Сәния АБДРАХМАНОВА: ҚАН ДОНОРЫ БОЛУ – АҒЗАҒА ПАЙДАЛЫ

0 298

Жер шарының әр үшінші тұрғыны өмірінде бір рет донор қанға мұқтаж болады екен. Орта есеппен күніне 300 адамға шұғыл түрде қан құйылады. Жалпы, әлемнің көптеген елдері қан донорлығына зәру. Қуаныштысы сол, Қазақстанда ондай тапшылық жоқ. Еліміздің қан қызметі мен оның даму тарихы мен алдағы жоспарлары жөнінде Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы директорының бірінші орынбасары Сәния Абдрахмановамен әңгімелескен едік.

abdrahmanova-s-a

 ҮЗДІК БЕСТІКТІҢ ҚАТАРЫНДА

– Сәния Әлішқызы, қазіргі Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы алғашында Қан орталығы болып құрылғаны белгілі. Оның атауының қайта өзгеруіне не себеп?
– Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары еліміздің барлық әлеуметтік-экономикалық саласына жаңа міндеттер жүктеп, тың серпілістер әкелгені белгілі. Өзге салалар секілді кезіндегі Қан орталығының қызметін де қазіргі заман талабына сай жүйелеп, өрісін кеңейтіп, жан-жақты дамыту қажеттілігі туындады. Осыған Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2008-2010 жылдары қан қызметі саласын түбегейлі реформалау бағдарламасы қабылданды. Аз уақыттың ішінде бұрынғы үлкенді-кішілі 200-ден аса қан қабылдау пунктінің орнына 10 облыс орталығында заманауи құралдармен жабдықталған 10 қан орталығы бой көтерді. Бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан басқа да қан орталықтары қайта жаңғыртылып, бәрі де заманауи деңгейге көтерілді. Міне, осы орталықтарға бас-көз болып, жұмысын үйлестіру, қолданбалы зерттеулер жүргізу Астанадағы Қан орталығына жүктеліп, біздің мекеме Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы болып қайта құрылды. Бүгінде орталығымыз шетелдік сарапшылардың дерегі бойынша ТМД елдері ішінде ең үздік бес орталықтың біріне айналып отыр.
– Трансфузиология ғылыми-өн­дірістік орталығының негізгі ат­қа­ратын міндеттері мен кәсі­би мамандары жөнінде айта кетсеңіз?
– Біздің орталық ғылыми-қолданбалы зерттеумен айналысады. Яғни, қазақстандық қан қызметінің жұмысын толығымен дерлік бақылап отырамыз. Қан қызметін дамыту жоғары технологияларды қажет етеді. Сонымен қатар, зертханалық зерттеулердің нәтижелерін нақтылап, белгілі бір статистикалық қорытынды жасаймыз. Мысалы, зерттеулердің талдау нәтижелері бойынша үнемі қан тапсыратын донорлардың денсаулығын қадағалап отырамыз. Ал мамандарымызға келсек, барлығы да өз саласын шебер меңгерген кәсіби жандар. Трансфузиология мамандары АҚШ және Еуропаның жетекші қан орталықтарында білімін жетілдіріп тұрады. Бес жыл ішінде 900-ден аса адам өзінің біліктілігін жоғарылату курсынан өтті.
– Жағдайы ауыр науқастарға қан құйып жатады. Осы құйы­лып жатқан қанның сапасына қаншалықты сенуге болады?
– Қазіргі уақытта қанның сапасына талдау жасау өте жоғары деңгейде жүргізіледі. Сондықтан күмәнданбауыңызға болады. Біздің орталық сапаны бағалау халықаралық бағдарламасының бес бағытына қатысады. Өзіміз­дікін былай қойып, шетелден келетін диагностика жасау сұраныстарын да шешіп беріп отырамыз. Керісінше, өзіміздің мұрағаттардағы біз үшін референс болып табылатын қан үлгілерін шетел зертханаларына да жіберіп тұрамыз. Басты мақсат – қызметіміздің сапасына халықаралық деңгейде сенімді болу. Себебі қанның қауіпсіздігі мен сапасы – донор қанға мұқтаж болып отырған әрбір пациенттің өмірі. Сондықтан қан компоненттерінің қауіпсіздігіне толығымен сенуге болады деп нақты айта аламын.

АСТАНАЛЫҚТАРДЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ ЖОҒАРЫ

– Орталықтарыңызға күніне қанша адам өз еркімен келіп, донор болуға қан тапсырады? Оның ішінде астаналықтардың белсенділігі мен үлесі қандай?
– Жалпы алғанда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған донорлықты дамыту көрсеткіші бойынша 1000 адамға шаққанда донор 25 болуы қажет. Ал бүгінгі күні Астана қаласында 1000 адамға шаққанда 54 көрсеткіш тіркелген. Бұл дегеніңіз – жылына 280 мың донор деген сөз. Өткен 2015 жылы Қазақстан бойынша 254 536 донация болса, оның 36 351-і Астана қаласындағы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығында тіркелген. Бір қуаныштысы, бұл көрсеткіш жылдан жылға өсіп келеді. Үстіміздегі жылдың 9 айында Астана бойынша 22 000-ға жуық адам ерікті түрде өтеусіз қан тапсырды.
Трансфузиология орталығында күніне орта есеппен 80-100-ге жуық адам аралығында қан тапсырып отырады, олардың басым көпшілігі – өтеусіз қан тапсыратындар. Ендігі бір мақсатымыз – өскелең ұрпақтың санасына қан доноры болу қағидатын сіңіру. Себебі қан доноры болу – көптеген адамның өмірін сақтап қалу деген сөз. Бұл – са­уапты іс. Астана қаласында жоғары мамандандырылған медициналық мекемелердің көптігіне байланысты мұнда күрделі оталар көп жасалады. Соған сай елордада қан компоненттеріне деген сұраныс та жоғары. Алайда астаналықтардың қан доноры болуға деген белсенділігі қанға деген сұранысты білдіртпей отыр.

 ТҰРАҚТЫ ҚАН ТАПСЫРАТЫНДАР ҰЗАҚ ӨМІР СҮРЕДІ

– Жалпы, донор болып, қан тапсырып тұрудың пайдасы қандай? Адам қанша уақытта қанды қайталап тапсырып тұрғаны дұрыс?
– Қан тапсырып тұрудың адам ағзасына пайдасы мол. Қанды белсенді тапсыратын донорлар жүрек-қан тамырлары ауруымен сирек ауырады жəне қан кету – олар үшін қауіпті жағдай емес. Қан алынған сайын адам бойындағы қаны жаңарып отырады, қан айналу процесі жақсарады. Бұл өз кезегінде көптеген аурулардың ал­дын алады. Мысалы, тұрақты қан тапсырып тұратын адамдар тап­сырмайтындарға қарағанда 5 жыл­ға артық өмір сүретіні ғылыми түрде дәлелденген. Ал бір рет қан тапсырған донор орта есеппен үш адамның өмірін құтқарады.
Әрбір дені сау адам донор бола алады, олар үшін орта есеппен қанның құрамдас бөліктері тромбоциттер мен плазма тапсыру арасы 14 күннен кем болмауы керек, ал толық қан доноры болғанда 60 күнде бір рет тапсырып тұру керек.
– Сіздерге өтеусіз қан тапсыратындарға қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба?
– Қан доноры болған адамға заң жүзінде еңбекақысы сақталатын екі күндік демалыс беріледі. Бұған қоса, қан тапсырған әрбір азамат тек донор болып қана қоймай, өзінде қандай аурулар барын біле алады. Бұлай дейтініміз, қан тапсыруға келген адам бірінші тиянақты тексеруден өтеді, яғни оның қанының құрамын анықтап аламыз. Тестілеу сараптамасында гепатит С, В, АИТВ және мерез, тағы басқа да инфекцияларды анықтау қарастырылған. Әрине, мұның барлығы тегін жүргізіледі. Егер қан тапсырушы адамның денсаулығынан қандай да бір кәнарат табылса, онда трансфузиолог-дәрігер оған кеңес беріп, қандай маманға қаралу керектігі туралы айтып береді.
– Қан орталықтарында ақылы донорлар болады дегенді естідік. Бұл қандай донорлар? Оларға қанша өтемақы төленеді?
– Ақылы түрде үнемі қан тапсыратын донорлар дегеніміз – біздің орталықтың тіркеу базасында тұрған, қан тобы сирек кездесетін адамдар. Олар туралы ақпарат дерек базасында құпия сақталады. Оларды керек кезінде шақыртып, қан алып отырамыз. Қан тапсыру кезінде оларға құрғақ жеңіл тамақ немесе донордың қалауына қарай төленетін қаражат ең төменгі көрсеткіш деңгейімен есептеліп беріледі.
– Қан доноры болу үшін қан­дай аурулармен ауырмау керек? Гепатит, туберкулез сияқты жұқпамен ауырғандар қан тапсыра алмайды деп естідік…
– Қан компоненттерімен қамтамасыз етуде тәуекелге баруға болмайды. Себебі біз мұқтаж адамға қауіпті жұқпасы бар қан құйсақ, оның денсаулығына, тіпті өміріне де қатер төндіреміз. Ал жастайынан туберкулезбен, гепатитпен ауырғандар қан доноры бола алмайды. Бұрын ауырғандар да вирусты тасымалдағыш болып саналады. Егер қан құрамында вирустың бары анықталған жағдайда, алынған қан жарамсыз болып есептеледі. Сонымен қатар, жүрек-қан тамырлары, эндокриндік жүйе, бронх демікпесі, басқа да сырқаты бар адамдарға қан доноры болу – қауіпті.

Әңгімелескен:  

Қымбат Тоқтамұрат

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen + 14 =