Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1164

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1165

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1166

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1177
«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сапабек ата сабақтары

0 287

Таяуда қабырғалы қаламгер, белгілі ғалым, қоғам қай­раткері, бір сөзбен айтқанда, ақтық демі үзілгенше қазақ жерінің мұңын мұңдап, жырын жырлаған абыз ақсақал ­Сапабек Әсіп 93 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Қос ғасырдың куәсі болған қазыналы қарияның өмірлік мұра­ты мен азаматтық ұстанымы саналы жанға өнеге.

ҚҰЛАҚШЫДАН БАСТАЛҒАН СОҚПАҚ

Мен ол кісінің есімін бала күнім­нен жатқа білемін. Өйткені біз бір ауылда өмірге келдік. Елдегі үлкен қариялар оның адалдығын, бірбеткейлігін, еңбекқорлығын тамсанып айтатын. Біздің елден алғаш қолға қалам ұстап, халыққа танылған да Сапабек әкем еді. Сондықтан оның өмір жолы арман жетелеген кейінгі жастарға үлгі болды. Ол кісі ауылға сирек келетін. Бірақ Сапабек елге келе жатыр дегенде ауылдың кәрісінен бастап, жасына дейін қара жолдың бойын тосатын. Бір мереке секілді еді.
Қаламгердің өмірі де күрделі кезеңдерге тап келді. Бұғанасы қатпаған он екі жастағы баланың алғашқы еңбек жолы шығырға құлақшы болудан басталды. Бірақ жасынан әжесінің бауырында ержеткен жеткіншек өлең-жырға жақын өскендіктен, өнерден қара жаяу болмай, түртінектеп жазып жүреді. Онысы аудандық басылымда жарық көрді. Ақыры 17 жасында, 1942 жылы Амангелді аудандық «Социалистік шаруа» газетіне қызметке тұрады. Бұл – Екінші дүниежүзілік соғыстың өрті қаулап тұрған шақ. Көп ұзамай 1943 жылы әскерге шақырылады. Әскери дайындықтан өтіп, ұрысқа енді кіремін дегенде денсаулығы сыр беріп, елге қайтады. Ауылға келгеннен кейін колхоздың қамы­тын мойынға ілді. Бірде Қос­та­найға жолы түскенде облыстық редакцияға соғып, «Қазығұлда» деген суреттемесін әкеп тапсырады. Оны атақты ақын Сырбай Мәуленов ұнатып, газеттің бас редакторы Қайыржан Бекхожинге таныстырады. Сөйтіп, Сапакең ойда жоқта облыстық білдей газеттің әдеби қызметкері атанды. Кейін Жангелдин аудандық «Жаңа өмір» – «Новая жизнь» газеттерінде редактор, осы ауданның партия комитетінің хатшысы болды. Елде қызмет істей жүріп, Алматы жоғары партия мектебінде оқыды. Міне, осылай басталған соқпақ оны Алматыға жетеледі. 1972-86 жылдары Қазақ совет энциклопедиясы бас редакторы, көрнекті сыншы Мұхамеджан Қаратаевтың бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. Торғайдың «топжарғаны» атан­ған әйгілі Нұрхан ақынның шы­ғар­машылығынан «Нұрхан Ахмет­бековтің поэтикалық әлемі» деген кандидаттық диссертация қорғады. Ел өмірін шынайы толғаған «Еменнің жасаруы», «Ауыл перзенттері» атты очерктері мен Ыбырай Алтынсарин, Әліби Жангелдин, халық суретшісі Молдахмет Кенбаев туралы кітаптары жарық көрді. Біз елшіл тұлғаның өмір жолын неге тәптіштеп жазып отырмыз? Оның себебі бар. Ол кісіні үнемі бір ұлы күш жамандықтан қорғап, алға жетелеп отырған секілді. Өйткені бала күнінен қатты ауырған Сапабекті үлкен әжесі өліп қалады деп қатты уайымдаған. Бұл жайында суреткер балалық шағы туралы естелігінде жазады. Қаламгердің әкесі Әсіп ата да бір ғасыр ғұмыр кешті. Ол кешегі Амангелді, Әбдіғапар, Кейкі бастаған ұлт-азаттық көтерілістің белді сарбазы болған. Біздің кейіпкеріміз әкесінің жасына жетпегенімен, торқалы тоқсанды бағындырды.

ЖЕРШІЛ ЖҮРЕК

Қарт қаламгер саналы ғұмы­рында кешегі Алаш арыстары ұстанған ұлт мүддесін бәрінен биік қойды. Әсіресе, қазақтың жері үшін жаны талай отқа күйді. Үш ғасырға созылған отаршылдық келмеске кетті. Оның артында адам айтқысыз зардаптары қалды. Тарихымызға үңілсек, ешқашанда жер мәселесі назардан тыс қалған емес. Жерге қатысты талай құқайды көрген халқымыздың жанды жерінің бірі де жер болған. 1998 жылы шыққан «Қатерлі дерт, қалжыраған халық» атты кітабының беташарында «Қаламгерлік мақсатым: қазақтың миына кірпішешен кіргізіп, көкірек көзін ашу» деп айтады автор. Бұл бағытта жазушының «Қазақ қасіреті», «Қауқарсыз қазақ мәселесі» атты кітаптары жарыққа шықты. Осы жинақтарда тарлан тұлға қазақтың құнарлы жері өзге ұлт пен ұлыстың мекеніне айналып, қазақ солардың босағасында жаутаңкөз болып қалғанын баяндайды.
Оның 1994 жылы «Түркістан» газетінде басылған «Жерсіз күні­міз жоқ» деген мақаласында: «Қазақ­тар он тоғызыншы ғасырдың 70-жылдарынан бермен қарай құнарлы жерлерінен айырыла бастаған. Ақырында келіп қазан революциясына дейін 45 миллион десятина таяқ шаншыса тал шығатын құнарлы жерін қолдан берген. Оған ішкі Ресейден көшіріп әкелген кәдімгі крестьяндар, жері жоқ мұжықтар қоныстандырылған. Сөйтіп, қазақ­тар жауатын жаңбыры жоқ, шалқып жатқан көлі жоқ, буыр­қанып ағып жатқан өзені жоқ, жерінің бетінде құнарлы топырағы жоқ шөл далаға қуылған» деп жазады шамырқанып. Тағы бір еңбегінде: «Қазақстан территория­сында 271 миллион гектар жер бар, соның 180 млн гектарын біз жайылымдықтар деп жүрміз. Оның үштен бірі – шөл және шөлейт, қонысқа, шаруаға жарамайтын жер. Не дұрыстап мал бағуға келмейді. Шапсаң, гектарынан 1,5-2 центнерден артық шөп ала алмайсың. Ал құнарлы жерлерден бір гектардан 10-15 центнер шөп алуға болады. Шөлейт жерге шығарған шығынның есебі мынадан бес есе артық, алатын өнім бес есе төмен. Онымен қалай күн көруге болады?» деп тебіренеді.
Кеңес өкіметінің шаңырағы шайқала бастаған кезде мерзімді баспасөздің бетінен «артта қал­ған 71 аудан» деген мәселе жиі қозғалатын. Бұл сөз бекерге шық­паған. 1989 жылғы 27 наурызда Қазақстан КСР Министрлер кеңесі Президиумының кеңейтілген мәжілісінде республикадағы аудандардың экономикалық-әлеуметтік жайы талқыланған. Сол уақытта елімізде 205 аудан болған. Соның арасынан дамуы жағынан кешеуілдеп қалған 71 аудан нақтыланған. Ал тұрғындарының табысы аз, күнкөрісі қиын, әлеуметтік жағ­дайы өте нашар деп 30 аудан анық­талған. Бұл елді мекендердің жері жұтаң әрі күре жолдан алыс, теміржол тартылмаған. Ең негізгісі, осы артта қалған аудандарда кілең қазақтар қоныстанған. Осы мәселені журналист жеріне жеткізіп жазды. Сол жердегі жергілікті жұртты құнарлы өлкеге қоныстандыру керек деген проблеманы көтерді. Дамыған елдерде ондай жерде өмір сүрген халыққа 200-300 пайыз қосымша қаржы төлейді. Ал бізде оны ескерген ешкім жоқ деп дабыл қақты.
Көрнекті тарихшы-ғалым Ермұхан Бекмаханов өз еңбегінде «Тантал азабы» туралы алғаш қалам тербеген. Осы ойды Сапабек ақсақал одан әрі дамытты. Автордың айтуынша, бұл термин грек мифологиясынан алынған. Тантал ауыр қылмыстары үшін мәңгілік шөл, аштық азабына кесілгенін, кеңірдегінен келетін өзеннің ішінде тұрып, ұрттаған суы өңешінен өтпей ағып кете­тінін, төбесінен төніп тамылжып тұрған жемісті алайын десе, бұтақтар әрі кетіп, қолына түс­пейтінін, соның қырсығынан шөл, аштық азабын тартқанын, содан былай жер бетіне «Тантал азабы» деген мәтел тарағанын айтады. Осы тарапта Әсіпұлының «Танталовы муки степи» аталған орыс тіліндегі жинағы оқырманға жол тартты.
Жазушы ақырғы демі үзілгенше жерді жекеменшікке беруге, оны шет мемлекеттердің өкілдеріне беруге қарсы болды. Сол үшін талай басын бәйгеге тікті. Оны биік мінбелер мен мақалаларында қанжардай тіліп айтты. «Сатыл­ғанда тек қана құнарлы жерлер сатылып кетеді де, қазақ қазір­гі қаңғып жүрген шөл даласын­да мәңгілікке қалып қояды. Сондықтан қазаққа жаны ашитын Үкімет болатын болса, ең алдымен, қазақтарды құнарлы жерлерге орналастырған жөн» деп ашық жазды. Жаңа ғасыр басында қаламгер Қазақстан Жазушылар одағы жанынан «Жер және қазақ тағдыры» атты комиссия құрды. Оған белгілі жазушылар мүше болды. Комиссия жер тағдыры жайын­да бірталай жұмыстар атқарды. Үкімет назарына жер мәселесін үнемі көтеріп отырды. Бүгінгі жас ұрпақ туған халқын жан-тәнімен сүйіп, оның ұлтарақтай жерін қызғыштай қорыған Сапабек ата сабақтарынан тәлім алса болады. Соңғы демі біткенше еңсесін тік ұстап, ешкімге өр басын имей, азаматтық ұстанымынан таймады. Кешегі Алаш ардақтыларының алтын сынығындай болған асыл азамат осылай өмірден өтті. Ендеше, бар ғұмыры ел деп өткен есіл ердің есімі жұрт жадында мәңгі қалары анық!

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды