«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Санкция сындыра алмаған ел

0 25

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жексенбі күні Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Рамсидің шақыруымен осы елге ресми сапармен барады. Тегеранда жоғары деңгейде екіжақты кездесулер өткізу және бірқатар үкіметаралық құжатқа қол қою жоспарланған. Осыған орай біз бүгін Каспий жағалауында қатар жатқан ежелгі көрші ел туралы әңгімелемекпіз.

تصاویر ایران امروز (21)++

Иран – Каспий жағалауында қатар жайғасқан Ресей, Қазақстан, Әзербайжан мен Түркіменстан сияқты елдерден артықшылығы Үнді мұхитына тікелей шығу мүмкіндігі бар жалғыз мемлекет. Иран Парсы және Оман шығанақтарындағы ең ұзын әрі ұтымды жағалауда жайғасқан. Сонымен қатар араб әлеміне жеткізетін жалғыз құрлық жолы бар. Иран Орталық Азия арқылы Қытай мен Қиыр Шығысқа шыға алады. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Иранның артықшылығына байланысты Каспий аймағының мемлекеттеріне Иранның коммуникациялық әлеуеті – өздерінің көліктік жобаларын әзірлеу мен жүзеге асыруда таптырмайтын көрші. Содан да болар, өткен мамырдың ортасында еліміздің бірқатар ресми өкілдері осы елде болып, көлік-логистика саласында және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және екі ел арасындағы транзиттік әлеуетті жандандыру мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді. Одан бөлек, елімізде ирандық инвесторлардың қатысуымен майлы дақылдарды қайта өңдеу, комбайндарды құрастыру және өзге де жобалар табысты іске асырылуда.

85 миллионнан астам халқы бар және әлемдегі үшінші, Венесуэла мен Сауд Арабиясынан кейінгі  ірі мұнай қоры бар Иран Ислам Республикасы 40 жыл бойына экономикалық санкциялардың астында қалып, оқшауланып, өз қазанында қайнап жатқан елдердің қатарына жатады. 1970 жылдардың соңынан бері әртүрлі елдердің, тіпті халықаралық ұйымдар тарапынан да Иранға бірнеше рет экономикалық санкциялар салынды. Ең қатаң шектеулерді Америка Құрама Штаттары 1979 жылдан бастап, Ислам революциясынан кейін бірнеше рет енгізді. 2010 жылы санкцияларды Еуропалық Одақ, сондай-ақ Канада, Австралия, Оңтүстік Корея және Жапония енгізді. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бірнеше рет, атап айтқанда, 2006 және 2010 жылдары Иранға қарсы қарар қабылдады.

Алайда осы уақыт ішінде ел сыртқы санкциялар жағдайында шектеудің шырмауында  шөгіп қалмаудың бірегей тәжірибесін жинақтады. Бүкіл дүние  есігін жауып жатқанда Иранда ерекше бір тәжірибе «қарсыласу экономикасы» пайда болады. Бұл дегеніміз мемлекеттің санкция тұралатып тастайтын салаларды анықтап, салмақтың ауыр болмауын қадағалап, аса қатты зиян келтірмеуі үшін бақылауға алып, санкциялардың салқынын жаңа мүмкіндіктерге айналдырады. Ішкі ресурстарын дамыта отырып, сыртқы тәуелділікті азайтуды көздеп, баяулап болса да ешкімнің демеуінсіз өздігінен еңсесін көтеріп, шаруасын дөңгелетуге барынша күш салады.

Жан-жағынан қыспаққа алса да санкция салып отырған мемлекеттердің  Иранның ядролық бағдарламасы мен атом энергетикасын дамытуына  кедергі бола алмады. Бір кездері АҚШ-та, кейін Ресей мен Қытайдың оқу орындарында білім алған ядролық физиктер жұмысын жалғастыра беріп, ұлттық мектебін құра білді.

Иранның бас шаһары Тегеран – Азия­дағы ірі қаланың бірі. Елдің әкімшілік орталығы, саяси, экономикалық, көлік, сауда, қаржы және мәдени орталығы. Тұрғындары сегіз миллионнан асып кеткен. Әлемнің ірі мегаполистеріндей әсіресе жетпісінші жылдары Тегеран төңірегінде елді мекендер қалаға бірігіп, кеңейе түсті. Тіпті қалаішілік жолдардың ұзындығы 30-40 шақырымға дейін жетті. Ал тоқсаныншы жылдардан бастап қала периметрін кеңейту тоқтатылды.  Иранның ең маңызды экономикалық және өнеркәсіптік орталығында  өнеркәсіптік кәсіпорындары дамыған, ел жұмысшыларының шамамен 30 пайызы осында шоғырланған. Қолөнер өнеркәсіптері сақталған. Көне шаһардың көркі жасыл бағымен де ерекшеленеді. Қалада 800-ге тарта бақ бар, шеткері аймақтардағы жасыл белдеуде құрылыс жұмыстарын жүргізуге мемлекет тарапынан шектеу қойылған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды