Сапалы жұмыстың игілігі мол

0 109

Бақытжан ТАЖИНОВ, қоюшы режиссер, продюсер: 

– Әңгімеміздің әлқиссасын сіз режиссерлік ететін мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған республикалық «Жұлдызай» фестивалінен бастасақ…
– Астанада қараша айында Халықаралық Дельфий ойындары өткен болатын. Мен сол кезде шараның ашылуы мен жабылуына режиссерлік еттім. Дельфий ойындарының бас штабы Мәскеуде орналасқан. Біздің мақсат шетелдіктерге өзіміздің мүмкіндігімізді көрсету болды. Кейін, шара аяқталған соң, ол жақтағылар жұмысыма өте жоғары баға берді. Сол кезде маған мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Жұлдызай» фестиваліне режиссерлікке ұсыныс түсті. Ерекше етіп жасау керек болды. Бұл байқау биыл 8-ші рет өткізіліп отыр. Онда маған Қазақстанның он алты қаласына барып, өнерлі балаларды іріктеу жүктелді. Шараға 5 мыңнан астам бала қатысты. Соның ішінен 300 баланы 26 мамыр күні Астанаға алып келеміз. Сосын үлкен репитицияға кірісеміз. Ол балалар көп сау адамның қолынан келмейтін тірлікті істейді. Араларында циркшілері, әншілері, бишілері бар. Іс-қимылмен көрсетілетін әндерді тамаша орындайды. Өйткені әннің мағынасын тыңдау бір­ бөлек нәрсе, көріп қа­был­дау мүлде басқа. Олар ән айтып тұрғанда көзіне жас алмайтын адам жоқ шы­ғар. Өмірге деген құш­­тарлығын көрген кез­­де, сүйсінесің. Алла бұ­­йыртса, 29 мамыр күні «Бәйтерек» алаңында үлкен флешмоб ұйымдастырамыз. Онда барлық бала іс-қимылмен ән орындайды. Мұндай флешмоб осы уақытқа дейін әлемде болмаған екен. Гиннестің кітабына кіруіміз мүмкін. Қазір сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ, биыл «Жұлдызай» фестивалін теледидар арқылы тамашалай аламыз. Шыны керек, бұл балалардың барлығы өте талантты. Шамам келгенше, соларды сахнаға шығаруға күш салып жатырмын. Дуэт, хор болса да, әйтеуір сахнаға шығып өнерін көрсетсе екен деймін. Сонымен қатар, оларға елімізге танымал әншілермен бірігіп ән салдырамыз. Осының бәрі жас баланы қанаттандырады, өмірге деген құлшыныстарын арттыра түседі деп ойлаймын. Қазір осының бәрі ойластырылып, сценарий жазылу үстінде.

– «Балапан» теларнасындағы бірқатар концерттерге, Дельфий ойындарына, т.б. режиссерлік еткеніңізді білеміз. Сіз үшін режиссер ретінде болсын, продюсер ретінде болсын, бағдарламаның жетістігі неде?
– Бір жұмысты бастасам, аяғына дейін жеткізуді жақсы көремін. Кез келген істі нәтижелі істесең, оның еңбегін жейсің. Ол біреудің батасымен, біреудің рахметімен қайтып жатады. Жасалған бағдарламаның нағыз халықтық болғанын көпшілік қана байқата алады. Олар хабарласып, рахметін айтып жатқанда, шынымен қуанасың. Осы уақытқа дейін істелген барлық жұмыстар көрермен жадында жақсы сақталуы үшін жұмыс жасаймыз. Мысалы, концерттің, сосын сол концертті құрастыратын әндердің, билердің драматургиясы болады. Сахнаға әншіні шығарар кезде, әннің мазмұнына қарай, сахнаны безендіреміз. Ол жерде бишілер бой көрсетуі немесе театрландырылған қойылым болуы мүмкін. Соңғы жұмысым Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концертке режиссерлік еттім. Нәтижесі жаман емес.

– Сіздің қоюшы режиссер ғана емес, продюсер екеніңізді де көпшілік біле бермейді. Қазір әр бес әншінің біреуі – продюсер. Жалпы, продюсер деген кім?
– Иә, бүгінде продюсерлік жағынан да жұмыс істеп жүрмін. Маржан Арапбаева, енді танылып келе жатқан «Z» триосы, т.б. жобаларым бар. Негізі өзім жастармен жұмыс істегенді жақсы көремін. Қалыптасып қалған әншілерді өзгерте алмайсың. Жас әншілер ермексаз сияқты қандай форма бергің келсе, сондай форма бересің. Оларға «сені тыңдауға келген халықты сыйла, әннің мазмұнын, әннің мінезін, әннің драматургиясын жеткізе біл, мен өз-өзімді көрсетуім керек, әдемімін деп шықсаң, көрермен оны сезіп отырады, қабылдамайды. Әнші сахнада шынайы болуы керек» деп айтып отырамын. Ал кез келген әнші продюсер дегенге келетін болсақ, меніңше, әркім өз ісімен айналысқан дұрыс деп ойлаймын. Мықты әнші ол педагог ретінде шәкірт тәрбиелей алмауы мүмкін. Сосын ақшасы бардан әнші шығару деген дұрыс емес сияқты. Себебі, бойында Құдай берген дарыны болмаса, миллиондап құйсаң да, одан әнші шықпайды. Кез келген жобаны халыққа жеткізуге септігіңді тигізу үшін қолға аласың. Менің ұғымымдағы продюсер – өнерпаздың бойында бар өнерінен көпшілікке ұялмай көрсететіндей өнім жасайтын адам. Егер әншіде дарын болмаса, мұндай продюсердің де, әншінің де ғұмыры ұзақ болмайтыны анық. Себебі екеуін байланыс­тыратын – тек ортақ пайда. Негізі, нағыз әнші де, продюсер де ақшаға емес, өнерге қызмет етуі тиіс деп ойлаймын. Бұл орайда олардың ауызбірлігі, өнерге деген сүйіспеншілігі өте мықты болуы шарт

– Продюсерлік жұмыстың қиындығы неде?
– Қаржы табу, концерт ұйымдастыру деген оңай емес, әрине. Әнші тәулік бойына ән сала беретін, тек сонымен ғана өмір сүретін робот емес, ол да адам ғой. Олар – шығармашылық адамы. Психологиялық жағынан түрлі күй кешеді. Тіпті, жұрттың бір-ақ ауыз теріс пікірі оның жанын жаралап кетуі мүмкін. Міне, осындай түрлі жағдайларда продюсері оның жанынан табылып, жігерлендіріп, демеп отыруы керек. Құдайға шүкір, қазір Қазақстанда шоу-бизнес бар. Қай салада болмасын, әр мемлекеттің өзінің белгілі бір моделі болады. Ресейдің моделінде олар көбінесе концертке шығумен ақша табады. Біздің әншілер тойдан ақша табады. Бұрын әншілерді тек Ресейден шақыратын болсақ, қазір барлық жерде – өзіміздің әншілеріміз. Әншілердің бағасы өсе бастады. Әртістеріміз сахнада өздерін қалай ұстауды үйреніп келе жатыр. Репертуарлары да жақсы. Осыдан 5 жыл бұрынғымен салыстырғанда, әлдеқайда алға бастық. Қазір, қай арнадан болмасын қазақ әндерін сүйсініп тыңдайсың. Өйткені сапасы өсті. Себебі халық бағалай бастады.

– Оқырмандарға қызық болар, өзіңіз туралы айтып беріңізші…
– Шоу-бизнесте жүргеніме 15 жылдай болды. 1998 жылы Түркиядан оқу бітіріп, Алматыға келдім. Ал, Астанаға келгеніме 7 жылдай болды. Мамандығым режиссер. «Азия дауысы», «Жас қанат» байқаулары – алғашқы баспалдақтарым. Осы екі байқауды үлкен мектеп деп есептеймін. Ұстаздарым – режиссер, продюсер Мұрат Ерғалиев пен Александр Пономарев. Ол кісілермен бірге жұмыс істеп, көп нәрсе үйрендім.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + twenty =