«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Санкция салқыны

0 56

Ресей-Украина қақтығысының ­Қазақстан экономикасына әсері

Украина мен Ресей арасындағы соғыс бұл екі мемлекеттің экономикасын құлдыратып қана қоймай, пандемиядан енді ғана есін жиып келе жатқан бүкіл әлем экономикасына да үлкен соққы болды. Оның ішінде Ресеймен ең ұзын шекарасы бар, 42 пайыз тауарын Ресейден импорттайтын Қазақстанға да өте ауыр шығын алып келіп отыр. Санкциялар салдарынан теңгеміз сынға түсіп тұр. Кәсіпкерлер өз болашағын қалай елестетерін білмей дал болуда. Тұтынушы өскен тауардың бағасын көріп қынжылады.

фото

Амал не­шік?! Болар іс болды. Енді тек қана шындыққа мойын­сұнып, дағдарыспен бірге жасаудан басқа шара жоқ. Мұндайда «Украина мен Ресей соғысының біздің экономикамызға қандай әсері бар?» деген сұрақ – экономистерге ең көп қойылатын сауал. Соғыс пен санкция әсерінің жаман болатынын естияр адамның бәрі біледі. Бірақ қаншалық деңгейде болатыны әзірге ешкімге беймәлім. Бұл жөнінде экономистердің пікірі тек болжам ғана. Олардың да айтқаны айдай келуі екіталай. Егер шынымен экономистердің айтқаны айдай келетін болса, әлемде экономикалық дағдарыс болмас еді. Алайда экономистердің ағымдағы экономикалық ахуалдың апарып соғатын ең жаман зардабын мемлекет пен халыққа ескертіп отыруының өзі оңай емес. Экономистердің міндеті – адамдарды шекті ресурсты төкпей-шашпай, үнемдеп пайдалануға, тапшылықты азайтып, молшылыққа жол ашуға бағыт-бағдар беру. Оны іс жүзінде жүзеге асыру мемлекеттік биліктің ақыл-парасаты мен халықтың ерік-жігеріне байланысты. Сондықтан мен де экономист ретінде өз пайымымды айтып, мемлекетті дағдарыстың қатерінен барынша сақтануға белгі беруді борышым деп білемін.

Соғыстың әсері «қысқа мерзімдік әсер» және «ұзақ мерзімдік әсер» болып екіге бөлінеді. Қысқа мерзімде соғыс кімге болса да тиімсіз. Соғыс болған жерде адамдар өзара сенімнен айырылады. Басқа мемлекеттер соғыс болып жатқан мемлекетке сенімсіздік танытады. Сенім жоғалғаннан кейін, өзара сауда-саттық жасалмайды. Сауда болмаған жерде экономика болмайды. Қысқасы, Ресей агрессиясына байланысты әлем елдерінің оған танытқан сенімсіздігі түбінде Ресейге ақ таяқ ұстатып шығарады. Өкінішке қарай, бұл соғыс Ресейдің одақтасы – бізді де бос қоймайды.

Бірінші, бұл соғыс ең алдымен біздің қаржы жүйемізге ықпал етеді. Ресей рублінің құнсыздануы теңгеге де өзінің динамикалық әсерін көрсетеді. Яғни рубль құлдыраса, теңге де құлдырайды. Егер біз рубльге байланған сауданы азайта алсақ, бұл әсер ұзаққа бармауы мүмкін. Мұнда Ұлттық банктің теңгені тұрақтандыруға қажетті қабылдаған шаралары мен қаржы нарығының өзін-өзі реттеу қасиеті, сонымен бірге Үкіметтің экономиканы тұрақтандыруға байланысты қабылдаған қаржылық қолдауы теңгенің одан әрі құлдырауына жол бермеуде маңызды рөл ойнайды. Сол үшін теңгеңіз қолыңызда тұрса, теңгеңізбен тірлігіңізді жалғастыра беріңіз.

Екінші, еліміздің Ресей және Украина елдерімен болған сауда-саттық зор өзгеріске ұшырайды. Ресейден біз күнделікті тұтынатын тауардан бастап, ағаш материалдар, ауылшаруашылық машиналары және мұнай өнімдеріне дейін көптеген тауарды импорттаймыз. Керек болса, қажет шетел тауарларын, шеттен тікелей импорттамай, Ресей арқылы кіргіземіз. Ел нарығындағы көптеген әйгілі шетел брендтерінің өкілдігі Ресейде. Біз бұл тауарларды Ресей арқылы сатып аламыз. Енді мұның бәрі көрген түстей болып артта қалып, жуық арада «сатуға тауар жоқ» деп тілімізді тістеп отыратын боламыз. Сонымен бірге Ресей соғыс кезінде өзінің азық-түлік қауіпсіздігін кепілдендіру үшін азық-түлік тауарын экспортқа шығаруға тыйым сала бастады. Бұл бізді күнделікті ішіп-жеп отырған асымыздан айырады. Қысқасы, біріне-бірі байланған сауда тізбегі үзіліп, кәсіпкер күнделікті табысынан айырылса, тұтынушы қажетті тауарына қол жеткізе алмайды. Қандай тауар тапшы болса, сол тауардың қымбатқа түсетіні бәрімізге белгілі. Сол тапшы тауардың орнын ауыстыратын және бір тауар пайда болғанша, тұтынушы қымбатшылыққа ұшырайды. Бұл тұтынушының сатып алу қабілетін төмендетіп, халықты барған сайын кедейлікке әкеледі. Соған сәйкес тұтыну төмендегеннен кейін, мемлекеттің жалпы ішкі өнімі азаяды, мемлекет экономикалық құлдырауға бет алады.

Үшінші, Ресей және Украинаға, Батыс елдеріне жасалатын экспортымыз зор кедергіге ұшырайды. Егер біз қысқа уақыттың ішінде, мейлі Батысқа болсын, мейлі Ресейге болсын, өзара сенімді жолға қойсақ, онда біз бұл дағдарысты жеңіл еңсереміз. Егер керісінше болса, дағдарыстың батпағына батқанымыз батқан. Біздің елдің ең негізгі табысы – мұнайдың 78 пайызы Батыс елдеріне сатылады екен. Ол Ресейдің мұнай құбырлары арқылы (Ресей, Украинаны транзиттік жол етіп) Батыс Еуропаға экспортталады. Батыс елдерінің Ресейге салған транспорттық шектеулеріне байланысты біздің мұнайымыз да қысқа мерзімде емін-еркін Еуропаға сатылуы қиын. Сонымен бірге біздің Қытайға кетіп жатқан мұнай құбырымыздың әлеуетін Ресей көріп отыр. Осындайда мұнайдың сату бағытын дереу өзгертіп жіберу де мүмкін емес. Демек, біз мұнайдың қазіргі қымбаттағанының игілігін қысқа мерзімде көре алмаймыз. Бұл – ел экономикасы үшін үлкен соққы.

Төртінші, Ресей агрессиясына байланысты, бұл елден шетел компанияларының кетуі және соғыстан кейінгі Ресей экономикасының күйреуіне байланысты зор жұмыссыздық жайлайды. Бұл Ресейде жұмыс істеп жүрген мигранттардың елімізге ағылуын тудырады. Мигранттардың елге келуі Қазақстан халқының жұмыссыздық жағдайын тіпті ауырлата түседі. Мигранттар мәселесі де елдің экономикалық, қоғамдық мәселелерін күрделендіреді. Алайда соғыс ұзақ мерзімнен қарағанда, біреуге зиян болса, енді біреуге пайда болады. Бұл «біреу тойға айналғанда, біреу қойға айналғандық» емес. Бірақ өмір шындығы – осы. Соғысқа қатыспаған ел ұзақ мерзімде дағдарысты, сөзсіз, мүмкіндікке айналдыра алады.

