Сапар АХМЕТОВ, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: ТУFАН ЕЛДI ТYЛЕТУДIН ТIРЕГI

0 192

psl1

Биыл еліміз еңсесі биік елорда – Астананың он алты жылдық мерейтойын атап өтеді. Бұл – барша қазақстандықтардың көз қуанышы, ортақ мерекесі. 1998 жылы атын айдай әлемге жариялаған жас қала қазіргі таңда сәні мен салтанаты жарасқан бас шаһарға айналып отыр. Еліміздің бүгінгі күнге дейінгі әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды қарқынды жүргізіп, бәсекелестіктің биік белестерін бағындыруы арайлы Астананың дамуымен тығыз байланысты.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында Астананың қалыптасуы ерекше маңызды орын алады. Астананы салу – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерік-жігерімен және саяси көрегендігімен жүзеге асырылған теңдессіз жоба. Ол – мемлекеттің стратегиялық мақсаттарды сәтті жүзеге асыруының, елдің тұрақты дамуының айқын көрінісі.

Қазақстан халқы он алты жыл көлемінде құбатөбел ескі шаһардың түбегейлі қайта құрылып, жаңа әкімшілік орталықтың қалыптасқанына, ел егемендігін айшықтайтын ауқымды құрылыстардың, мәдени-рухани орындардың бой көтергеніне, тамыры терең тарихи ескерткіштердің, атаулардың халықпен қауышқанына куә болды. Әлемдік үлгідегі әрі ұлттық нақыштағы архитектуралық нысандар Еуразия кіндігінде орналасқан Қазақстан Республикасының әлемге ашықтығын, бейбітшілік пен татулықты ту еткен мемлекет екендігінен хабар береді. Қысқа мерзім аралығында қала қазіргі заманғы мегаполис деңгейіне көтеріліп, аймақтағы өзара ықпалдасу мен ынтымақтастықтың ұясына айналды.

Ағымдағы жылдың еліміз бен Астана тарихындағы алатын орны айрықша. Өйткені, Елбасы Жолдауынан басталған 2014 жыл «Қазақстан-2050: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» тақырыбымен өткен Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІ сессиясы, VII Астана экономикалық форумы, XII Еуразиялық медиа форумы сынды маңызды іс-шаралармен толықты. Осы орайда, еліміздің еңсесін көтеріп, экономикалық әлеуетін арттыратын Еуразия экономикалық одағының құрылуын ерекше атап өтуіміз қажет. Аталған Одақты құру туралы келісімшартқа қол қою рәсімінің Қазақстанда және Астана қаласында өткізілуі ұйымның мемлекетіміз үшін стратегиялық маңыздылығынан хабар береді. Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2011 жылы жарияланған «Еуразиялық одақ: идеядан болашақтың тарихына» атты мақаласында: «Еуразиялық одақ – бүгінгі күн мен болашақтың күрделі сынақтарымен өлшенетін мегажоба. Ол қалыптасуы тарихтағы ең күшті жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстар ықпалымен басталған жаңа әлемдік архитектураның органикалық бөлшегі болудың барлық мүмкіндіктеріне ие» деп, оның келешектегі кемел жетістіктеріне сенім артты. ЕЭО құру идеясы «Нұр Отан» партиясының басшылығы мен партияластар тарапынан қолдау тауып, Астана қаласында еліміздің экономикалық даму перспективаларын талқылауға арналған келелі кездесулер өткізілді.

Елорданың биік еңсесі оның ішкі дамуымен біте қайнасып жатыр. Өйткені, ішкі даму мен тұрақтылық – сыртқы белсенділіктің негізі. Астана қаласының әкімі,«Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы И.Н. Тасмағамбетовтің жыл басындағы қала тұрғындарымен кездесуінде айтылғандай, қаланың ішкі өңірлік өнімі 2 трлн 700 млрд теңгені құрап, мемлекеттік бюджетке 610 млрд теңге қаражат түскен. Шағын және орта кәсіпкерлікке көрсетілген қолдаудың нәтижесінде олардың саны 55 мыңға жетіп, 1 трлн 200 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл сала қаламызда 190 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Яғни, Астана – өзін-өзі толығымен қамтамасыз етіп, халықтың өмір сүруіне мейлінше қолайлы жағдай жасайтын, елдің ішкі әлеуетін нығайтуға үлес қосатын бірегей орталық екендігі сөзсіз.

