«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сандық технология шекара таңдамайды

0 465

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Алматыда өткен алқалы жиынға ЕЭО-ға мүше елдердің (Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей) премьерлері қатысып, ақпараттық жүйелерді интеграциялау мәселелерін талқылады. Бес елдің үкімет жетекшілері цифрландыруды енгізудегі өз жетістіктерімен де бөлісті.

 СОҢҒЫ ВАГОНҒА СЕКІРІП МІНДІК

Қазақстан Үкіметінің басшысы Бақытжан Сағынтаев технологияларды енгізу үдерісін жүріп бара жатқан пойызға теңеді. «Меніңше, біз цифрландыру деген пойыздың соңғы вагонына секіріп міндік. Сөйт­сек, біздің әріптестеріміз де сол вагонда екен. Демек, бәріміз бірге жылжып барамыз» деп қалжыңмен мысал келтірді ол. Айтарлығы, цифрландырудан біз де құр қалмаппыз. Үкімет жетекшісі мемлекеттік қызмет­тердің 80 пайызға жуығы электрондық нұсқамен беріліп, 2020 жылға қарай еліміздегі барлық елді-мекендер кең жолақты жаһантормен қамтамасыз еті­летінін хабарлады. Бүгінге де­йін 7 000 елді-мекенге жаһантор тартылыпты.
«Бұл жерде кадр мәселесін түпкілікті шешу керек. Сандық технологияға көшу сәнге айналуы тиіс. Ол үшін математиктер мен IT-мамандарды мектеп қабырғасынан дайындауға кірісуіміз керек. ЭКСПО-ның базасында IT-хаб құрдық, жарты жылдан кейін оны іске қосамыз. Таланттарды күллі дүние жүзінен тартамыз. Таланттарға таласамыз, өйткен себебі олар мол табыс әкеледі» деді Бақытжан Сағынтаев форумда. Ол сондай-ақ, кибер кеңістіктегі қауіпсіздікті де естен шығармай, ЕЭО-ның шеңберінде ортақ қорғаныс жүйесін құруды ұсынды.
Ресей Үкіметінің басшысы Дмитрий Медведев «Жаһандану дәуіріндегі цифрландыру» атты форумда Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕЭО) ортақ сандық кеңістігін құру қажеттігін мәлім етті. «Жеке және заңды тұлғалардың жұмысын жеңілдету үшін ЕЭО-ның цифрлық жүйесін қалыптастырғанымыз абзал» деді ол.
Беларусь премьері Андрей Кобяков цифрландыру мәселесінде одақтағы елдердің бірігуін қолдай отырып, инновацияларға арналған экожүйенің қалыптасуына аса қолайлы жағдай туғызуға үндеді. «ЕЭО-ны дамыту бағдарламасының нақты іс-шаралар жоспарын жасап, оны жүзеге асыруға білек сыбанып кіріскен жөн» деді ол. Ал Қырғыз­станда мемлекеттік мекемелер, жеке меншік компаниялар биометрикалық жүйеге біріктірілген. Қырғыз Үкіметінің басшысы Сапар Исақов өз сө­зінде қырғыз­дардың 80 пайызы мемлекеттік қызметтерді биометриканың көмегімен тұтынатынын мәлімдеді. Сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету мақсатымен Қырғыз­стан мемлекеттік сатып алуда криптоақша жүйесін енгізуді жоспарлап отырғаны да мәлім болды.

КРИПТОАҚШАҒА КҮМӘН КӨП

Атап айтарлығы, Дмитрий Медведев «цифрландыруға тездетіп көшуге елдер арасындағы үлкен теңсіздік кедергі келтіреді» деген пікір білдірді. Ол «Үлкен сегіздік» мәжілістері кезінде сандық теңсіздік мәселесі көтеріліп, қыруар іс тындырылғанымен, «баяғы жартас сол жартас» күйінде қалғанын еске түсірді. Оның ойынша, іс оңға басуы үшін сандық теңсіздік мәселесі толық шешілуі керек. «Сандық жүйеге көшкеннен кейін шекаралар ашық қалады. Алайда біз жаңа құбылыстарға тез бейімделіп кете аламыз ба? Мысалы, Амазон, Алибаба деген жүйелер тұтынушылар туралы ақпаратты түгел жинап, оны одан әрі пайдаланады. Біз сондықтан жылдам қозғалуымыз қажет. Бізге жұмыс күші, тауар ағыны нарықтарын біріктіріп, ортақ инфрақұрылым құратын кез келді. Бұл жарыста өте сенімді және ашық тәртіп жүйе­сін құрғандар озады» деді Ресей Үкімет басшысы.
«Қазір әлемде криптоактивтер мен оларды қолдану жөнінде қызу пікірталас жүріп жатыр. Бұған менің күмәнмен қарайтыным рас. Алдағы уақытта олардың жойылып кетуі әбден мүмкін» деді Дмитрий Медведев.
Түптеп келгенде, Ресей Үкі­метінің басшысы ЕЭО елдерінің сандық бағытта бірлесіп дамуының үш элементін атап айтты. Біріншіден, ол мәліметтер алмасу. Дәлірек айтсақ, нормативтік-анықтамалық ақпараттарды жекеменшік компаниялар арасындағы заңдық хаттамаларды алмасуға пайдалануға болады. Екіншісі – ортақ электрондық сенім кеңістігі. Тіркеу, жүйелеу және сандық мұрағат қызметтерін біріктіретін бұл кеңістікте блокчейн технологияларын пайдалануға болады. Мысалы, бір елдің азаматына қажетті анықтаманы екінші ел сандық форматпен жібере алады. Үшіншісі – мемлекеттер арасындағы тауар тасымалын бақылауды жеңілдетуге мүмкіндік беретін геоақпараттық жүйе.

      P.S:   Технологиялар текетіресі күшейіп келеді. Интеграцияны ілгерілету үшін бірлескен қарекет қажет. Одаққа мүше бестіктің Үкімет басшылары алқалы басқосудан осындай ой түйіп, тарқасты.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды