Санитарлық- эпидемиологиялық салаға реформа керек

0 114

Қазір кез келген саланы пандемияға де­йінгі және пандемиядан кейінгі деп бөліп қарастыратын болдық. Бұл өзгеріс ең бірінші кезекте денсаулық сақтау саласына қатысты болғаны сөзсіз. Сонымен, медицина мамандарына құрметті арттырып, салаға дүмпу әкелген пандемиядан кейінгі денсаулық сақтау қызметінде не өзгереді?Төтенше жағдай кезінде екі аптада елордада салынған модульді жұқпалы аурулар ауруханасын көруге барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жүйесін реформалау мәселесіне тоқталған еді.
– Расында, соңғы жылдары кейбір объективті жағдайларға байланысты санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жүйесін өз деңгейінде ұстап, дамытуға лайықты көңіл бөлінбей келді. Біз енді Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысын қайта қарастыратын боламыз. Сәйкесінше реформалар жүргізіледі. Әсіресе, бас санитар дәрігер өкілеттігі күшейтіледі, – деп мәлімдеген еді Президент.
Ал жалпы пандемиядан кейінгі дейтіндей, әлі вирустың таралуы тоқтаған жоқ. Осы аптада брифинг өткізген ҚР мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова әлемде дертке шалдығу жағдайы әлі де тұрақсыз екенін жеткізді. Ауырғандар саны өсіп отыр. Бүгінгі таңда жер бетінде 5 млн-ға жуық адам коронавируспен ауырып, соның 324 мыңы қайтыс болды. Ал Қазақстанда 6669 ауру жұқтыру жағдайы тіркелді. Бір қуанарлығы, солардың тең жартысы емделіп шыққан. Соңғы тәулікте елде 218 жаңа жағдай тіркелді.– Өсім 15 пайызды құрап отыр. Бұған тестілеу көлемінің арттырылғандығы да себеп. Дертке шалдыққан ең бірінші адамды тіркегелі бері осы күнге де­йін 559 мың тест жүргізіліпті. Наурыз ­айына қарағанда тәуліктік тест жүргізу 6000-нан 23 мыңға дейін артты. Бұл ауру белгісі болуы мүмкін адамдар арасында скрининг жүргізу арқылы науқастарды белсенді түрде анықтауға мүмкіндік берді. Өсімнің екінші себебі – жабық ұжымдардағы, яғни вахталық кәсіпорындардағы жағдай. Үшінші себеп – өздері келіп тексерушілердің көбеюі. Аурудың таралу өсімін талдау нәтижесінде оны таратудың екі жолы анықталды. Оның біріншісі – тиісті сақтық шараларын дұрыс сақтамайтын еңбек ұжымдарындағы жұқтырулар. Екіншісі – адамдар көп бас қосатын жерлерде, яғни қонаққа барғанда, ауыз­ашарда, тағы басқа кездесулерде сақтану шараларына немқұрайлы қарау, – дейді бас санитарлық дәрігер.
Дегенмен коронавирус медицина саласына біраз өзгеріс әкелді. Әлі әлемде толық емі табылмаған ауруды анықтау, тестілеу, емдеу сала мамандарына тосын жағдай болса да, ақ халатты абзал жандардың күні-түні жасаған қызметтері мен қатаң карантиндік шаралардың арқасында эпидемиологиялық ахуал толық бақылауға алынды. Қазақстанда коронавирус инфекциясына байланыс­ты 2 модульді аурухана салынды. Олар – Нұр-Сұлтан, Алматыда қалаларында. Ал Шымкенттегі үшіншісінің әлі де құрылысы жүргізілуде. Қазір елімізде 5 мыңнан астам кереует бар. Соның 58 пайызы ғана бос емес. Қалғандары аталған ауруға шалдыққандарды қабылдау­ға жеткілікті. Пандемиядан кейін модульді ауруханаларда түрлі инфекциялық ауруларға шалдыққан нау­қастар ем алатын болады. Емдеу орындары бұл ретте барлық қажетті диагностикалық және зертханалық жабдықтармен жарақтандырылған.

Шұғыл шаралар мен шектеулер

Жылдың басында Қытайдағы эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты Қазақстанда инфекция таралуының алдын алу мақсатында республикалық штаб құрылды. Оның облыстарда, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының Денсаулық сақтау басқармаларында өңірлік штабтары ашылды. Олар коронавирустық инфекциясы таралуының алдын алу жөніндегі профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жоспарын бекітті. Ел аумағында шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантинді жүзеге асыру қағидалары «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес әзірленді. Шектеулер ҚР және аумақтық көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігері немесе оның орынбасарларының шешімімен енгізілді.