2012 жылы 14 желтоқсанда Елбасы ұсынған «Қазақстан-2050» стратегиясы айбарлы Астананың дамуына тың серпіліс берді. Ол туралы қала күніне орай жарияланған «Астана – Қазақстанның ұлы дәуірі және стратегиялық векторы» атты мақаласында Елбасы: «Бүгінде елорданы «Қазақстан-2050» стратегиясының өмірге жолдама алған жері деп айтуға толық негіз бар. Осы жерде «инемен құдық қазғандай» оның тұжырымдамалық бейнесі жасалды» деп атап көрсеткен еді. Президент Жолдауы негізінде Астананың 2050 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспары дайындалып, оны жүзеге асыру бойынша тиісті атқарушы органдарға тапсырмалар берілді. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асырудағы тұғырлы тірегі – «Нұр Отан» партиясының Астана қаласының гүлденуіндегі орнын айтуымыз қажет.

2013 жылы 18 қазанда өткен «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XV съезінен кейін партияның Астана қалалық филиалы тың серпіліспен жаңа жұмыс бағытына көшті. Ағымдағы жылы «Нұр Отан» партиясы Елбасы тапсырмаларын жүйелі орындау, халықпен нәтижелі жұмыс жүргізу мақсатында 12 партиялық жобаны іске асыруды қолға алды. Оның ішінде «Ардагерлерді ардақтайық!», «Кедергісіз келешек», «Партияның 50 жаңа тұлғасы» жобалары халық арасында кеңінен танылып үлгерді. Бір ғана «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы бойынша қаламыздағы 253 Ұлы Отан соғысы ардагеріне филиалдың бастауыш партия ұйымдары бекітіліп, олардың толық әлеуметтік картасы жасалды.

Бүгінде партияның Астана қалалық филиалында 328 бастауыш партия ұйымы, 27 партиялық бақылау бекеті, 26 қоғамдық қабылдау бөлімі бар. Беделі артып, биігі асқақтап келе жатқан «Нұр Отан» партиясы биыл партия мүшелеріне жаңа үлгідегі билеттерді табыстау жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Осы бағытта қалалық бастауыш партия ұйымдарында мүшелер тізімі қайта жаңартылып, олардың сапалық құрамына көңіл бөліне бастады. Қазіргі кезде Астана қаласы бойынша партия мүшелерінің саны 35198 адамға жетті.

Нұротандықтар қала дамуының барлық саласына қатыса отырып, «Қазақстан-2050» стратегиясы мемлекеттік және партиялық бағдарламаларды тиімді жүзеге асырып келеді. Биыл партия төрағасының нұсқауына сәйкес, «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» атты сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыру бойынша биліктің атқарушы органдарына партиялық бақылауды күшейту жұмыстары жалғастырылды. «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму», «Балапан», «Ақ бұлақ», «100 мектеп, 100 аурухана», «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту», «Бизнестің жол картасы – 2020» сынды әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар аясында құрылыс жұмыстарының сапалы және уақтылы жүргізілуі, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуы, жемқорлық қарекеттерінің алдын алу мәселелері филиал жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы тарапынан ұдайы бақыланып келеді.

Бүгінде «Нұр Отан» партиясы қоғамның бірден-бір қозғаушы күшіне айналып үлгерді. Партия мемлекеттік органдарды әлеуметтік-саяси маңызды мәселелерді талқылауға, қоғамдық іс-шараларға қатысуға, халықпен тығыз байланыс орнатуға шақырады. Астананың айшықты ажары – оның тұрғындары екенін ескерер болсақ, елордалық партия ұйымына осы бағытта үлкен жауапкершілік жүктелген. Себебі, Астана – әртүрлі ұлттар мен ұлыстарды, әр сала мамандарын, білім алып, жұмыс істеуге келген жастарды, шетелдік қонақтарды біріктіретін орта. Жалпы саны бір миллионға жетіп қалған қала тұрғындарының басым көпшілігі – еліміздің шет аймақтарынан келген азаматтар. Оларды ортақ мұратқа жұмылдыру, Астананың күнделікті тынымсыз тіршілігіне араластыру, жалпы Астанаға тән дәстүр қалыптастыруда партияның алатын орны үлкен болмақ. Бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп келе жатыр.

Астана – еліміздің айнасы. Шет елдерден, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қонақтар қала тұрғындарына қарап ой түйеді. Бүгінгі астаналық жаңа қазақстандық патриотизмнің, тәрбиенің, тазалықтың үлгісін көрсете білуі қажет. Отанға, елге деген сүйіспеншілік сезімі әркімнің өз қаласы мен ауласынан басталатынына азаматтар Астанаға келгенде көз жеткізуі керек. Астананы құрметтеп, тек мерейтойында ғана емес, жыл он екі айда тазалыққа, сүйіспеншілікке бөлейтін болсақ, оның да тұрғындарға берері мол болмақ. Осындай ортақ міндетке «Нұр Отан» партиясы мен Астана қаласының әкімдігі ғана емес, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, жалпы қалалық қауымдастық үлес қосуы қажет. Бұл – тұрғындардың Астанаға деген шексіз ықыласы, мерейлі мерейтойына деген сый-құрметі болады. Астананың он алты жылдық дамуы болашақта қала алдында тұрған қысқа және ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарларды жүзеге асырудың іргетасын қалады. Аталмыш жоспарлардың уақтылы және сапалы орындалуы әр азаматтың өмір сүру сапасына әсер етеді. Сондықтан, біздің ортақ жауапкершілігіміз, туған қалаға деген ыстық ықыласымыз ғана күн тәртібінде тұрған мәселелерді тез еңсеруге мүмкіндік береді.

Биыл – «Нұр Отан» партиясы мен Астана қаласы үшін ерекше мерзім. Өйткені, Астана қаласының он алты жылдық мерейтойы мен «Нұр Отан» партиясының он бес жылдығы тұспа-тұс келіп отыр. Тәуелсіздіктің төл жемісі, қос тізгіні – «Нұр Отан» партиясы мен елордамыз қатар аяққа тұрып, бірге өркендеп, елдің көшін өрге қарай сүйреп келе жатыр. Партия құрылған уақыттан бастап оның мүшесі атанған құрылысшылар, мұғалімдер, дәрігерлер, ардагерлер, әр саланың мамандары қаланың іргетасын қалауға бір кісідей атсалысты. Олар бүгінде «Нұр Отан» партиясының мүшелері ретінде Астана қаласындағы қоғамдық-саяси іс-шараларға белсенді қатысып, партияның бағдарламалық мақсаттарын жүзеге асыруға және қаланы гүлдендіруге зор үлес қосып келеді.

«Нұр Отан» партиясы Қазақстанның гүлденуі мен жетістіктерінің нышаны – Астананы дамыту сынды стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыруда Мемлекет басшысы, партия төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың тұғырлы тірегі болып келді және бола береді де. Біз, елордадағы нұротандықтар, нақты іс-қимылдар мен өзара ықпалдасу, әркімнің дербес құлшынысы мен қалалық қауымдастықтың бекемдігі арқылы Астананың көркеюіндегі жаңа белеске көтерілеміз деген сенімдемін.

Президент жоғарыда аталған мақаласында айтқандай: «Астана – Қазақстанды әлемге танытқан, дамудың жаңа биіктеріне бастаған, халықты топтастырған біздің бүкіл қазақстандық жалпыұлттық идея». Ал, Елбасы тізгінін ұстаған «Нұр Отан» партиясы елорда дамуының маңызды тетігіне айналғанына көз жеткізіп отырмыз. Егемен ел үшін мәні мен мәртебесі бөлек «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің құрылысы да осы жылдан бастау алды. 2017 жылы қаламызда «ЭКСПО – 2017» көрмесімен қатар мемлекеттік маңызды іс-шара – кезекті парламенттік сайлау өтеді. Біздің басты мақсатымыз – мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін беделі биік іс-шараларға бар күш-жігерімізді салып дайындалу. Астана – Қазақстанның бүгіні мен келешегі. Ендеше, бүгініміздің беделді, келешегіміздің кемелді болуы – өз қолымызда.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 2 =