қайратұлы?! Менің қызым ет және сүт өнімдерінің технологы. Бірнеше жылдан бері өзіне лайықты жұмыс таба ал­май жүр. Қандай көмек көрсете аласыз?

– Қызыңыз алдымен қаламыздағы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына барып, тіркеуге тұруы керек.

– Иә, ол жерге тіркеуге тұрған. Алайда, одан еш нәтиже шықпады.

– Қызыңыздың аты-жөні мен телефоныңызды қалдырыңыз, басқарма басшыларына хабарласып, көмектесуге тырысамыз.

– Менің екі немерем бірдей балабақшаға бара алмай отыр. Өзіміз Алма­ты ауданы әкімдігінің бұрынғы ғимаратының қасындағы 35-ші үйде тұрамыз. Қазір сол үйде балабақша орналасқан. Орын болса, немерелерім сонда барса деп ойлаймын. Екеуі де кезекте тұр. Келінімнің айтуынша, кезектері келгенше мектепке баратын уақыт болып қалады екен. Сонда не істеуіміз керек?

– Қазіргі уақытта мемлекеттік балабақшаларға жолдама беру Астана қаласының Білім басқармасы жанын­да құрылған арнайы комиссияның құзырында. Сондықтан, аталған басқармаға хабарласуыңызды сұраймын.

Аудан әкімдігі мемлекеттік балабақшалар, шағын орталықтар және мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы аясында жұмыс жасайтын жекеменшік балабақшаларды мемлекет есебінен қаржыландырумен ғана айналысады. Бұл бағдарламаның бір жеңілдігі – ата-ана өз тарапынан 23000 теңге көлемінде ақша төлесе, қалған 15900 теңгесін мемлекет төлейді.

– Мен – астаналық Гүлнәр Балтабаева, Күйші Дина көшесі 30/1 үйде тұрамын. №30 үй мен 30/1 үйлеріне бір ғана аула жасалынған, өзі тар, балалардың ойнауы­на орын тым аз. Есіктің алды абаттандырылмаған, балалардың футбол ойнайтын алаңы да жоқ. Біздің балаларымызға футбол алаңын салып берсеңіз деймін. Подъезге балалармен кіру де үлкен мәселе болып кетті. Үйімізге кірер жердегі баспалдақ та, лифтіге дейінгі баспалдақтар да өте биік, сол себепті бала арбаларымен түсіп-міну өте қиын. Лифтіге үйдің цокольды қабатынан кіруге болады, бірақ біздің үйге қызмет көрсететін «ПК Азат» ПИК-іне қанша рет лифтіні жертөлеге дейін жа­сап берулерін сұрағанымызбен, өтінішіміз орындалмай-ақ қойды. Осы мәселені шешіп, көмек көрсетуіңізді сұраймын.

– Гүлнәр, жыл сайын біз әр бағыт бойынша жұмыс жоспарын құрастырамыз. Биылғы жылы қаладағы өтінімдердің есебінен жоспар бойынша ауданымызда 17 аула абаттандырылды. Сіздердің үйлеріңізге қарасты аумақтардың абаттандырылуы 2013 жылдың жұмыс жоспарында қарастырылған, қажетті қаржыландыру болған жағдайда жұмыстар жүргізілетін болады.

Лифті мәселесі бойынша айтарым: бүгінгі күнде сіз тұратын үйде «Азат-НТ-Құрылыс» ЖШС күшімен цокольды қабаттың қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң, лифтілеріңіз іске қосылатын болады.

– Сапар Қайратұлы, Сізге Республика даңғылындағы №18 үйдің тұрғындары атынан хабарласып тұрмын. Аты-жөнім Айгүл Түсіпбекова. Үйіміз Иманов көшесі мен Республика даңғылының қиылысында орналасқан. Үш подъезд бар. Осы күнге дейін бірінші және екінші подъездің арасында шлагбаум тұратын, ол ешқандай қызметтік көліктерге кедергі келтірмейтін. Енді оны алып тастапты, әкімнің тапсырмасы деп естідік, неге алып тастадыңыздар? Қазір ауламыз арқылы көліктердің барлығы жоғары жылдамдықпен жүреді, балаларымыз үшін алаңдаймыз. Шлагбаумды орнына қоюларыңызды сұраймыз.

– Шлагбаумды алып тастау – әкімнің тапсырмасы да, бұйрығы да емес. Өзіңіз айтқандай, аула аумағындағы жолдарда, троту­арларда жылдамдықты тежейтін шлагбаумдар, темір қоршаулар, бетонды блоктар қоюға тыйым салынады деген 2004 жылғы 30 наурыздағы мәслихаттың шешімі бар. Сіздерге ішкіорам аумағында көлік жылдамдығын бақылау үшін жасанды тежеулер қоюды ұсынамын. Әкімдіктің абаттандыру бөлімінің мамандары Төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесе отырып, оны орнатуда өз тараптарынан көмек көрсететін болады.

– Қаламыздағы «Қазақстан» спорт кешенінің жанында балалардың ойын алаңы бар. Қолымыз тигенде балаларымызды, немерелерімізді сонда апарып жүретінбіз. Әткеншектің неше түріне мініп, балаларымыз да қуанып қалушы еді. Қазір сол жер­де жеке кәсіпкерлер тұрып алып, қытайдың арзан ойыншықтарын сататын болды. Оған балалар әлбетте қызығады. Әпермесең, жылайды. Ақылы қызмет түрлері де қаптап кетті. Осыған тосқауыл қоюға болмай ма? Бұл кәсіпкерлердің рұқсат қағазы бар ма?

– Бұл кәсіпкерлер Астана қаласының салық басқармасында тіркелген, қолдарында рұқсат қағаздары бар. Әрине, егер олар жан-жақтарын ластап, талап бойын­ша тиісті жұмыстарды атқармайтын болса, ол кәсіпкерлерді ескертіп, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына хабарлайтын бо­ламыз. Әзірше бізге ондай ескер­ту, шағымдар келіп түскен жоқ, сондықтан олардың жұмыс істеуін тоқтату мүмкін емес.

– Соңғы кездері Аста­нада көптеген денсаулық сақтау, білім мекемелері бой көтеруде. Бұл, әрине бізді қатты қуантады. Ал, Алматы ауданы бойынша биыл қанша аурухана, мектеп, балабақша салынды? Алдағы уақытта тағы қанша әлеуметтік нысан салынады деп жоспарланып отыр?

– Иә, Елбасының тапсырма­сы бойынша елордада жыл сай­ын көптеген нысандар салынуда. Биылғы жылы ауданымызда №70 жаңа мектеп ашылып, №42 мек­теп жаңа ғимаратқа көшті, келесі жылы ашылатын мектептер алдағы жылы шешілетін болады. Сонымен қатар №59, №60 балабақшалар іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы да бір шағын орталық пен №9 балабақшаның қосымша ғимаратын тапсыру ойымызда бар. Ал келесі жылы 6 балабақшаны тапсыру жоспарланып отыр.

Ауруханаларға келетін болсақ, осы жылы ауданымызда №1 қалалық аурухана мен №2 балалар ауруханасы салынды, алда Қараөткел кентінде орналасқан №6 амбулаторлық-емханалық кешен іске қосылатын болады.

– Біз елорданың оңтүстік-шығыс ауданындағы Балқантау көшесінде тұрамыз. Былтыр жолымыз жөнделіп, көшеге жарық берілді. Енді жұрт осындағы үйлер жыры­лады деген сөздерді айтып жүр. Осы рас па?

– Көшелеріңізде үй бұзу жұмыстары жүргізілмейді. Қаланың бас жоспары бойынша бұл жерде тұрғын үйлер салынуы тиіс, алайда, бұл аудандардың дамуы кәсіпкер құрылысшылардың ынтасына және инвестицияларына байланысты болады.

– Қаладағы колонкалардың көбін алып тастады ғой. Біздің Тоқтаров көшесінде де осын­дай жағдай. Бәрінен де жасы 90-нан асқан шешеме қиын бол­ды. Даладағы суды үйге енгізуде осындай жасы үлкен зейнеткер­лерге қандай да бір жеңілдіктер қарастырыла ма?

– Тоқтаров көшесі Сарыарқа ауданына қарасты ғой, сондықтан сіздің мәселеңізді әріптесім, Сарыарқа ауданының әкімі Ермек Сабырбекұлы Оспановқа хабарлай­ын. Ол кісі тиісті шара қабылдайды деп ойлаймын.

– Сәлеметсіздер ме? Біз Абылай хан даңғылындағы 6/5 үйдің тұрғындарымыз. Міне үш айдан бері үйімізде ыстық су жоқ. Есіктің ал­дын қазып тастады. Не істеу керектігін білмейміз, «неге бұлай?» деп сұрасақ, себебін ешкім түсіндірмейді. Жүріп-тұруымыз қиындап кетті. Қашанғы осындай күй кешеміз?

– Абылай хан даңғылы, 6/5 тұрғын үйінің сыртқы жылу торабының құрылысы жобаға сәйкес орындалмаған. Сондықтан үстіміздегі жылы Лев Гуми­лев атындағы Еуразия Ұлттық университеті есебінен қаражат бөлініп, жұмыстар атқарылуда. Жұмыстарды 30 қыркүйекке дейін аяқтап, ыстық сумен қамту жүйесі қалпына келтіріледі.

– Аты-жөнім Айда­на Ержанқызы. Елбасы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында еңбек қана адамды жетістіктерге жетелейді деген ой айтты. Осыған орай пікіріңізді білсек деп едік.

– Айдана, Елбасымыздың бар­ша қазақстандықтарға арнаған бағдарламалық тапсырмаларымен бүгінде барлығымыз таныспыз. Бағдарламада әлемдік бәсекеге қабілеттіліктің басты факторы – еңбек екендігін Президентіміз баса айтты.

Елбасымыз әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар адам еңбегімен жасалатындығын, оны «кейінге қалдыруға болмайтындығын» атап өтіп, тиісті орындарға нақты тап­сырмалар берді. Мұндай шешімді барлық қазақстандықтар бір адам­дай қолдауға тиіс деп есептеймін. Халқымыз «Еңбек – бәрін де жеңбек», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп тегіннен-тегін айтпаған ғой.

Қазіргі заманда барлық өркениетті мемлекеттер ғылым мен білім, инновациялық технологияларға арқа сүйеп отыр, солардың жетістіктері нәтижесінде алдыңғы елдер қатарында келеміз. Елбасымыз бізді де осындай жолмен жүруге шақырады. Қандай да бір жетістікке қол жеткізу үшін ең алдымен оқыту әдістерін қазіргі заманға сай етіп, жаңа технологияларды барлық жер­лерде қолдану – басты шарт деп ойлаймын.

Әрине, еңбек еткен адам ғана өзінің мақсаттарына қол жеткізетінін өмірдің өзі әлдеқашан дәлелдеді. Тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбекпен ғана бар қиындықты жеңеміз. Өз басым жүрген жерімде осы мәселені үнемі сөз етіп, жастарға еңбектің түбі береке екенін айтып отырамын. Тіпті, мынау жыл сайын қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан сенбіліктің де тәрбиелік мәні ерекше. Әркім күрек-кетпенін қолына алып, тазалық жұмыстарына кіріскенде айнала­мыз абаттанып қана қоймайды, сол жұмысты атқарған адамдардың ішкі жан дүниесі де тазарып, жарқырай түседі емес пе?! Сондықтан, адам өз үйінің ішін, бөлмелерін қалай таза ұстаса, оның кіре берісі мен ауласының да жинақы болуына көп көңіл бөлуі керек. Жалпы, мен қала көшелерімен келе жатып, бөгде біреулердің қоқыс лақтырып жатқанын көзім шалса, уақытымның тығыздығына қарамастан, әлгі кісіні тоқтатып, тастаған затын қоқыс жәшігіне салғызамын. Келесі жолы бұлай істемеуін, керісінше оның да өзгелерді туған қаламыздың тазалығына атсалысуға шақырып, айналаға жанашырлықпен қарауын қарапайым тілмен түсіндіріп, ескертемін. Өйткені, тазалық пен тәртіп – бүгінгі күннің басты талабы.

– Қайырлы күн, Сапар аға! Жекеменшік үйім бар. Сол үйімнің қасынан СТО ашайын деп едім, әкімдіктегілер рұқсат бермей қойды. Қандай көмек көрсете аласыз?

– Бөлінген жер учаскесі мақсатты жоба бойынша жеке тұрғын үй салуға арналған болса, басқа мақсаттағы ны­сандар салуға рұқсат етілмейді.

– Бас қаламыздағы маршруттық автобус қызметкерлері өте дөрекі, тым мәдениетсіз. Кейбір автобус жүргізушілерінің жүріп келе жа­тып, телефонмен сөйлесуі, бы­лапыт сөздер айтып, әркімді бір балағаттауы секілді келеңсіздіктерге сәт сайын куә болып жатамыз. Қашан жолау­шылар тасымалында мәдениет, тәртіп, әдеп билік құрып, жаны­мыз жай табар екен?

– Мұндай келеңсіз жағдайларды назардан тыс қалдырмай, уақытылы тиісті мекемелерге хабарлап отыр­маса, мүлдем жою мүмкін болмайды. Сол үшін қалалық Жолаушыларды тасымалдау және автомобиль жол­дары басқармасында және автобус парктерінде арнайы диспетчерлік пункттер ашылған. Олардың теле­фондары әрбір автобустың салон­дарында көрсетілуі тиіс. №1 автобус паркі диспетчерінің телефоны – 54-16-45, орталық диспетчерлік пункт телефоны -29-00-49.

Сіздерден түскен фактілер бой­ынша тиісті шаралар қолданылатын болады.

– Қайырлы күн, Сапар Қайратұлы, айтыңызшы Алматы ауданының биылғы қысқа дайындығы қалай?

–Ауданымызда 1200-ден астам көпқабатты үйлер бар. Бүгінде барлық тұрғын үйлер, білім беру, денсаулық сақтау мекемелері мен мәдениет орталықтары қыс мерзіміне 100 пайыз дайын. Барлығы «Астана-теплотранзит» АҚ жылу маусымына дайындықтары туралы құжаттарын алуда.

– Мен елордамыздың оңтүстік-шығыс ауданындағы Арғанаты көшесінде тұрамын. Маңайымызда су жоқ. Жолымыз қашан асфальтталады?

– Арғанаты көшесінде орталықтандырылған сумен қамту құбыры бар. Егерде сіздің үйіңізге су тарту қажет болса, сізге тегін берілетін техникалық шарттарды алу үшін «Астана су арнасы» МКК-не жүгінуіңізге болады. Арғанаты көшесінің Ақыртас көшесінен Қ.Аманжолов көшесіне дейінгі бөлігіне асфальт төселінген, ал жалпы оңтүстік-шығыс шағын ауданының оң жағының жолда­рын жөндеу бойынша қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалуда.

– Менің атым – Қымбат. Біз Астана қаласындағы Күлтөбе көшесінің тұрғындарымыз. Осы көшенің қасында Күлтегін деген көше де бар. Көпшілік сол екі атауды жиі шатастырып жатады. Әсіресе, жедел жәрдем шақыртқанда көп қиналамыз. Сондықтан, сізге ұсыныс: осы аралыққа бір сілтеме жасап, тақтайша іліп қоюға бол­мас па екен?

– Қымбат, үйіңіздің нөмірін айтыңыз, біздің мамандар барып, жақын арада тақтайша орналасты­рып береді.

– Сапар Қайратұлы, сәлеметсіз бе?! Сізге ха­барласып тұрған Ах­метова Айза Қайратқызы. Біз Астанадағы Брусилов­ский – Иманов көшелерінің қиылысындағы үйде тұрамыз. Осы қиылысқа бағдаршам орна­ту жоспарларыңызда бар ма? Себебі, бұл қиылыста көлік өте көп, сондықтан Брусиловский көшесінен солға қарай Иманов көшесіне бұрылу қиындық ту­дырады. Осы мәселемен Аста­на қаласының Ішкі істер департаментіне хабарласып едім, бұл әкімдіктің мәселесі деп жауап берді. Сіз не айтасыз?

– 2011 жылдан бастап Аста­на қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолда­ры басқармасының тапсырысы бойынша «ГорДорРемСтрой» ЖШС мердігерлік мекемесінің қатысуымен Иманов көшесінің Уәлиханов көшесінен Янушкевич көшесіне дейінгі бөлігінде жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жа­тыр.

Аталған басқарманың мәліметі бойынша Брусиловский –Иманов көшелері қиылысында бағдаршам орнату 2013 жылға жоспарланған.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 5 =