Кез келген қарулы соғыста ең қажетті нәрсе – астық, қару-жарақ және әскердің жауынгерлік қуаты. Қазір Ресей мен Украина жағдайына барлау жасасақ, екеуі де әлемдегі алдыңғы орындағы астық базасы және озық қару-жараққа ие мемлекет. Бұл жағынан екеуінің де әлеуеті аса жоғары. Ресей әлемдегі әскери қуаты екінші орындағы алпауыт ел болғанмен, Украинаны әлемдегі бірінші алпауыт ел мен басқа алпауыттар біреуі «нанын» беріп, біреуі «шайын» беріп, біреуі озық қару-жарағын беріп қос қолдап, қуаттап отыр. Сондықтан Украинаның Ресейден жақын арада жеңіле қоюының мүмкіндігі аз. Демек, осы тұрғыдан қарағанда, соғыстың ұзаққа созылатындығы айдан анық.

Әлемдік экономикада өз орны бар Ресей-Украина арасындағы соғыстың ұзаққа созылуы оның алыс-жақындағы сауда серіктерін қайта ойлануға мәжбүрлейді. Ресей – әлемнің үлкен астық базасы. Украина да жері құнарлы, әлемдегі біраз елдердің астық базасы. Алайда соғыстың салдары Украинада астықтың қалыпты өндірісін азайтады. Бұл сол елдің астығына таянып отырған елдердің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Мысалы, Ливан қажетті астықтың жартысын, Йемен 22 пайызын, Ливия 43 пайызын, Мысыр 14 пайызын Украинадан импорттайды. Және үшінші дүние елдерінің 14 мемлекеті Украинаның астығына 10 пайыздан астам тәуелді. Бұдан өзге, Малайзия қажетті астықтың 28 пайызын, Индонезия 28 пайызын және Бангладеш 21 пайызын Украинадан импорттайды. Осыған қарап-ақ биылдан бастап астық бағасының шарықтайтыны көрініп тұр. Бұл әлемнің астық базаларының бірі болған Қазақстан сияқты мемлекеттердің ауылшаруашылық өндірісін өркендетуге зор серпін береді. Міне, бұл – біздің елімізге келтірер бірінші тиімділігі.

Екінші, соғыстың ұзаққа созылуы әлемде металл рудаларына деген сұранысты арттырады. Яғни әскери өндіріске қажетті шикізаттың бағасы өседі. Әскери өнеркәсіпке қажетті шикізаттар – мыс, темір, алюминий және басқа да металл кендері. Соғыс жағдайында әлемде осы кен өнімдерін өндірушілердің активі артады. Ірі әскери державалар өз қауіпсіздігіне бола жоғарыда аталған стратегиялық қазба байлықтарды таласа-тармаса сатып алатын болады. Бұл түсті металл кендеріне бай Қазақстан экономикасының өрлеуіне мұрындық.

Үшінші, Қазақстанның транзиттік әлеуеті арта түседі. Ресейдің Украинаға деген агрессиясына байланысты АҚШ бастаған Батыс елдері түрлі шектеу қойды. Соның ішінде транспорттық шектеулер – салынған санкцияның маңызды бір бөлігі. Бұл транспорттық шектеу тек Ресейге ғана ықпал етіп жатқан жоқ. Ресеймен сауда жасайтын барлық мемлекеттерге ықпал етіп отыр. Мұндайда басқа елдердің Ресеймен ең ұзын шекарасы, Еуразияның кіндігіндегі ұлан-ғайыр территориясы бар Қазақстанды айналып өтуі мүмкін емес. Бұл да еліміз үшін аса жоғары мүмкіндік.

Жалпы алғанда, Ресей мен Украина соғысы жақын мезгілде кім-кімді болса да оңдыртпайды. Сол үшін еліміз, мейлі экономикалық жақтан болсын, мейлі саяси жақтан болсын, қырағылық танытып, халықпен жұдырықтай жұмылып, бұл дағдарыстан аман шығуға ұмтылуы шарт.

 Ербосын НҰРМҰХАН, экономист

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды