Сантехник болған дұрыс па?

немесе жұмыс таппай сандалып жүрген жақсы ма?

0 37

Осы күні атын айтуға тілің келмей жататын небір жаңа мамандық атауы шықты, бірақ қарапайым кір машинасы сынып қалса соны оңдайтын кәсіби шеберді табу қиын. Жақсы сантехникті көршілердің чатына салып не туыстарыңнан сұрап әрең табасың және ол сантехник не кір машинасын жөндейтін адам басқа ұлттан болып шығады. Өзіміз де соған үйреніп қалғанбыз, анда-санда қазақ жігіттері келіп тұрса оның қолынан құбыр жалғау келетініне біртүрлі сеніңкіремейтініміз бар. Сантехник болса міндетті түрде орыс болу керек сияқты.

Мамандық таңдауға бас қатырмаймыз

Байқасаң, қазіргі қазақ жастарының көбі әнші, шоумен, бастық болғысы келеді, бірақ слесарь, сантехник, токарь болғысы келмейді. Олардың ойынша бұл «модный» емес. Бұл – мамандыққа қатысты ақпарат-насихаттың жеткіліксіздігінен. Өйт­кені арнайы мәліметтерге сүйенсек, техникалық мамандықтарға (инженер-механик, инженер-электрик, инженер-жобалаушылар) сұраныс жоғары. Жақсы сантехник, жиһаз жасаушы, электрик барлық кезде керек, әрі олар тәп-тәуір ақша табады. Біздің қазақ болса баласына тек прокурорлықты, соттың, бастықтың орнын ғана ла­йық көреді, «қызмет қылсын, шен алсын» деген түсініктен арыла алмай келеді, бұдан арылу үшін техникалық мамандықтар насихатталып, баласы сантехник болса туыс­тары мен көршілерінен өлердей ұялатын ата-аналардың санасын өзгерту керек.
ҰБТ тапсыратын сәт те аяқталды, ертең талабы таудай түлектер де, елден қалмайын дегендер де ­ЖОО-ларға ағылады. Басқа ұлт үшін баласы оқуға түспесе трагедия емес, ал қазақ үшін баласы түспей қалса… бәрібір қайтпайды, тірсегі-тірсегіне соғылып жүріп несие төлеп қарызданып оқытады, ал күндізгі бөлімдегі оқу ақысы – жылына кем дегенде 600 мың теңге. Сөйтіп, әке-шешесі арқа еті арша болып, банкке кіріптар болып жүріп диплом әпергенде ол бала мамандығы бойынша жұмысқа орналасып кетсе жақсы ғой, бірақ көріп жүрміз, көпшілігі дипломын шаң басып, басқа жұмыс істеп жүр. Жұмыс жоқ деп телефонын шұқылап диванда жатқандары да бар. Ресми деректер елімізде 15-28 жас аралығындағы 84,7 мың жастың жұмыссыз жүргенін келтіреді. Бір ғана заңгер мамандығы бойынша 3077 адам жұмыс іздеп жүргені туралы мәлімет бар. Басты себеп – жастар да, олардың ата-аналары да жұмыссыздық туралы статистикаға мән бермейді, ЖОО дипломын алса болды. Бәрі бірдей қаржыгер, банкир, заңгер болғысы келеді. Ал бірақ қазір заңгер, адвокат, судьяларға сұраныс жоқтың қасы екен. Сарапшылар бұл мамандықтар еңбек нарығында тым көбейіп кеткен дейді.

Жақсы сантехник жерде жатқан жоқ

Ежелгі шумерлердің бес мың жыл бұрын өз патша­йымдары Пуаби үшін әжетхана орындығын ойып жасағанына қарағанда сантехник мамандығын ең ежелгі кәсіп деуге болатын шығар. Ерте қола дәуіріндегі Арқайым қазбалары кезінде жаңбыр суын ағызатын канализация да табылған. Дегенмен кеңес адамдарының түсінігінде сантехник деген – онша емес­теу мамандық. Сантехник десе кеңес фильміндегі сантехник Афоня ­(Леонид Куравлёв) еске түседі. Ақкөңілдеу болғанмен ішкіш, өз ісін қалай болса солай жасайтын және жұмысына пара алатын сүйкімсіздеу жігіт (бір кездерде ішпейтін сантехник болмаған деседі, олардың қызмет ақысы көбіне шөлмекпен төленетін болған). Қазір ондай Афонялар жоқ, сантехниктер ішпейді, арнайы киіммен, перчаткамен, арнайы антисептикалық заттарымен жүреді, олардың кәсіби нарықтағы бәсекелестіктері де жоғары. Егер сантехник өз ісінің білгірі болса, күніне кем дегенде үш шақыру алады екен. Оның үстіне бүгінгі сантехника ең жоғарғы технологияның жемісі болғандықтан, бекіткішін есептемегеннің өзінде бір клапанның өзі 20 элементтен тұрады, ал мұндай элиталық сантехниканы тек қана элиталық сантехниктер жасайды. Оның қызмет ақысы арзан емес. Мысалы, осы қала астана болғалы пәтерлерде жөндеу жұмысын жасап келе жатқан Асхат есімді сантехник өзінің жұмысын нағыз шығармашылық жұмыс деп есептейді. «Адамдар атыңды ұмытып қалуы мүмкін, бірақ жасаған жұмысыңды ұмытпайды, сондықтан бұл салада білім мен тәжірибеге жететін ештеңе жоқ» дейді ол.

Техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары

700deneg.ru порталының мәліметіне қарағанда, Американың сантехниктері жылына 39-45 мың доллар табады. Еуропада неміс сантехниктері (Installateur) еңбегі үшін 1,9-3,1 мың еуро алады. Біздің елде сантехник­тің орташа ақысы – 120-200 мың аралығында. Әрине, көп емес, дегенмен қала қаншалықты үлкен болса, тиімді ұсыныстар да мол болмақ. «Технарьларға» сұраныс техникалық-коммуникациялық игіліктерге мүмкіндігі мол Алматы, Нұр-Сұлтанда жоғары, үшінші орында Қарағанды тұр.
iKOMEK.kz тұрмыстық қызмет нарығының арнайы порталында тіркелген сантехниктерге сұраныс жоғары екен. Сантехниктің бір сағаттық жұмысы – 3-7 мың теңге шамасында. Әдетте баға маманның кәсібилігіне, олардың қызметін тұтынушылар тарапынан қандай баға берілгендігіне байланысты. Яғни сантехник көп жұмыс істеген сайын рейтингте жоғары көтеріліп, көбірек тапсырыс алады.
Әрине, техникалық мамандардың айлығын Үкімет төрағасы, топ-менеджермен салыстыруға болмайды, дегенмен жоғары білікті, тәжірибелі мамандар «кеңсе мамандарынан» жақсырақ табады, мысалы, офис-менеджер мен құрылыс алаңындағы техникалық бақылаушыны салыс­тырсақ, соңғысының айлығы жоғары болмақ. Бізде кейбір техникалық мамандық иелерін табу қиын болғандықтан Ресейден не басқа елден шақыртады. Тағы бір қызығы, гуманитарлық саладағылар өздерін көбірек жарнамаласа, технолог, жөндеуші, шахтер, электржабдықтары мамандары интернетке резюме бере бермейді екен. Қазақстандағы «Antal» рекрутинг компаниясы директоры Анна Ковинская бүгінгі таңда агро саласы, ауыл шаруашылығы, құрылысшы, күрделі техника операторлары үлкен өндіріс орындарына, ал сантехник пен электриктер қарапайым халыққа қажеттігін айтады. Әдетте мемлекеттік басқару саласындағыларды «ақ жағалылар» десе, қарапайым жұмысшыларды «көк жағалылар» дейтінін де осы жолы білдік. Hh.kz порталы PR және маркетинг бойынша директоры Динара Рахимжанова соңғы кездері «көк жағалылардың» қызметіне сұраныс өсіп келе жатқанын айтады. Әсіресе, құрылыс салу қарқын алған үлкен қалаларда өткен жылы түскен сұраныстардың 10,3 пайызы – электриктерге, 9,9 пайызы – монтаждаушыға, 9,4 пайызы механиктерге ­тиесілі болған. Hh.kz «жұмысшы персонал» бөлімінде жұмысқа шақырушы фирма монтаждаушы және слесарь-механикке 300 мың теңге төлеуге дайын, ал экскаватор-машиниске 450000 теңге ұсынады. Слесарь-сантехниктерге ПИК-тер қатырып ақша төлемейтіні белгілі, оларды құтқаратын – жеке адамдардан түсетін тапсырыс, өз тілдерімен айтқанда «шабашка», құбыр тазалау – 4-7 мың теңге, қоспалауыш кран (смеситель) қондыру ақысы – 3-4 мың теңге. Білетіндер ең бір жолы ауырлау деген сантехниктің өзі бір айда 150 мың теңгеден кем алмайтынын айтады. Enbek.kz сайтынан «Жаңару» құрылыс компания­сы» ЖШС жұмыс тәжірибесі жоқ сантехникке 170 мыңнан бастап жалақы ұсынған хабарландыруды көрдік. «МЕЙІР-М» ЖШС жылу беруді монтаждау, канализация жұмыстарын жасайтын мамандарды 200 мың теңге айлықпен жұмысқа шақырады. Сондай-ақ металл пісірушілер де (сварщик) жаман табыс таппайды. Танысымның айтуынша, осы күні бай адамдар арасында зәулім үйлеріне болаттан жасалатын конструкциялар жасау сәнге айналған, ал зауыттарда ­дипломды металл пісірушілер 200-300 мың теңгеден жоғары айлық алады. Кафель салушы да қымбат маманға айналған. Жақсы кафельдеуші бригадаға қосылмай, жеке өзіне жұмыс істейді. Олардың шаршы метр жерді кафельдеу бойынша айт­қан бағасынан көзіңіз бақырайып, құлауға шақ қалуыңыз мүмкін. Сондай-ақ жабдықтаушының да (снабженец) бағасы асып тұр.

Колледждің артықшылықтары көп

Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Алтынай Қосыбаеваның айтуынша, қазір аспаздарға, дәнекерлеушілерге, тіпті өрт сөндірушілерге сұраныс жоғары. Сондықтан мектеп бітіруші түлектер кәсіптік-техникалық мамандық алудан қашпауы керек. Бұл жайында мектепте мұғалімдер де көбірек айтса жұмыссыздар қатары азайып, жастар қолымен жасалатын қылмыс деңгейі төмендер еді. Ал шынында, Президенттің техникалық мамандықтарды көбірек даярлауға баса мән беруінің арқасында колледждер мен кәсіптік лицейлердің артықшылықтары көп. Мысалы, елордадағы политехникалық колледж туралы айтсақ, 2019 жылы 22 мың жас лицейлер мен колледждерге техникалық және кәсіптік білім алуға қабылданған. Оларға шәкіртақы, бір реттік ыстық тамақ және жол жүруге қаржылай көмек көрсетіледі. Политехникалық колледждің студенттері елордалық автоорталықтарда сұранысқа ие. Түлектердің жұмысқа орналастырылуы қарастырылған, кепілдік беріледі. 97 пайыздық көрсеткішпен жұмыспен қамтуды есепке алғанда, түлектердің жұмысқа орналастырылуы 78 пайызды құрайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 + six =