СҮБЕЛІ СӨЗ

Грег ГРОШ, «The Washington Times» газетінің сарапшысы:

Қазақстан вируспен күрес бойынша Орта Азия аймағында көш бастап тұр. Бұл тәжірибе – өзгелерге үлгі боларлық антипандемиялық модель!
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аурудың алдын алу үшін және Қазақстан экономикасын қолдау үшін табанды еңбек етті. Екіжақты қолдау көп күттірмей өз нәтижесін берді. Қазақстанда COVID-19 пандемия­сы әлемнің басқа елдеріндегідей геометриялық прогрессияда өсіп жатқан жоқ. Бұл әрекетті Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен басқа да халықаралық сарапшылар оң бағалады.

Әрбір кезеңге – өзіндік тактика

Қазақстандық дәрігерлер COVID-19 вирусымен күрес кезінде емдеуге халықаралық хаттамалар мен технологияларды қолданып отыр. Атап айтқанда, Денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы, COVID-19 вирусымен нәтижелі күрескен Қытай, Оңтүстік Корея елдерінің технологиясына сүйенуде. Сонымен қатар олар эпидемияның бірнеше кезеңдерден тұрғанын айтады. Мәселен, қаңтар айында басқаша шешімдер қабылдаса, ақпан айында мүлдем бөлек бағытта жұмыс істелген. Бұл тактика вирустың әлемде және Қазақстанда таралу қарқынына тікелей тәуелді.

Жағымды жаңалық

Мамандар өткен аптада осы індет бойынша бірінші болып ЭКМО аппаратына қосылған науқас емделіп шыққанын қуана хабарлады. Ұлттық ғылыми кардио­хирургия орталығының мәліметінше, бұл оқиға Рес­публикалық қарқынды терапия орталығы дәрігерлері мен төтенше жағдай кезеңіне құрылған сарапшылық топтың жемісті әрі бірлескен жұмысының нәтижесі болып отыр. Сарапшылық топ коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастарға қарқынды терапия көрсету үшін құрылған болатын. Сарапшылық топтың негізгі мақсаты – еліміздегі медициналық ұйымдарда
COVID-19 жұқтырған ауыр жағдайдағы барлық адамдарды емдеу әрі диагностикалық көмек көрсету тәсілін үйлестіру мен қадағалау. Еліміздегі барлық науқастар сарапшылық топ пен Республикалық қарқынды терапия орталығы мамандарының тұрақты бақылауында болды. Күн сайын консилиум өткізіліп, содан кейін инфекция жұқтыр­ған науқастарды емдеуге ­қатыс­ты шешімдер жасалып отыр­ды.

Ұлжан
АЙТМАҒАНБЕТОВА, Көпсалалы медицина орталығының инфекциялық блогында ауа-тамшы бөлімшесінің медбикесі:

– Коронавируспен күрес жүргізу үшін бірнеше әріптесіммен бірге қалалық Фтизиопульмонологиялық орталықта ашылған инфекциялық изоляторға жұмысқа келдім. Мұндағы жұмыс басқаша. Дүние жүзіне таралған коронавирус індеті өте қауіпті. Аса қауіпті жағдайда жұмыс істейтін медицина мамандары болғандықтан, күн сайын ауыр науқастардың жағдайын көріп отырмыз. Сондықтан бізге жүктелген жауапкершілік жоғары. Эпидемиологиялық талаптарды өте қатаң сақтау керек. Отбасым, 4 балам бар. Оларды карантин басталғалы көрмедік. Қазір қонақүйде тұрып жатырмыз. Президенттің пәрменімен 850 мың теңге сыйақы алдық. Бізді елеп, ескеріп, қолдап жатқан Үкіметке рақмет!

Мамандар қызметіне марапат

Медицина персоналына өз бетінше тестілеуге рұқсат етіледі. Биомате­риалдың сынамасын алуды оқытылған медицина қызметкері жеке қорғаныш құралдарын – медициналық маска, қалпақшалар, бір рет қолданатын қолғаптар, қажет болған жағдайда бетті қорғауға арналған экрандар немесе көзілдірік, таза, бір рет қолданылатын, ылғалға төзімді халат пайдалана отырып жүзеге асырады.
Осындай жауапты кезеңде қызметіне адалдығының арқасында ең қауіпті аймақтарда еңбек етіп жатқан медицина қызметкерлерінің қадірі бар әлемде арта түсті. Олардың еңбегін бағалаған Қазақстан Үкіметі де наурыз айында 17425 медицина қызметкеріне 3371 миллион теңге қосымша ақы төледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − three =